Париждегі олимпиада аяқталды. Спорт додасында есте қалған екі адам болса, соның бірі – Алжир боксшысы Иман Хелиф. Хелифке деген медиадағы көзқарасты сараптап, гендер тесті тарихына және ер мен әйел жайлы ғылыми анықтамалар мен қоғамдағы стереотиптерге үңіліп көрелік.
Спорт шаралары, оның ішінде олимпиада қоғамдағы әйел мен еркек, гендер мен адам тәні туралы түсініктердің айнасы іспетті. Әрі сол түсініктерді қайта қарау мүмкіндігі. Өйткені еш жерде адамның тәні осылайша ел назарына ұсынылмайды. Ал тән талқыланған жерде гендер де айтыс алаңына айналады.
Алжир боксшысы Иман Хелиф бокстан Париж олимпиадасының чемпионы болды. Алайда алтын медаль тағынбай тұрып-ақ есімі ел аузына іліккен: Парижде 1 тамызда алғашқы айналымындағы кездесуінен кейін-ақ медиа кеңістікте Хелифі талқыламағандар аз еді. Италиялық Анжела Карини 46-секундта кездесуден бас тартып, "Хелифтің соққысы өте ауыр болғанын" айтқан. Сол-ақ екен, қатардағы қолданушыдан АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трам пен миллиардер Илон Маск сияқты танымал тұлғаларға дейін Хелифті мысалға алып, "еркектер әйел спортына келіп ойран салып жатыр" деп дабыл қақты. БҰҰ-ның әйел құқығы жөніндегі рапортері Рим Әл-Сәлем Кариниді қолдап сөйледі, Италияның президенті келіп боксшысының жағдайын сұрады. Бұл жайт тіпті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде талқыланып, Ресей мен Алжир дипломаттары сөзге келісті. Қазақ және орыстілді ғаламтор да "трансгендер боксшының" әйелдермен бокстасуын азғындық деп бағалаған жазбаларға толды. Мұның бәрі трансфобияның көрінісі еді.
Бірақ бір гәп, Иман Хелиф трансгендер емес. Ол әйел болып туып, әйел болып өмір сүріп келген, өзін әйелмін деп санайды және төлқұжатында да әйел деп көрсетілген. Ол ешқашан жынысын ауыстырмаған. Соған қарамастан, кей медиа, соның ішінде Ресей ақпарат құралдары, "әйелдер боксында биологиялық еркек алтын алды" деген сарындағы жалған ақпаратты әлі де таратып жатыр.
ГЕНДЕР ТЕСТІ
Трансгендер мәселесін ысырып қойғанда, гендер тесті деген қайдан шықты және оның критерийлері қандай? Спорт медицинасы саласындағы академиялық журналдарға қарап анықтауға тырыстық.
Адам құқығы мен спорттағы әділдік арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2021 жылы барлық федерацияға ортақ критерийлер (мысалы, тестостерон деңгейінің ең жоғары шегі) белгіледі әрі әрбір федерация өз спортының ерекшеліктеріне сәйкес ереже белгілеуге құқылы деп жариялады. Алайда боксты басқарушы ұйым, "Газпром" қаржыландыратын Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) үш жылдан бері коррупциялық жанжалға батып, ХОК оны Олимпиададағы басқарушы орган мәртебесінен айырған.
«Гендер» мен «жынысты» мидай араластыру гендерлік мәселелерге қатысты түсінбеушілік, жаңсақ пікір мен негатив көзқарасты арттыра береді.
Хелифке қарсы науқан жүргізгендердің негізгі аргументі – былтыр IBA Хелиф пен тайвандық Лин Ю Тинді "гендер тестінен өтпеді" деген желеумен чемпионатқа қатыстырмай қойғаны. Біріншіден, "гендер тесті" деген тіркестің өзі адастырады. Себебі гормондар, хромосомалар жиынтығы, жыныстық мүше ерекшеліктері сияқты физикалық белгілерге қарап анықталатын "әйел/ер/ интерсекс"– жыныстық категориялар. Яғни, жыныс деген "физиологиялық факт" болса, гендер – әлеуметтік конструкция, яғни, идеялар жиынтығы. Гендер деген анықтама адамның әйел не ер болып туғанын меңземейді. Гендер, әдетте, адамның әрекеті мен мінез-құлқы "ер, әйел" деген түсінікке қаншалықты сай келетінін бағалайды.
