Қытай биыл маусымда Швейцарияда өткелі отырған Украинадағы соғысты тоқтату мәселесіне арналған конференцияға өз өкілдерін жібермейді. Бұл туралы Reuters агенттігі төрт дереккөзіне сүйеніп хабарлады. Оның алдында Украина президенті Владимир Зеленский желіде Қытай басшысы Си Цзиньпинді саммитке қатысуға шақырған еді. Киев оны конференция деп атайды.
Агенттік сұхбаттасқан адамдардың айтуынша, Пекиннің шешіміне оның қойған талаптары орындалмағаны әсер еткен. Олардың арасында саммитте "барлық тарап тең қатысып, барлық ұсыныс адал талқылану" үшін Ресей де, Украина да шақырылсын деген талап та бар. Бұған дейін мұндай талапты Қытай сыртқы істер министрлігі де айтқан еді.
Конференцияға Мәскеуді шақырмады, бірақ Швейцария қақтығысты реттеуге "Ресейдің процеске қатысуы жөн болатынына сенімді". Украина бұл процесті Мәскеудің бұзғанын қаламайды деді Владимир Зеленский. Араағайын елдер арқылы Ресей өкілдерін келесі кезеңге тартуды жоспарлап жатыр деген хабар бар. Ресей шақыру алған жағдайда да кездесуге қатыспайтынын мәлімдеді, Мәскеу Украинадан әскерін шығаруды талқылауға ниеті жоғын айтты.
Швейцария сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, саммитке 160-тан астам делегация шақырылған. "70-тен астам мемлекет бейбіт конференцияға қатысатынын растады, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде", – деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі АҚШ президенті Джо Байден сайлау науқанына қаражат жинау шарасына байланысты Украина бойынша кездесуге бара алмауы мүмкін деп жазған.
Өткен демалыста Украина президенті Владимир Зеленский Джо Байден мен Си Цзиньпинді "бейбітшілік саммитіне" қатысуға шақырған. Financial Times газеті Зеленскийдің кеңсесі Байден мен Цзиньпинге "қоғамдық қысымды күшейту" үшін Украина шенеуніктеріне тезистері бар нұсқау бергенін анықтады.
Украинадағы соғысты тоқтату жолдары талқыланатын конференция 15-16 маусымда Бюргенштокта (Швейцария) өтпек.
- 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастады. БҰҰ мәліметінше, екі жылда Украинада он мыңнан астам адам қаза тауып, жиырма мыңға жуық адам жараланған. БҰҰ Ресей әскерінің бейбіт тұрғындарды өлтіру, ұрлау, азаптау, қатыгездік көрсету іс-әрекеттеріне қатысты істерді құжатқа түсірген.
ПІКІРЛЕР