Accessibility links

Костенко шахтасындағы апат: комиссия апат себебін айтты, 7 адам тұтқындалды


Костенко атындағы шахта.
Костенко атындағы шахта.

Қарағанды облысы Костенко шахтасында 46 адамның өмірін қиған апатты зерттеген үкімет комиссиясы апаттың неден болғанын хабарлады. Апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі, жұмысшылардың еш кінәсі жоқ, деп мәлімдеді комиссия мүшелері. Биліктің айтуынша, еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жауапты 19 адам анықталған. Олардың қызметі айтылмайды.

Ресми мәлімет бойынша, механикалық ұшқынның салдарынан газ өртенгеннен кейін ірі өрт шығып, соңы жарылысқа ұласқан. Комиссия өкілдерінің айтуынша, ұшқын қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған, ал газ астыңғы қабатта бөлінген.

Комиссия өнеркәсіп қауіпсіздігі мен талаптарының бұзылғаны туралы қысқа қайырды. Биліктің хабарлауынша, комиссия анықтаған жайттар тергеу органдарына берілген. Үкімет комиссиясының қорытынды отырысына журналистер қатыстырылмады. Оларға кейін баспасөз хабарламасы жіберілетіні айтылды.

Сенбі күні бас прокуратура "көмір өндіру кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамады" деген күдікпен жеті адам ұсталғанын хабарлады. Олар Қарағандыдағы изоляторға қамалған. Іс "Тау-кен істерін жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бап, 3-бөлігі) бойынша қаралды.

"Тергеу аясында шахтадағы қауіпсіздікті тиісті дәрежеде қамтамасыз етпеген "АрселорМиттал Теміртау" АҚ лауазымды тұлғалары мен төтенше жағдай министрлігінің өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің жұмысына құқықтық баға беріледі" деді бас прокуратура 9 желтоқсанда.

28 қазанға қараған түні Қарағанды маңындағы Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 шахтер қаза болған. Ондаған адам зардап шеккен. Қайғылы оқиғадан соң Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы шахталар мен кен орындарын "АрселлорМиттал Теміртаудан" қайтарып алатынын мәлімдеген. Ардагер кеншілер мен қарағандылық қоғам белсенділері компания шахталарда қауіпсіздік шараларынан ақша үнемдейді, өйткені пайданы ғана көздеген жұмысберуші жерасты құрылғыларының жағдайын, кеншілерге түсетін жүктемені ойламайды, ал тексеруші органдар заңсыздықтарға көз жұма қарайды деп бірнеше рет дабыл қаққан. АМТ тек кейде жиілеген апаттарға алаңдаушылық білдіріп, кәсіпорын еңбек қауіпсіздігін жақсаруға күш салады деумен шектеліп келген. 29 жыл ішінде Қазақстанда АТМ шахталары мен нысандарында 200-ден астам адам қаза болған.

28 қазан күнгі қайғылы оқиғадан кейін Астана "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық келісімді бұзатынын хабарлаған.

8 желтоқсанда билік "АрселорМиттал Теміртаудың" жаңа инвесторының аты-жөнін атады. Компанияның активтері – Қарағанды облысындағы шахталар мен металлургия комбинаттары, сонымен бірге Ақтаудағы құбыр зауыты қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьевке өтетіні айтылды. Лаврентьевтің компанияларының бұл салада тәжірибесі жоқ.

"АрселорМиттал Теміртау" активтері 286 млн долларға сатып алынды, деп хабарлады Қазақстан үкіметі. Министрлер кабинеті активтер не себепті Лаврентьевке берілгенін және тағы қандай инвесторлар кәсіпорынға қызығушылық білдіргенін айтпады.

XS
SM
MD
LG