Тайвань мен алжирлік боксшы қыздардың бар кінәраты – олар кей адамдардың "әйел" деген түсінігіне сай келмейді. Ал жыныс деген – бір қарағанда айдан анық, қарапайым нәрсе болғанымен, шын мәнінде аса күрделі ұғым. Осы "гендер" мен "жынысты" мидай араластыру гендерлік мәселелерге қатысты түсінбеушілік, жаңсақ пікір мен негатив көзқарасты арттыра береді.
IBA былтыр қос боксшыдан хромосома тестін алғанын айтады. Бірақ Ресей ықпалындағы IBA басқарылуы, әділеттілігі, қаржылық тазалығы сияқты мәселелерге байланысты Олимпиададан шеттетіліп отыр. Осындай ұйымның "гендер тестіне" сеніммен қарауға бола ма, ол даулы мәселе. Ескеретіні, IBA қолдандық дейтін хромосома тестінің өзіне мамандар тарапынан жауаптан гөрі сұрақ көп.
Заманауи олимпиада ойындарының негізін қалаушы Пьер де Кубертен әйел спортына қарсы болды, өйткені "басқадан озамын деу – әйелдер үшін орынсыз мақсат" деп санады. Әйелдер алғаш рет олимпиада ойындарына 1900 жылы, Парижде өткен екінші олимпиадада қатысып, теннис, гольф, желкенді спорт және ат спортынан бақ сынады. 22 әйел 997 қатысушының 2,2 пайызы еді. Әйелдің физикалық мүмкіндігі жайлы жаңсақ пікірлер әсерімен жеңіл атлетикадан 1928, ұзақ қашықтыққа жүгіру сияқты кейбір спорт түрлерінен 1980 жылдары ғана жол ашылды. Бірақ спорттағы әйел саны артуымен бірге жақсы нәтиже көрсетсе "әйел емес шығар" деген күдік қатар жүретін. Ол да әйел мүмкіндігі жайлы жаңсақ стереотиптер нәтижесі.
ХХ ЕМЕСТІҢ БӘРІ XY ПЕ? ХҮ-ТІҢ БӘРІ ЕРКЕК ПЕ?
Не керек, 1960 жылдардан бастап әйел спортшылардың бәрі физикалық тексеру арқылы еркек еместігін дәлелдеуге міндетті болды. "Жалаңаш парад" аталып кеткен мұндай тексерудің қорлаушы сипаты 1968 жылы жыныстық хроматин тестіне (Барр денешігі тесті) жол ашты. Барр тестінде ұрттың шырышты қабатынан алынған жасушалар тексеріледі.
Әдетте әйелдерде XХ, еркектерде XY хромосома жиынтығы бар. Ұрықтық даму кезінде әйелдердегі екінші X хромосомасы белсенді болмайды, нәтижесінде жасуша ядросында Барр денешігі пайда болады. Демек, талдау қорытындысы Барр денешігін көрсетсе, ХХ хромосомасы болғаны. Барр табылмаса, ХҮ кариотипі деп саналады. Осы нәтижеге сай спортшының жарыстағы тағдыры шешіледі.
Алайда медицина ғылымы ХХ хромосома жиынтығы анықталмаса "ер" деп үзілді-кесілді анықтама беру қателік екенін, табиғатта екіұдай жағдайлар барын, тіпті ерлерге тән хроматин үлгігсіне ие фенотиптік әйелдер болатынын көрсетіп отыр. Яғни, атлетті хромосома тестінің негізінде ғана жарыстан шығару әділетсіз, себебі ХҮ хромомосома жиынтығының иесі әрдайым физиологиялық артықшылыққа ие бола бермейді.
Мысалы, ерлер гормонына (андрогенге) толық немесе ішінара сезімталдығы жоқ (AIS) жандарда XY кариотипі болғанымен, андрогенге ер адамдардағыдай реакция болмайды. Яғни ерлерге тән деңгейде тестостерон өндіретін аталық бездері (ішкері орналасса да) бола тұра, ерлерге тән гормондар өндірілгенімен, мутацияға байланысты олардың андроген рецепторлары бұл тестостеронға "толық немесе ішінара сезімтал емес". Барр тесті мұндай спортшыларды әйелдер арасындағы жарыстарға жарамсыз деп тануы мүмкін, дегенмен оларда спорттық артықшылық болатыны дәлелденбеген.
