Қазақстандық Чернобыль ардагерлері жер мен көлік салығынан ғана босатылған

Апаттың салдарын жоюшыларға арналған ескерткіш. Чернобыль қаласы, Украина

1986 жылғы сәуірдің 26-ы Чернобыль апатының салдарын жоюға 35 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақытта ардагерлер түрлі әлеуметтік қиындықтарды бастан кешіп келеді. Тіпті мүгедектігін жыл сайын қаптаған құжаттармен дәлелдеп отыруға мәжбүр.



АРДАГЕРЛЕР ҚАТАРЫ СИРЕП БАРАДЫ

Қазақстандағы Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы Халел Төреғалиевтің айтуынша, 20-шы ғасырдың ең қорқынышты оқиғаларының бірі саналатын апат зардаптарын жоюға қатысқандардың саны республикада жыл өткен сайын азайып барады.

- 1986 жылдан бастап 1992 жылға дейінгі аралықта Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам Чернобыльге жіберілген. Біздің есептеуіміз бойынша, қазір Қазақстанда 6 700 Чернобыль ардагері тұрып жатыр, - деді Төреғалиев.

Халел Төреғалиев, Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы

Одақ төрағасының айтуынша, 16 мың адам апат ошағына бір ғана Алматы қаласының әскери комиссариатынан жіберілген, қазіргі таңда қалада 323 Чернобыль ардагері қалыпты.

Оның айтуынша, республикадағы Чернобыль ардагерлерінің басым бөлігі қайтыс болған, елден көшіп кеткендерінің дені орыстар.

- Чернобыльде болып келгендердің көбі о дүниелікке айналды. Радиацияның салдарынан мүгедек болғандар үшін, жасыратыны жоқ, қоғамда өмір сүру қиынға түсті. «Бұлардан бала табуға болмайды» деп ардагерлерге тұрмысқа шығудан қашқандар көп болды. Ардагерлер арасында жалғыздықтан қажып, ішімдікке салынып кеткендері де аз болған жоқ, - дейді Төреғалиев.

МҮГЕДЕКТІГІН ДӘЛЕЛДЕУІ ТИІС

Қазақстанда Чернобыль апатына қатысқандардың 100 пайызы мүгедек. Төреғалиевтің айтуынша, олар мүгедектігін дәлелдеу үшін жыл сайын сан түрлі құжаттар жинап, әскери-дәрігерлік сараптамадан өту арқылы әлсін-әлсін растатуға мәжбүр болып отыр.

Ардагерлер жылына бір мәрте, 14 күн госпитальде қаралады. Олар жер және көлік салығынан босатылған. Бұдан басқа жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал, республикада мүгедектерге берілетін жәрдемақы көлемі Беларуспен салыстырғанда төрт есе аз дейді «чернобыльдіктер».

Серік Серікбаев, Чернобыль ардагері

- Қазіргі уақытта біз үшін ең қиын мәселе – үкіметтің мүгедектерге бөлетін жәрдемақысы аз болып тұр. Үшінші топтағы мүгедек 25 мың теңге алады. Чернобыльге қатысқан жастардың өзі қазір 50-ден асты. Оларды жұмысқа алмайды. Тұрғын үй және жолақы мәселесі шешілген жоқ. Өзіңіз де түсінесіз, бұл ақшаға өмір сүру өте қиын, - дейді Серік Серікбаев.

Оның айтуынша, апат зардабын жоюға қатысқандардың ағзасы радиациямен уланған, тазалығы 90 пайыз стронций ішкі органдарды зақымдаған. Уранды қалпына келтіру үшін қолданылатын бұл метталдың толық ыдырауы 300 жылға, жартылай ыдырауы 28 жылға созылатындығын ескертіп өткен Серікбаев ардагерлердің табысының көбі дәрі-дәрмекке жұмсалатындығын қадап айтты.


ЖЫЛ САЙЫН АЙТЫЛАТЫН АРЫЗ

Чернобыль апатының мүгедектері үкіметтің адамзатты құтқару жолында денсаулығын жойғандарға деген көзқарасының өзгергендігін қалайды.

- Біз мемлекет, үкімет басында отырған азаматтарға хат жолдаймыз. Осыдан ширек ғасыр бұрын жұртты апаттан құтқаруға қатысып, соның кесірінен денсаулығы мен жастығынан айрылған азаматтарға қол ұшын берсеңіздер деген өтінішіміз бар, - дейді Қазақстандағы Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы.

Бұл талаптарын орындату үшін «чернобыльдіктер» наразылық акцияларын ұйымдастырып, ереуілдер өткізуді жөн деп есептемейді. Олар Чернобыль апатының 24 жыл толуына орай, алдағы дүйсенбі күні Алматыдағы 28 Панфиловшылар паркіндегі мәңгілік алауға гүл қою арқылы апат құрбандарына тағзым етпекші.

Чернобыльдің түбіндегі әлі күнге қаңырап тұрған Припят қалашығының паркі. Сәуір, 2010 ж.

1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының 4-ші блогы жарылып, реактор толық істен шықты. Апат салдарынан радиоактивті заттар, соның ішінде уран изотопы, плутоний, иод-131, цезий-134, цезий-137, стронций-90 қоршаған ортаға таралды.

Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Бірақ, ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деген дерек келтіріп отыр.