Украинада 8 шілдедегі Ресейдің ракеталық шабуылынан қаза тапқандар 38-ге жетті

Ресей шабуылынан бүлінген ғимарат. Киев, 8 шілде 2024 жыл.

Украинада Ресейдің 8 шілдедегі зымыран соққысынан қаза болғандар 38-ге жетті. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады. Ол телеграм-арнасында ракета түскен жерлердегі үйіндіні аршып жатқан тұрғындар мен құтқарушылар суретін, қираған ғимараттардың көрінісін жариялады.

Киевте 27 адам қаза болған, оның төртеуі – бала. Біреуінің мәйітін шабуылдан қираған үйдің үйінділерінің астынан тапқан. Кривой Рог қаласында 10 адам, Днепрде бір адам опат болды.

Шабуылдан 190 адам жараланып, 100-ге жуығы ауруханада жатыр.

Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасындағы науқастардың бәрін басқа ауруханаларға ауыстырған, ракета соққысынан оның бір корпусы қирап, бірнешеуі бүлінген. 9 шілде таңертең құтқарушылар үйінділерді аршып, аурухананың жертөлесіне дейін жеткені айтылды. Онда адамдар қалып қалған болуы мүмкін деп болжаған. Алайда құтқарушылар үйінді астынан ешкімді таппаған.

Украина билігі Ресей балалар ауруханасын нысанаға алды деп айыптады, ауруханаға шабуылдан екі адам қаза болған. Ресей мұны жоққа шығарады. 9 шілдеде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ауруханаға Украина әуе қорғанысының ракетасы тиді деп айтты. Ресей қорғаныс министрлігі де осылай мәлімдеді, бірақ оған ешқандай дәлел келтірмеді. Украинаның қауіпсіздік қызметі ауруханаға Ресейдің қанатты ракетасы түскенін хабарлады.

Киевке жасалған соққыдан тағы бір медицина орталығы бүлінген, онда тоғыз адам қаза болды. "100-ге жуық нысан бүлінген, оның ішінде балалар ауруханасы, үйлер, балабақшалар, перзентхана, колледж, бизнес-орталық бар", – деді Зеленский алдыңғы мәлімдемесінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинаны ракетамен атқылады. Қаза тапқандар бар. Киевте балалар ауруханасы қирады

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 9 шілдеде Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына жасаған соққысының салдарын талқылайды. Бұл туралы Reuters агенттігіне дипломатиядағы дереккөздер хабарлаған.

Дүйсенбі, 8 шілдеде Ресей әскері Украинаға әртүрлі 40-қа жуық зымыран атқан; Киев, Днепр, Кривой Рог, Покровск, Славянск және Краматорск қаласына шабуыл жасаған. Бұл құрбандар саны бойынша 2024 жылғы ең қанды шабуыл болды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш мұны айыптап, Ресейдің балалар ауруханасы мен денсаулық сақтау жүйесіндегі тағы бір нысанға зымыран атқаны "қатты алаңдатты" деді. Бұл туралы оның өкілі Стефан Дужаррич хабарлады.

"Халықаралық гуманитарлық құқық бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға соққы жасауға тыйым салады. Мұндай шабуылдарға жол жоқ және оларды дереу тоқтату керек" деді Гутерриштің өкілі.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысын Ұлыбритания, Франция, Эквадор, Словения және АҚШ елдері талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына жасаған соққысын талқылайды