Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный елді мекенінде орналасқан жалпы режимдегі түрмеде бүлік шыққаннан бері ата-аналардың айтуынша түрме әкімшілігі сотталушыларды туысқандарымен де, адвокаттармен де кездестіруден бас тартып отыр.
"ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ТӨБЕЛЕС БОЛДЫ"
Ата-аналар жазасын өтеп жатқан балаларының жағдайынан бейхабар болғандықтан қылмыстық- атқару жүйесі комитетінің басшылығынан сотталушылармен кездесуін талап етіп Астанаға келді. Ал комитет өкілдері түрмедегі бүлікке қатысты қылмыстық іс қозғалғандықтан сотталушылармен кездесу мәселесін шеше алмайтынын айтады.
Түрмеде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 81 жазасын өтеуші түрлі жарақат алған. Олардың 44-і қазір ауруханада жатыр. Екі адам қаза болған.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Қылмыстық-түзету жүйесі комитетінің алдында тұр. Астана, 13 тамыз 2010 жыл
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин 9-тамыздан бері қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Есқали Саламатовпен кездесе алмай жүргенін айтады. Оның айтуынша, бір адам үстіне бензин құйып өртеніп кетсе, енді екі сотталушы дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеу себебінен қаза болған. Ол ата-аналармен бірге түрме әкімшілігіне барып сотталушылармен кездесуді талап еткен. Бірақ, әкімшілік бас тартқан. Құқық қорғаушының айтуынша жазасын өтеушілердің туған-туыстары қылмыстық- атқару жүйесі комитетінің басшысымен кездесу үшін комитет ғимаратының алдына барған уақытта ресми қызметкерлер мен ата-аналар арасында төбелес болған.
- Комитет қызметкерлері Stan. TV журналистерінің камераларын тартып алуға әрекеттенгенде, әйелдер журналистерді қорғамақ болды. Комитеттің бір қызметкері әйелдердің біріне қол көтерді және журналисті итеріп жіберді. Қып-қызыл төбелес болды, - деді Вадим Курамшин Азаттық радиосына.
"ІНІММЕН КЕЗДЕСПЕСЕМ - ӨРТЕНІП ӨЛЕМ!"
Жазасын өтеуші Сапарғалиев Жандырдың әпкесі Зәуре Ахметжанова түрмеде болған жағдайды интернеттен білген. Алайда ол түрмеге де, ауруханаға барғанмен інісін көре алмаған. Тек дәрігерлер інісінің жағдайының бірқалыпты екенін айтқан. Жетімдер үйінде тәрбие алғандықтан інісі тек өзінен ғана көмек күтетінін айтады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін інісі хабарласып, түрмеде ақашасын тартып алатынын, ұрып-соғатынын хабарлаған. Сонымен қатар әлдебіреулер інісіне зорлық жасайтынын айтып қорқытқан. Зәуре Ахметжанованың бар арманы - інісін аман-есен көру.
- Мен төрт күн болды ешқандай ақпарат ала алмай жүрмін. Ауруханаға да, түрмеге де бардым. Бірақ, інімді көре алмадым. Енді біреулер ол өліп қалды дейді. Ініммен ертең кездестірмейтін болса, өзімнің үстіме бензин құйып өлемін. Аяғы ауыр әйел болсам да, мені ұрды. Сонда қайда барамын, кім көмектеседі маған? Мен тек бауырымды көрсетуін сұрап отырмын ғой, - деді Зәуре Ахметжанова.
«БІЗ ШЕШЕТІН МӘСЕЛЕ ЕМЕС»
Бұл мәселеге қатысты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов сотталушылардың туған-туыстарымен комитет қызметкерлерінің арасында ешқандай төбелес болған жоқ деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол ата-аналар комитет төрағасы Есқали Саламатовтың қабылдауында болғанын айтты.
- Төбелес болған жоқ. Комитет басшысының қабылдауында 20 шақты адам болды. Бәрін қабылдады. Ішкі істер министрлігі мен прокуратура қызметкерлері болды. Ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ. Ал сотталушылардың ата-аналарымен, туған-туыстарымен кездесу мәселесі түрмеде болған бүлікке қатысты қылмыстық іс қозғалғандықтан біз шешетін мәселе емес.. Сондықтан оны енді заң бойынша кездесу мәселесін Ақмола облыстық ішкі істер департаменті шешеді.
Түрмедегі балаларымен кездесе алмай шұбырған ата-аналар. Гранитный, Ақмола облысы, 13 тамыз 2010 жыл
Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный елді мекенінде орналасқан жалпы режимдегі түрмеде бүлік тамыздың 9-ы күні шыққан болатын. Бүлікті басу үшін ішкі әскер күштері мен Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері жұмылдырылған. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері Кенжебай Мұқышев ауруханаға түскен жазасын өтеушілердің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.екенін мәлімдеген болатын.
Биыл Қазақстанда түрме тәртібіне наразылық танытқан сотталушылардың өз денелерін жарақаттау оқиғалары Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарғанды облысындағы түрмелерде және Алматыдағы орталық тергеу абақтысында бірінен кейін бірі тіркелді.