Жастар ұйымдары студенттер үшін қоғамдық көліктегі жолақы жеңілдігі сақталуын талап етеді

Студенттер көлікте жүру жеңілдіктерінің жойылуына наразы. Алматы, 27 қараша, 2008 жыл

Жастар ұйымдары студенттерді қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығын айырғысы келген Алматы қаласының әкімі А.Есімовке үндеу жолдады. Олар сондай ақ, қалалық бюджеттен бөлінетін "1 млрд 300 млн теңгені өзге жастар бағдарламасына жұмсау қажет" деген әкімнің пікірін де сынға алды.

Бұған дейін қарашаның 21-і күні Алматы қаласының әкімі А.Есімов, Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың қатысуымен өткен отырыста қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру студенттер үшін аса қажет еместігін айтқан болатын.


«Автобус парктерінің басшылары студенттерді тасымалдау үшін 3 млрд теңге қажет екенін үнемі айтып отырады. Қалалық бюджеттен ол үшін тек 1 млрд 300 млн теңге ғана бөлінеді. Ал студенттердің басым бөлігі болса, өздерінің жеке көліктерімен жүреді». деген еді қала әкімі. Сонымен қатар ол мұндай жеңілдіктердің жемқорлыққа жол ашатынын да жеткізген еді.


«Сондықтан бұл жеңілдіктерді алып тастайық та, оған бөлінген қаржыны студенттердің өзіне бөлейік. Мүмкін, жатақхана салу үшін немесе жас оқытушыларға баспана салып беруге немесе гранттар санын көбейту мақсатында кейбір бағдарламаларды қаржыландыруға бағыттайық» деді қала басшысы.


Қала әкімінің мұндай ұсынысы жастар ұйымдары мен Алматы қаласы студенттерінің наразылығын тудырды. Олар бейсенбі күні бас қосып, қала әкіміне үндеу жолдады.


«Құрметті, Ахметжан Смағұлұлы! Біз, бүгінгі жиналған жастар ұйымдарының өкілдері, сіздің соңғы айтылған ойларыңызға, студенттерге берілген жолда жүру жеңілдіктерінің алынып тасталуына үзілді-кесілді қарсымыз. Егер де жағдай әрі қарай өзгермейтін болса, егер де шыныменен студенттерге заңмен берілген жеңілдік алынып тасталатын болса, онда бүгінгі күні біз, жастар, жалпы Алматының студенттері әртүрлі демократиялық жолдармен тікелей өздеріне берілген құқықтарын жүзеге асыруға көшеді. Яғни, біз шерулер, митингілер ұйымдастыруға дайынбыз», - дейді «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов.


Жастар ұйымы өкілдерінің айтуы бойынша, Алматы қаласында 300 мыңға жуық студент бар. Оның 60 пайызы өзге қалалардан келген. Олардың басым бөлігі жатақханада тұрады, бұл олардың аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққандығынан хабардар етеді дейді олар. Онсыз да жағдайы нашар, шәкіртақысы мардымсыз студенттерді қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығынан айыру — үлкен соққы болмақ, - дейді олар.

Қазақстан жастар ұйымының төрағасы Әсет Тұрдығұлов. Алматы, 27 қараша, 2008 жыл.


Осыдан 4 жыл бұрын сыңаржақты қабылданған жастар саясаты туралы заңды сынаған Қазақстан Жастар Одағының төрағасы Әсет Тұрдығұлов аталған заңды қайта қарастыруға уәде бергендігін билік иелерінің естеріне салды.


- Жұмыс істеп тұрған заңда жастарға байланысты нақты ешқандай жеңілдіктер көрсетілмеген. 2008-ші жылдың наурыз айында Астанада осы заң бойынша арнайы Парламенттік тыңдау болған кезде Парламент депутаттары бізге «Күзге салым жаңа заң қабылдаймыз. Ол заңда жастарға байланысты әлдеқайда көп жеңілдіктер, әлдеқайда көп артықшылықтар болады» деп уәде берген. Өкінішке орай, күз аяқталып қалды, ал жастар болса, тіпті қолда бар жеңілдіктен айрылып қалайын деп отыр. Әрине, бұның бәрі өкінішті.


Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында әкімнің қоғамдағы әлеуметтік жағынан осал топ – студенттерге неге шүйліккенін жастар ұйымдарының өкілдері түсінбейтінін айтады. Қоғамдық көлікте студенттер үшін бұрынғыдай 25 теңгенің сақталып қалуын талап еткен олар, керісінше жағдайда шеру ұйымдастыруға дайын екендіктерін де айтты.