Осы сияқты екіұдай жағдайлардың бірнеше мысалы бар. Айталық, Тернер синдромы бар адамдардың көбінде екінші X хромосомасы болмайды (Х0), бірақ ерлерге тән Y хромосомасы да жоқ. Жасушаларында Барр денешіктері табылмағандықтан, жыныстық хроматин тесті оларды еркек деп анықтайды.
Тағы бір мысал — Клайнфельтер синдромы. Мұндай синдромы бар адамдардың сырт келбеті ер адамға ұқсауы мүмкін. XXY кариотипі, яғни екінші X хромосомасы мен Барр денешігі ғана емес, Y хромосомасы да бар.
Үшінші жағдай – мозаицизм, яғни кей жасушаларда XX, кейбірінде XY кариотипі анықталуы мүмкін. Мозаицизмнің тағы бір кең тараған түрі — X0 (0 хромосома жоқ дегенді білдіреді) мен XY комбинациялары. Мұндай жағдайда екінші X хромосомасы болмағандықтан Барр тесті негатив көрсетуі мүмкін.
ГЕНДЕР ТЕСТІ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?
Осы мәселелерді ескерген Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) міндетті жыныс тестілеуін 1991 жылы тоқтатты. Халықаралық олимпиада комитеті Барр тестін ерлер хромосомасындағы Y (SRY) генін анықтайтын полимеразды тізбектік реакция (ПТР) тестімен алмастырды. Бұл талдау 1992 және 1996 жылғы олимпиадаларда қолданылды.
SRY генінің өнімі ерлерде аталық бездің дамуы үшін қажет деп есептелгенімен, қазіргі уақытта оның дәлдігі де күмән тудырады. Оған қоса, кей жағдайларда SRY гені X хромосомасынан да табылуы мүмкін. Солайша, ХОК медициналық комиссиясы жынысты түбегейлі анықтаудың бірде-бір зертханалық әдісі жоқтығын айтып, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында зертханалық талдауды тоқтатты. Дәл осындай шешімді 34 халықаралық федерацияның 29-ы қабылдады. Міндетті жыныстық тексеру тоқтағанымен, күмән туындаған жағдайда тест талап ету ХОК құзырында. Алайда спортқа деген БАҚ назары мен допингке қарсы бақылау процедуралары биологиялық ер адамдардың әйел спортына араласуына тосқауыл болады деп есептеледі.
Хелиф төңірегіндегі шудан түйетініміз не? Ғылым нақты жауабын таппаған мәселе қоғамдық стереотиптерге жұтылып кетіп жатыр. Ал айдай анық жайт сияқты көрінген жыныс пен гендер туралы қоғамдық түсінік тым қарабайыр.
Демек, Хелиф төңірегіндегі шудан түйетініміз не? Ғылым нақты жауабын таппаған мәселе қоғамдық стереотиптерге жұтылып кетіп жатыр. Ал айдай анық жайт сияқты көрінген жыныс пен гендер туралы қоғамдық түсінік тым қарабайыр екен. Қоғам түсінігі "әйел деген – әйел, еркек деген – еркек" деп, гендерлік рөлдер мен мінез-құлыққа қатысты қалыптасқан нормалар мен стандарттарды күштеп жапсыра беруге дайын. Мұны Джудит Батлер сияқты гендер теоретиктері "гендер нормативити" дейді. Нормативтілік сыртқы бейнеден басталады, яғни "нағыз ер" не Хелиф пен Ю Тин жағдайында, "нағыз әйелге" ұқсамайтындар жазаланады.
IBA жетекшісі Кремлевке сілтеме жасап, "ХҮ хромосомасы бар Хелиф әйел емес, интерсексті әйел жарысына қатыстырмаңдар" дегендер де бар. Бірақ бұл термин де даулы. Орта есеппен халықтың 1,7%-на дейін интерсекс болып туады, және бұл жыныстық я репродуктивтік анатомиясы және/немесе хромосомалар жиынтығы типтік еркек немесе әйел деп жіктеуге келмейтін жағдайды сипаттайды.
Ғылымда интерсекстің 16 түрі бар, оның қайсысы атлетке анық артықшылық береді, ол туралы да зерттеу тапшы. Ең бастысы, ресми түрде Хелифке жыныстық дамуында өзгешеліктер бар, не басқа сөзбен, интерсекс деген диагноз қойылмаған. Қойылған күннің өзінде, тестостероны табиғи түрде жоғары спортшының жайын әділетсіздік десек, бойы тым биік баскетболшы не аяқ-қолы ұзын жүзушінің табиғи артықшылығы неге басқаша қабылданады?
Хелиф "биологиялық еркек шығар" деген күдікке ұшыраған алғашқы әйел емес.
Стелла Уолш – америкалық спринтер, 1932 жылы Лос-Анджелестегі олимпиадаға қатысып, 100 метрге жүгіруден алтын медаль алған. 1936 жылы Берлиндегі Олимпиадада Хелен Стивенске жол берген. 1980 жылы қарақшылар қолынан қаза болып, аутпосия жасалады да, бойында ХҮ және Х0 криотипі, яғни мозаицизм болғанын анықтады. Уолш өзінің интерсекс болғанын білмей өткен болуы да мүмкін.
Мария Хосе Мартинес-Патиньо – испандық кедергілерден жүгіруші, 1985 жылы Жапонияның Кобе қаласында өткен Әлемдік универсиадаға жыныс сертификатын ала келмегендіктен, қайта тексеруден өтіп, (нәтижесі жарыстан кейін ғана белгілі болатындықтан) жарыстан шығады. Испанияға оралған соң бойынан XY кариотипі анықталып, спорттан шеттетіледі. 1986 жылы жарысқа дайындалып жүрген оған шенеуніктер "жарақат алдым деп ың-шыңсыз кет" дейді, спортшы бас тартады. Нәтижесінде оның деректері жарияланып, Мартинес-Патиньо спорттық және жеке өмірінде көп кедергіге ұшырайды. 1988 жылы генетик Альберт де ла Шапель Мартинес-Патиньоны қолдап мәлімдеме жасайды. Дәлелденгендей, Мартинес-Патиньоға андрогенге (ер гормондарына) сезімталдықтың болмауы синдромы (AIS) ешқандай физикалық артықшылық бермеген. Бұл жағдай спорттың көп саласында хромосомаға негізделген тестілеудің аяқталуына ықпал етті. 1988 жылы ол олимпиадаға қайта қатысуға мүмкіндік алды, бірақ үздіктер қатарынан көріне алмады.
Санти Саундаражан – 2006 жылы Азия ойындарында 800 метр қашықтықта күміс медаль алған үндістандық атлет. Онда да андрогендерге сезімталдықтың болмау синдромы (AIS) анықталып, медальдарынан қағылды. Кейінірек Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы (IAAF) AIS диагнозы спортшыға физикалық артықшылық бермейді деген қорытындыға келді.
Кастер Семеня – оңтүстік африкалық атлет, 2009 жылы Берлиндегі әлем чемпионатында қарсыластары тарапынан күдікке ілікті. Тестостероны жоғары оған бұл гормонды дәрі көмегімен төмендетесің деген талап қойды. Ол бақ сынаған 800 метр қашықтықта Семенядан жылдамырақ болғандардың барлығы "биологиялық" әйелдер болса, Семеня қалайша артықшылыққа ие болып шығады? Бұл оқиға – тестостерон сынағы негізінде ғана спорттан аластау әділетсіздік екенінің дәлелі. Жыныс пен гендердің күрделілігін көрсететін бұл мысалдар ең алдымен сырт келбетіне не үздік нәтижелеріне бола "ер адам емес пе екен" деген күдікке ілінгендер.
НӘЗІК ӘЙЕЛ
Әсіресе бокс, күрес, футбол сияқты жігіттердікі саналатын спорт түрлерінде әйел атлеттің шеберлігі емес, дене бітімі мен болмысы талқыға түседі.
Ұжымдық қиялда әйелдің идеал образы бар. Ол Америкада да, Қазақстанда да, бәлкім, Солтүстік Кореяда да бірдей. "Сұлу қызды көргенде ақылды қызды аяймын" деген Қадыр Мырза Әлидің тапқыр деп саналатын сөзін "Гимнаст қызды көргенде боксшы қызды аяймын" деп айтатындар бар. Әсіресе бокс, күрес, футбол сияқты жігіттердікі саналатын спорт түрлерінде әйел атлеттің шеберлігі емес, дене бітімі мен болмысы талқыға түседі. Бокспен, күреспен айналысатын қыздардан "нәзіктігін жоғалтпау" талап етіледі. Жазушылар боксшы Назым Қызайбайдың фотосын салып, ең алдымен нәзіктігін сөз етеді. "Соншама жаттығулар жасай жүріп, қызға тән табиғатын сақтап қалғанына таңғаласың" дейді. Алтын медаль алған өзбек дзюдошысы Диера Келдиерованың танымал болуы да сонымен байланысты: жұрт шеберлігінен бұрын қандай әсем қыз деп тамсанды. Себебі патриархал қоғам қиялы агрессияшыл маскулиндік пен нәзік фемининдік деген бинарлықты қайта өндіре бергісі келеді. Қазақстанда ерлер арасында да бокс, күрес, дзюдо сияқты физикалық күшке негізделген, өзгені ұрып, сабап жүріп жеңіске жететін спорт түрлері танымал болуының бір себебі де сонда. "Біздің жігіттер, жігіттер, жігіттер" деген әнді қосып қойып қазақ жігіттерінің басқаларды сабап жатқанын көрсе рахаттанады. Тып-тыныш қана нысана көздеуден қола алған Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, гимнастикадан күміс алған Нариман Құрбановтың елеусіздеу қалғаны – санадағы иерархияның көрсеткіші.
Иман Хелиф мысалына оралсақ. Хелифке қарсы кампания – "әйелдерді қорғау" деген желеумен тірі жан мен тән иесі әйелге (Иман Хелифке) қысым көрсету арқылы гендер нормативти, яғни "нағыз әйел" туралы идеяны қорғау талпынысы. Қызығы, дене тұрқына бола спорттан аласталған ер адамды көрмейсіз. Ал әйел адам тал бесіктен жер бесікке дейін қатаң бақылауда. "Нағыз әйел" болудың бір шарты нәзіктік делік, алайда табиғат адам қиялымен санаса бермейді: нәзік деуге келетін де, келмейтін де қыздар дүниеге келеді. Және әрқайсысы сол табиғи болмысымен құрметке лайық.
Мақаланы жазуға мына дереккөздер пайдаланылды:
Archibald C. J. 2019. ‘Transgender and Intersex Sports Rights’. Virginia Journal of Social Policy & the Law 26-3: 246-76.
Clarey C. 2009. ‘Gender Test After a Gold-Medal Finish’. New York Times, Aug. 20.
Gandert D. et al. 2013. ‘The Intersection of Women's Olympic Sport and Intersex Athletes: A Long and Winding Road’. Indiana Law Review 46-2: 387-424.
IOC Consensus Meeting on Sex Reassignment and Hyperandrogenism, 2015
Martinez-Patifio M. J. 2005. Personal Account: A Woman Tried and Tested, Lancet.
Reeser J. 2005. ‘Gender identify and sport is the playing field level?’ Journal of Sports Medicine 39-10: 695-99.
Ritchie R. et al. 2008. ‘Intersex and the Olympic Games’. Journal of the Royal Society of Medicine 101-8: 395-99.
Simpson J.L. et al. 1993. ‘Gender verification in competitive sports’. Sports Medicine 16-5: 305-15.
Tucker R. & Collins M. 2009. ‘The Science and Management of Sex Verification in Sport’. South African Journal of Sports Medicine 21-4.
Wamsley K. B. 2008. ‘Promising Practices: Working with Transitioning/Transitioned Athletes in Sport Project’. Social Science Literature on Sport and Transitioning/Transitioned Athletes
P.S. Автордың жеке көзқарастары Азат Еуропа/ Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.
Әсия Бағдәулетқызы
Кинотанушы, журналист. Лондонның Куин Мэри университетінің PhD зерттеушісі. Орталық Азияның мәдениеті мен интеллектуалдық тарихы, деколонизация және феминизм тақырыптарында қалам тербейді.