"Тиімсіз және маңызын жоғалтқан" ШЫҰ. Мәскеу мен Пекиннің аймақтағы серіктестігі мен бәсекесі

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммиті кезінде қол алысып тұрған Қытай және Ресей басшылары Си Цзиньпин мен Владимир Путин. Астана, 4 шілде 2024 жыл.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) неліктен «тиімсіз және мән-маңызынан айырылған» бірлестікке айналды? «Пекин Орталық Азиядағы ықпалын жылдам күшейтуге көшті, ал Ресей оған қарсыласып жатыр». АЭС салу бойынша референдум неліктен оны Ресей салады деген алаңдаушылық туғызды? Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарды көбірек қамтыды.

АЙМАҚТА "ЫҚПАЛЫН КҮШЕЙТІП ЖАТҚАН" ҚЫТАЙ МЕН ОҒАН "ҚАРСЫЛАСҚАН" РЕСЕЙ"

«Ресей Украинада ұзаққа созылған соғыстан босамай, Қытайдан келетін тасымалға тәуелді бола түскендіктен, Пекин Орталық Азиядағы ықпалын күшейту үшін жылдам әрекет етуге көшті. Ал Ресей бұл әрекетке қарсыласып жатыр», дейді АҚШ-тағы New York Times газеті.

Авторлар Кейт Брэдшер мен Анатолий Курманаев Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында жазылған мақалада аймақта Ресей мен Қытайдың ықпалы қалай өзгергенін талдайды.

Ресей президенті Владимир Путин Батыс санкцияларына ұшыраған ел экономикасы мен әскери өндірісін ұстап қалу үшін Қытайға арқа сүйейді. Ресей билігі Пекин мен Орталық Азияның байланысы күшейіп жатқанын мойындады. Мәскеу мен Пекин экономикасы арасындағы алшақтық үлкен, сондықтан Орталық Азиядағы Ресейдің Қытайға қарсы бәсекесінің мәні жоқ. Авторлар Кремль одан гөрі Астанадағы саммит тәрізді іс-шараларға қатысу арқылы «бұрынғы сателлиттерге» ықпалын сақтап қалуға тырысады дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

ШЫҰ саммиті: Батысты айыптау, жаңа декларация, «қырғи-қабақ соғыс» пен террорлық қауіп

Орталық Азия – Мәскеу мен Пекин үшін маңызды көлік дәлізі. Путин аймақ арқылы Оңтүстік Азия нарығына шыға алады. Аймақ Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасында Қытай мен Еуропаны құрлық пен теңіз жолдары арқылы жалғайды.

Ресей мен Қытай Орталық Азияда тек бәсекелесіп қана қоймай, жиі серіктестікке барады, өйткені екеуі де Батыс әскерімен мүлде байланыспайтын аймақтағы тұрақты режимге мүдделі, дейді Берлиндегі Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының директоры Александр Габуев.

«Олар аймақтағы тұрақтылық зайырлы, белгілі бір дәрежеде репрессивті авторитарлы режимдерге сүйенетінін біледі», дейді ол.

Қытай мен Ресейдің аймақтағы бәсекесіне тоқталған АҚШ-тағы Wall Street Journal басылымы «Пекин мен Мәскеу Ресейдің артқы ауласында «шексіз достықты» жамылған қасқа айналып барады» атты мақалада: «Екі авторитарлы держава өздерін Батыс ығыстырып жатыр деп санап, соған қарсы тұру үшін бірікті... Бірақ Мәскеу өзінің артқы ауласы деп есептейтін Орталық Азияда екі тарап жариялаған «шексіз достық» Пекиннің жаһандық амбициясына қайшы келіп жатыр», деп жазды.

Көптеген жыл бойы Ресей мен Қытай арасында аймақтағы еңбек бөлінісі болды: Ресей қауіпсіздікке, Қытай инвестиция мен дамуға жауапты болды. Автор Ша Хуаның жазуынша, енді Қытай саяси ықпалын арттыру үшін экономикалық күшке сүйеніп, бұл балансты бұзып жатыр.

