16 қаңтарда Қарағанды облысы Шахтинск қаласының сотында 2022 жылы Ленин шахтасында болған жарылыс бойынша негізгі сот процесі басталды. Апаттан бес кенші қаза тапты, төрт адам қатты жараланып, кейбіреуі мүгедек болып қалған. Бүгін, 16 қаңтарда прокурорлар айыптау актісін оқыды.
Айыпталушылар — Ленин шахтасының диспетчерден бас инженерге дейінгі төрт қызметкері. Оларға "Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу" бабы бойынша айып тағылды.
Тергеу мен айыптау мәліметіне қарағанда, айыпталушылар шахтада метан құрамының артқанын біле тұра кеншілерді жұмысқа жіберген. Айыптау актісіне сәйкес, бірнеше күн бойы шахтада метанның шамадан асып кеткені тіркелген, бірақ газдан тазарту жұмысын жүргізбеген. Тергеу ақпаратынша, бұл жайлы жоғарыдағы басшылар — "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының көмір департаментіне хабарланбаған. Газ тарап жатқанына қарамастан, кеншілерді аса қауіпті өндіріс аймағына жіберген. Айыптау актісіне қарағанда, кей айыпталушы лауазым бойынша нұсқаулыққа сәйкес, шахтадағы жұмысты тоқтатуға құқығы бар болғанымен, олай жасамаған.
Айыпталушылар бұл айыпты мойындамады және онымен келіспейтінін айтты. Олар журналистерден өздерін фото және видеоға түсірмеуді сұрады.
Марқұмдардың туыстары сотқа тек төрт адам тартылып жатқанына наразы. Олар шахта басшыларын, көмір департаменті жетекшілерін және компанияның басында отырғандарды да сотқа тартуды талап етеді.
Бұған дейін мемлекеттік комиссия бұл апатқа 23 адам жауапты деп атаған. Олардың қатарында АМТ-ның сол кездегі бас директоры Биджу Наир, көмір департаментінің басшысы Джелсон Батиста болған. Бірақ қылмыстық істе тек төрт адам ғана айыпты деп танылған.
2022 жылы қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин шахтасындағы жарылыстан 42 жастағы Андрей Санжаров, 38 жастағы Денис Инкин, 29 жастағы Арман Кашкей, 31 жастағы Дмитрий Бойченко, 24 жастағы Марғұлан Ынтыбеков қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін билік аяқ астынан болған жарылыстан кеншілер өзін-өзі құтқару құралдарын қосып үлгермеген деп мәлімдеді. 2006 жылы аталған шахтада 41 шахтер қаза тапқан.
Бұл — кейінгі жылдары бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау" — қазіргі "Қармет" шахталарындағы кеншілер өліміне байланысты сотқа жеткен жалғыз қылмыстық іс (былтыр желтоқсанда металлургия комбинатындағы жұмысшылар өліміне себеп болған оқиғаға байланысты сот шешімі шықты). 2023 жылы желтоқсанда АМТ шахталары мен металлургия комбинатының иесі ауысып, кен орындарына қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев инвестор болып келді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"АрселорМиттал" шахталарындағы апат: Бір іс бойынша сот үкімі шықты, тағы бір іс сотта"АрселорМиттал Теміртау" қазақстандық кәсіпкерге қалай өтті?Костенко шахтасындағы апат: комиссия апат себебін айтты, 7 адам тұтқындалды