Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 15 маусымда "Бейбітшілік саммиті" басталатын Швейцарияның Бюргеншток қаласына барды. Бұл іс-шара Киевтің бастамасы бойынша өткізіледі.
Саммит басталар алдында Зеленский Швейцария президенті Виола Амхердпен келіссөз жүргізді. Швейцария сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис өз елі Киев пен Мәскеуге қақтығысты шешуге көмектеседі деп үміттенетінін айтты.
"Біз бұл оңай болмайтынын түсіне отырып, [жанжалды] реттеу процесін бастауға тырысамыз", – деді Кассис.
Саммит барысында бұрын Зеленский ұсынған Бейбітшілік формуласы талқыланады деп жоспарланған. Украина президентінің ұсынысы 10 тармақтан тұрады. Олардың арасында Ресей Украинаның 1991 жылы белгіленген жерінен әскерін түгелдей шығаруға, 2014 жылы аннексиялаған Қырым түбегін Украинаға қайтаруға және репарация төлеуге тиіс деп көрсетілген. Бұған дейін БАҚ жанжалға қатысушы екі тараптың тұтқын алмасуы, сондай-ақ энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі – саммит кезіндегі негізгі мәселелердің бірі болуы мүмкін деп хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Швейцарияда 100 ел мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен "Бейбітшілік саммиті" ашылады"Бейбітшілік саммитіне" АҚШ атынан қатысатын вице-президент Камала Харрис Вашингтон Украинаға бір жарым миллиард доллардан астам, соның ішінде елдің энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін қаражат бөлетінін жариялады.
"Бейбітшілік саммитіне" қатысудан бас тартқан елдер қатарында Қытай, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері және Мәскеумен жақсы қарым-қатынастағы Иран, Пәкістан сияқты елдер бар. Ал Үндістан, Сауд Арабиясы, Израиль бұл жиынға елшілерін немесе кеңесшілерін жіберді, Бризилия мен Ватикан өкілдері бақылаушы ретінде қатыспақ.
Ресейді бұл саммитке шақырған жоқ. Мәскеу өзі қатыспаған іс-шараның мәні болмайтынын мәлімдеген. Мұндай іс-шараға қақтығысқа қатысушы екі тарап та қатысуы керек дегенді бұған дейін Қытай да айтқан.