Бірнеше мемлекет Ливандағы азаматтарына ол жақтан кетуге, басқаларына бармауға кеңес берді. Германия, Италия, Норвегия және Бахрейн осындай үндеу жасады. Бұдан бөлек, әуе компаниялары да Ливанға ұшатын рейстерін тоқтатып жатыр.
Израиль мен Ливанның оңтүстігіндегі исламшыл "Хезболла" радикал тобы арасындағы қақтығыс шиеленісуіне байланысты сақтық шаралары күшейді. 27 шілдеде Голан жотасында Израиль бақылауындағы Мадждаль-Шамс қаласына ракета түсіп, 12 адам опат болған, көбі – балалар мен жасөспірімдер, 30-дан аса адам жараланған. Израиль мұны "Хезболла" істеді деп мәлімдеген. "Хезболла" ол шабуылға қатысы жоғын айтты. Израиль шабуылға қатаң "қарымта қайтаратынын" ескерткен.
29 шілдеде Германия сыртқы істер министрлігі Ливандағы азаматтарын елден кетуге үндеді. Deutsche Welle мәліметінше, Германия СІМ тізімінде неміс азаматтығына ие 1300-ге жуық адам бар. Бейруттағы Германия елшілігі оларға елден кетуге көмек ұсынып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Голан жотасына шабуылды айыптап, Израильді қолдайтынын мәлімдедіИталия, Норвегия және Бахрейн де өз азаматтарын Ливаннан кетуге үндеді.
АҚШ мемлекеттік департаменті Ливандағы азаматтарына жаңалық пен ескертуді СІМ-нен тікелей алу үшін STEP бағдарламасына тіркелуді ұсынып, қажет болған жағдайда елден кетуге дайын болыңыздар деп ескерткен.
Үндістан да Ливандағы азаматтарын елшіліктің айтқанын тыңдауға шақырды.
Бірнеше әуе компаниясы Ливанға ұшатын рейстерін тоқтататынын хабарлады. Немістің Lufthansa, швейцариялық Swiss Airlines және Eurowings шамамен 6 тамызға дейін Бейрутқа ұшатын рейстерін тоқтатқан.
Aegean Airlines, Qatar Airways, Air France және Austrian Airlines те рейстерінің бір бөлігін тоқтатты, ұшақтардың ұшу кестесі жағдайға байланысты реттеледі деп айтты. Ливанның Middle East Airlines ұлттық әуе тасымалдаушысы да өз рейстері туралы осылай мәлімдеді.
Наурыздан бері Голан жоталарында Қазақстан бітімгерлері қызмет атқарып жатыр. 28 шілдеде Қазақстан қорғаныс министрлігі Голан жоталарын атқылау кезінде қазақстандық жауынгерлер зардап шеккен жоқ деп айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Голан жотасында Израиль бақылауындағы қалаға соққы кезінде 11 адам опат болды