«Біз Ресеймен доспыз, бірақ сөйте тұра мүмкіндіктер іздеп, шығысқа қарайлап жатырмыз», дейді Ташкенттегі «Прогрессивті реформалар орталығының» негізін қалаушы Миршохид Асланов.

"ТИІМСІЗ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫНАН АЙЫРЫЛҒАН" ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ

Орталық Азия мен Қытай бойынша сарапшы Темур Умаров Берлиндегі Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының сайтында Шанхай ынтымақтастық ұйымы қалайша тиімсіз және мән-маңызынан айырылған бірлестікке айналғанын талдады.

Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті халықаралық назарды бұрғанымен, автордың жазуынша, 2001 жылдан бері ұйымның ауыз толтырып айтар жетістігі жоқ. Ұйымға кірген әрбір жаңа ел оны өзінің сыртқы саясаттағы амбициясын ілгерілетуге пайдаланады. Бұл ұйымның тиімділігіне нұқсан келтіреді.

Түркия, Ресей, Қазақстан, Қытай, Катар басшылары ШЫҰ мен Астанадағы саммит кезінде суретке түсіп жатыр. 4 шілде 2024 жыл.

ШЫҰ хартиясы бұл ұйым не үшін керек деген сұраққа жауап бермейді. Сол себепті әр ел оны өз мақсатына пайдалануға тырысты. Мәселен, Ресей сыртқы саясаттағы түрлі қитұрқылығын ұйым мақұлдаса дегенге үміттенді. 2008 жылы сол уақыттағы Ресей президенті Дмитрий Медведев Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігі мәселесін көтерді, 2014 жылы күн тәртібіне Қырымды мойындауды шығарды, ал 2022 жылы Мәскеу Украинадағы соғыс бойынша ұйым елдерінің ортақ ұстанымына қол жеткізгісі келді. Қытай идеологиялық конструкцияларын таңғысы келсе, Қазақстан транзитті дамытуды көтеріп жүр.

Умаров ШЫҰ-ның дамуына Қытай мен Ресейдің бәсекесі кедергі келтірді деген тезисті алға тартады. 2000 жылдары бұл ұйым посткеңестік кеңістікте тек Ресейдің ғана емес, Қытайдың да салмағы басым алғашқы бірлестік болатын.

Бастапқыда Пекин ШЫҰ-ны қауіпсіздік пен экономика саласы бойынша Орталық Азияда өз амбициясын іске асыратын ұйымға айналдырғысы келді. Зерттеушінің пайымдауынша, ұйым қауіпсіздік саласында бірлескен оқу-жаттығулар өткізді, қорғаныс пен қауіпсіздікке жауапты шенеуніктер арасында байланыс орнатты. Сондай-ақ НАТО-ның әскери базасын аймақтан ығыстыру да – ШЫҰ жұмысының нәтижесі.

Алайда экономика саласында серіктестікке қол жеткізу мүмкін болмады. Ресей Қытайдың еркін сауда аймағын және даму банкін құру бастамасына тосқауыл қойды. Нәтижеде Қытайдың ШЫҰ-ны дамытуға қызығушылығы жоғалды. Осылайша Пекин мен аймақтың экономикалық серіктестігі екіжақты келісім, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен «Қытай+Орталық Азия» форматы арқылы іске асып жатыр. Пекин қауіпсіздік саласында да ШЫҰ-ны айналып өтіп, Орталық Азияға қару жеткізіп, екіжақты әскери жаттығу өткізе бастады.

Осылайша Ресей ШЫҰ-ны кеңейтуге ұмтылған тұста, Қытай ұйымды дамытуға мүдделі емес еді. 2017 жылы ұйымға Үндістан мен Пәкістан, 2022 жылы Иран, осы жолғы Астанада өткен саммитте Беларусь қосылды. Алуан түрлі елдер қатысатын ұйымда кез келген бастаманы іске асыру қиын екені түсінікті.

