«Ұлт бірлігі доктринасына» қатысты өткен жиында Қазақстандағы славян диаспорасы саяси белсенділігінің бәсеңдегенін айтса, мемлекетқұраушы ұлт өкілдері «қазақ» ұғымын «станнан» бөліп қарауға шақырды.
Қазанның 19-ы күні Алматыда өткен «Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасы: теориядан практикаға дейін» халықаралық конференциясына елдегі түрлі қоғамдық ұйым өкілдері мен сарапшылар қатысты. Доктринаның соңғы нұсқасын қабылдау жұмысына қатысқан мамандар сөз арасында құжатты «ұлт бірлігі доктринасы» дегеннен гөрі «ел бірлігі доктринасы» деп атау дұрысырақ болатынын жеткізді.
«ОРЫС МӘСЕЛЕСІ»
Жиынға келген түрлі диаспора өкілдері ақпарат құралдарына өздерінің қордаланып қалған мәселелерін жеткізуге тырысты.
Соңғы жылдары Қазақстанда тұратын славян диаспорасының саясаттан «суып кеткенін» жеткізген «Орыс шолушысы» ақпараттық-зерттеу орталығының жетекшісі Федор Мироглов оның себептерін былай деп түсіндіреді.
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында этностық бағыттағы орыс ұйымдарының белсенді жұмыс істеуінің басты себебі – олар қазақ қоғамының әкімшілік жүйесінің потенциалын асыра бағалады. Яғни, сол кезде орыс қоғамы қазақы идеялар жуық арада жүзеге асады деп есептеді. Мәселен, бір ғана мемлекеттік тілді алайық - қазақ тіліне 1995 жылға дейін тұтастай көшеміз деді. Сол сияқты болашақ ассимиляция, Ресеймен тарихи-мәдени байланыстың мүлде үзілетіні де айтылды, - деді Федор Мироглов.
Қазіргі уақытта Қазақстанда «орыс тілі мен орыс этносына ешқандай қауіп жоқ» деп есептегендіктен орыс қауымы саясаттан қол үзген деді ол.
Орыс этносының саясатқа аз араласып отырғанын тілге тиек еткен «Ресейлік отандастар бірлестігі» республикалық-қоғамдық ұйымының төрағасы Геннадий Беляков тіпті ассамблеяның атынан да «орыстарға» парламенттен орын тимегенін айтты.
- Қазақстан халқының 28-30 пайызын құрасақ та, биліктегілердің арасында бізден шыққандар 4-5 пайыз ғана. Оның өзінде орыс диаспорасының емес, Қазақстан халқының мүддесін қорғап отыр, - деді Геннадий Беляков.
«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІ»
Конференция барысында мемлекетқұраушы ұлт – қазақтың да мүддесі айтылды. Саясаттанушы Мұхтар Тайжанның айтуынша, доктринада мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың міндеті деп жазылғанмен, 2020 жылға дейінгі қабылданған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы орыс тілінің функциясын сақтауды көздейді. Оның ойынша мұндай қарама-қайшы жағдай қазақ тілі мәселесін шешуді күрделендіре түседі.
- Сарапшы ретінде айтарым, мұның арты тығырыққа тірейді, - деді Мұхтар Тайжан.
Қазақстанның «Қазақия» деп аталғанын қалайтынын жасырмаған саясаттанушы Айдос Сарым елдің пост-колониалдық кезеңде тұрып қалғанын атап өтті.
- Қазақстан мемлекеті - біреуге ұнасын-ұнамасын - қазақ мемлекеті. Славян халықтары дейміз, олардың жартысына жуығы бұл қазақтың мемлекеті екенін біліп, түсініп отыр. Өкінішке қарай, Кеңестік Одақтың құрамында жүрген колониядан шын мәніндегі ұлттық мемлекетке өтудің транзиті дейміз бе, уақыты дейміз бе, тым созылып кеткен сияқты, - дейді Айдос Сарым.
«Қазақстандық ұлт» идеясына қатысты көзқарасын білдірген сарапшы ұлттық мәселелер шешілмегендіктен бұл ұғымға қазақ қоғамы көбіне үрейлене қарайтынын жеткізді.
- Бұл негізінен саясиланған термин ғой. «Қазақстан» деген сөздің өзі «қазақ елі» деген сөздің парсыша баламасы болғандықтан, «қазақстандық» деген сөздің өзіне ешқандай қарсылығым жоқ. Ал егер «қазақстандық ұлт» болатын болса, онда әңгіме басқаша. Өзіміздің ішкі мәселелеріміз дұрыс шешіліп жатқан болса, шын мәнінде ұлттық мемлекет құрылған болса, оған ешкім қарсы болмас еді. Бар мәселе бүгінгі қазақ көпшілігінің ұлттық мәдениеті, тілі т.б құндылықтары осы «стандықтың» ішіне араласып, жоғалып кетуі мүмкін деген үрей, қорқынышынан туындап отыр. Сондықтан «қазақ» деген тамырға жабыса береміз. Бұл - қоғамның табиғи ішкі реакциясы, - деді Айдос Сарым.