Accessibility links

"АрселорМиттал" шахталарындағы апат: Бір іс бойынша сот үкімі шықты, тағы бір іс сотта


Теміртаудағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында (қазір басшысы ауысып, Qarmet деп аталады) 2022 жылы 10 маусымда төрт жұмысының өліміне себеп болған оқиғаға байланысты сот шешімі шықты. 25 желтоқсанда сот алты адамды екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айырды. Бұл – АМТ компаниясындағы апат бойынша сотқа жеткен санаулы істің бірі.

2022 жылы 10 маусымда АМТ-ға тиесілі металлургия комбинатының бірінде пеш опырылып құлап, жұмысшылар Бауыржан Қыдырханов, Жәнібек Абдірәсілов, Александр Мельник және Сергей Дусаев қаза тапқан. Ал Николай Уржумов ауыр жараланған. Мемлекеттік комиссия АМТ мен оған тиесілі "ҚұрылысМет" жұмысшылар қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген деп шешкен. Бұл оқиғадан соң алты адамға айып тағылған.

"ҚұрылысМет" бас директоры Андрей Черномаз төрт жылға сотталды. Оған Қылмыстық кодекстегі "Міндетіне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған.

Ал "ҚұрылысМеттің" техникалық қызметкерлері Олег Лосев, Александр Эрштейн, АМТ қызметкерлері Сергей Кашкаров үш жылға сотталды. Ал цех бөлімшесі бастығының міндетін атқарушысы Игор Смирнов екі жыл бір айға, цех басшысы Дастан Зияшев екі жыл 16 күнге бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушілерді моралдық шығын бойынша талабын азаматтық істер бойынша сот қарамақ. Адвокаттар соттан айыпталушыларды ақтауды сұрады. Ал айыпталғандардың жақындары апатқа нағыз кінәлілер жазадан құтылып кетті деген.

2022 жылы қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан Арман Кашкей, Андрей Санжаров, Денис Инкин, Дмитрий Бойченко мен Марғұлан Ынтыбековтің қазасына байланысты қылмыстық іс сотқа берілді. Мемлекеттік комиссия бұл апатқа 23 адам жауапты деп атаған. Олардың қатарында АМТ-ның сол кездегі бас директоры Биджу Наир, көмір департаментінің басшысы Джелсон Батиста болған. Бірақ қылмыстық істе тек төрт адам ғана айыпты деп танылған. Сотқа тартылып жатқандар – диспетчер, бас инженер сияқты қатардағы қызметкерлері.

Марқұмдардың туыстары сотқа тек төрт адам тартылып жатқанына наразы. Олар шахта басшыларын, көмір департаментінің жетекшілерін және компанияның басында отырғандарды да жауапқа тартуды талап етіп, прокуратура табалдырығын тоздырып жүр.

— Неге төрт адам ғана жауапқа тартылып жатыр? Миттал кеткен шығар, бірақ Наир мен Батиста жауап беруі керек қой, бірақ олар елден шығып кеткен. Прокуратурадан хабарласып, маған шу көтермесін депті. Басқа қандай амал бар? Бір жылдан асты, күресіп жүрмін. Кінәлілер жауапқа тартылмаса, мұндай қайғылы жайттар бола береді, - деді Ленин шахтасында қаза болған жұмысшының анасы Галина Инкина.

Бұған дейін полиция Абай шахтасында алты адам қаза тапқан апатқа байланысты істі жапқан. Қазір "Қазақстан" және Костенко атындағы шахтадағы апатқа байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Марқұмдардың жақындары істі әділ тергеп, сотқа дейін жеткізуді талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG