Ливан Израильдің әуе шабуылынан 500-ге жуық адам өлгенін хабарлады

Израильдің әуе шабуылынан бүлінген көлік. Бейруттың оңтүстік бөлігі, 23 қыркүйек, 2024 жыл.

Ливанның денсаулық сақтау министрлігі Израильдің 23 қыркүйектегі әуе шабуылынан 492 адам қаза тауып, 1600-ден астам адам жараланды деп хабарлады. Израиль Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" радикал тобының нысандарына әуеден үш жүзден астам соққы берілді деп хабарлаған. Қаза тапқандар арасында 35 бала мен 42 әйел бар.

Al Jazeera телеарнасының дерегінше, шабуылдан "Хезболла" жетекшілігіндегі Әли Караки Бейруттың оңтүстік маңында қаза тапқан болуы мүмкін. "Хезболла" Караки тірі, қауіпсіз жерде деп айтты.

Бұл – 2023 жылғы қазаннан бері Израиль-Ливан шекарасындағы жағдай шиеленіскеннен кейін ең көп адам шығынына әкелген әуе шабуылы. Бұл жолы Израиль алғаш рет Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындарды үйлерден және басқа ғимараттардан кетуге шақырды. Тель-Авив әскеріміз "Хезболлаға" "үлкен соққы" береді деп ескертті. Израильдің мәліметінше, нысанаға алынған жерлерде қару-жарақ сақталған.

"Эвакуация болғаны көрінген жоқ, ливандықтар өзі тұрып жатқан үйде "Хезболла" қаруы сақталғанын білмеген де болуы мүмкін" деп жазды Associated Press агенттігі.

Израиль Ливанның оңтүстігіне әуе шабуылын жасаған кезде, Израильдің солтүстігінде Ливаннан келе жатқан зымырандар туралы дабыл қағылды. Израильдің солтүстігінде бір адам жараланған.

Ливанның оңтүстігіндегі әуе шабуылдарынан кейін Иран Израильге мұның "қауіпті салдары" болады деп ескертті. Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Нассер Канаани Израиль шабуылын қатаң айыптады.

Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Кац "Хезболланы" Ливандағы бейбіт адамдардың үйіне зымырандар қойды, "тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланды" деп айыптады.

ЦАХАЛ бас штабының басшысы Герци Халеви Израиль әскері Ливандағы операциясының келесі кезеңіне дайындалып жатыр деді. "Кейінгі 20 жылда "Хезболла" құрған әскери инфрақұрылымды нысанаға алып жатырмыз. Бұл өте маңызды. Біз нысаналарға соққы беріп, келесі кезеңдерге дайындалып жатырмыз", – деді Халеви. Ол жоспардың жай-жапсарын ашып айтқан жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израильдің Бейрутқа соққысынан қаза болғандар 37 адамға жетті

22 қыркүйекте "Хезболла" тобы Тель-Авивтің алдыңғы күндері жасаған шабуылына қарымта ретінде Израильге 150-ге жуық зымыран ұшырды. Тель-Авивтің шабуылынан "Хезболланың" ондаған жауынгері мен топ командирлері қаза тапқан. Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пейджерлер жарылғаннан және әуе шабуылынан мерт болғандар арасында әйелдер мен балалар да бар.

"Хезболла" тобы Израильмен шектесетін Ливанда зор ықпалға ие. 2023 жылы қазанда АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырды. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.

Reuters агенттігінің жазуынша, қазір Израиль мен "Хезболла" арасында болып жатқан жағдай – 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ауыр шиеленіс саналады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль президенті: "Хезболла" пейджерлерінің жарылысына қатысымыз жоқ