ШЫҰ-ның кері кетуі − Ресейдің сыртқы саясаттағы жүйесіздігі Мәскеудің монополиясы орнаған аймақта Кремльдің ықпалын қалайша әлсіретінін көрсететін жарқын мысал. Қытаймен бәсекелестіктен қауіптенген Ресей ШЫҰ-ны тиімді ұйымға айналдыратын бастамаларды тежеді. Орталық Азияда бәрібір Қытайдың ықпалы тарады, ал Мәскеудің қолында тек кездесу өткізіп, өзін-өзі жұбандыратын тақырыптар шығаратын институттың қауызы ғана қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астана саммиті: ШЫҰ Батысқа қарсы елдер блогына айнала ма?

АЭС БОЙЫНША РЕФЕРЕНДУМ ЖӘНЕ РЕАКТОРДЫ "РЕСЕЙ САЛАДЫ" ДЕГЕН АЛАҢДАУШЫЛЫҚ

Eurasianet басылымы Қазақстан атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізетініне назар аударды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айының аяғында күзде атом электр станциясын салу бойынша референдум өтетінін хабарлады, бірақ нақты күнін ашып айтпады. Мақала авторы Алмаз Куменов жұртты бірінші кезекте реакторды салуға кім көмектеседі деген мәселе алаңдатады дейді. Бұл ретте Ресей, Франция, Қытай мен Оңтүстік Корея компаниялары қарастырылып жатыр. Шенеуніктер халық референдумда АЭС салуды қолдап дауыс берген жағдайда оны кім салатыны кейін шешіледі дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін". Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

«Қазақстанда саяси орта қатаң бақылауда екенін ескерсек, «иә» деп дауыс беру ықтимал сияқты. Көпшілік геосаясат Қазақстанды АЭС салу бойынша келісімшартты Ресейдің «Росатом» мемлекеттік компаниясына беруге мәжбүрлейді деп қауіптенеді. Кейбіреулер мәліме жасалып қойды, оны тек жариялау үшін оңтайлы сәтті күтіп жатыр деп есептейді», дейді автор Алмаз Куменов.

Елдің электр желісін басқаратын KEGOC компаниясының бұрынғы жетекшісі Әсет Наурызбаев реакторды Ресей салатын болса, бұл Қазақстан сыртқы саясатта ұстанатын көпвекторлыққа нұқсан келтіреді деп есептейді.

«Атом электр станциясын салу арқылы Ресей Қазақстанды өзінің ықпал аймағында ұстай алады. Біз олардың өндіріс технологиясы, отыны мен мамандарына тәуелді боламыз, олар қажет кезде бұл тетікті пайалана алады», дейді Наурызбаев.

«Қазақстан атом электр станциясы» компаниясының бас директоры Тимур Жантикин АЭС-ке отын ретінде қажет уран ел ішінде өндіріледі, бұл Ресейдің Қазақстанға қысым көрсету мүмкіндігі шектейтінін айтты.

Ал әлеуметтік-экономикалық қордың директоры Вадим Ни Астана Мәскеумен ядролық серіктестікті дамытса, геосаяси тәуекелдерге тап болатынын жеткізді. «АҚШ, Еуроодақ, Жапония мен Оңтүстік Корея жасыл энергетиканы дамыту арқылы Ресейдің атом саласындағы рөлін шектеуге тырысып жатыр. Біз екі оттың арасында қалуымыз мүмкін», дейді Ни.

Сонымен қатар атом энергетикасын жылу электр орталықтарын алмастыратын жасыл энергия көзі ретінде қарастыруға болмайды. «Атом электр станциялары қауіпті қалдықтарды шығарады. Ал апат бола қалса, стратегиялық су қоймасы – Балқаштан айырылуымыз мүмкін».

Куменовтің жазуынша, референдум нәтижесі белгілі деп есептейтіндер бар.

«Мұндай стратегиялық мәселелер жоғарыда шешіледі, жалпыхалықтық дауыс беру жауапкершілікті халықты ысыруға мүмкіндік береді», дейді Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Олжас Бексұлтанов.