Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған Швейцариядағы халықаралық конференцияға қатысатынын 90-ға жуық ел мен халықаралық ұйым өкілдері растады. Мұны Швейцария президенті Виола Амхерд хабарлады. Айтуынша, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде.
Бұған дейін Украина президентінің кеңсесі 100-ден астам қатысушы келісім берді деп мәлімдеген.
Конференция 15-16 маусымда өткелі отыр. Украина бастамасы Швейцариямен келісімге сай жүзеге асырылмақ. "Бейбітшілік саммитіне" 160-қа жуық мемлекет пен ұйым шақырылған. Жартысына жуығы саммитке қатысатынын әлі растаған жоқ. Швейцария президенті мұны сәтсіздік деп санамайтынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Киев шақырған саммитке қатысу мәселесін әлі қарастырып жатырАмхерд Ресей кездесуге шақырылмаса да, саммитте Мәскеуді бейбіт процеске қалай тарту керек екені талқыланады деді. Бұған дейін Украина өкілдері әлемнің көптеген елі, соның ішінде бейтарап мемлекеттер бірыңғай келіссөздер ұстанымын мақұлдаса, бұл шындыққа айналуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Киев Ресей әскерін Украина аумағынан толық шығаруды көздейтін бейбітшілік формуласын ұсынып жатыр. Мәскеу Украинадан әскерін шығаруды талқылауға ниеті жоғын айтқан.
Бірқатар ел конференцияға қатысатынын растады. АҚШ атынан вице-президент Камала Харрис барады. Кездесуге қатысудан бас тартқан елдер қатарында Қытай, сондай-ақ Орталық Азия елдері бар. "Жаһандық Оңтүстік" елдері атынан кеңесшілер немесе елшілер бармақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинаның "бейбітшілік саммитіне" АҚШ атынан вице-президент Харрис барадыReuters хабарлауынша, Швейцария билігі конференция қарсаңында кибершабуылдар жиілегенін тіркеген. Шабуылды кім жасағаны белгісіз.
Швейцария Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Мәскеуге қарсы санкцияларға қосылған. Бұдан бөлек, ел билігі Ресей кез келген жағдайда келіссөздерге қатысуы керек дейді. Швейцарияның өзінде конференцияға Ресей қатыспайтынына байланысты саяси пікірталас жүріп жатыр. Елдің ең ірі саяси күші – Швейцария халық партиясы саммитті қазіргідей форматта өткізуді сынаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Reuters: Қытай Швейцариядағы "бейбітшілік саммитіне" қатыспайды