Ұзынағаш селолық округінің шетіндегі Жаңа-Құрылыс деп аталатын елдімекенде тұратын Жалғасбай Аманшаұлы осында қайтыс болған туысын бір күннің ішінде екі рет жерлеуге тура келгенін айтады. Бұл жерге Қарақалпақстаннан көшіп келген Жалғасбайдың апайы Бибіраба биылғы қазан айының 25-сінде қан қысымы көтеріліп кенеттен дүние салған. Ертеңінде ағайын-туыстары жиналып, марқұмды мұсылман салтымен жаназасын шығарып, ауыл имамының көрсетуімен, Жалғасбайдың әлі толық салып бітпеген үйіне жақын маңдағы зиратқа қояды.
Қабірлік жерге байланысты оралмандармен дауласқан ауыл тұрғындарының бірі Серік Таубалдиев өз ісін дұрыс деп санайды:
- Біздің жақын туыстарымыз жерленген бұл жер сатып алынған, оның тиісті қағазы жеңгемде бар. Бұлар осы менің немере ағам жатқан зиратқа жапсарлас қоймақ болыпты, біз жеңгем екеуміз қарсы болдық. Енді, біз өзіміздің аруағымызды, ата-бабамызды қорғамасақ болмайды ғой...
- О заманда бұ заман, ата салтымызда жерленген мәйітті көрден ашқызып алуға мәжбүр етуді көріп-естімеген едік. Шеттегі қазақты президент Назарбаевтың өзі шақырып жатқанын қабыл алып, өлсем сүйегіміз атажұртымызда жатсын деп келгенде мына сұмдық бізді қатты шошытты әрі зығырданымызды қайнатты. Тіпті, қалың өзбектің ортасында әйтпесе басқа кез-келген қай елде болсын жүрген қазақтар дәл мұндай қорлауды көрген емеспіз. Арамыздағы қызу қанды жастар бұл сорақылықты осы күйі қалдырғысы келмеді, бірақ үлкендер жағы оларға басу айтып, осы ауылдың ел тыңдайтын адамдарына, басшыларына жүгінейік дедік. Содан қарашаның 3-і күні бес адам аудан әкімдігіне барған едік, олар бізді сөзбен сипалап шығарып салды. Біз олардан жөні түзу жауап ала алмадық, - дейді оралмандардың арасындағы жасы үлкен ақсақалы Бекболсын Беделұлы күйініштен дауысы дірілдеп.
Әлгі ауыл имамы сол оқиға болған күннің ертесінен өзін жайсыз сезініп, бірнеше тәуліктен соң қайтыс болып кетіпті. Оралмандардың арасында, имам дүниеден өтер алдында түсіне көрден қазылып алынған марқұмның аруағы кіріп мазалапты-мыс деген әңгіме кеулеп жүр.
Жамбыл ауданы әкімі аппаратындағылар бұл оқиға жайында барлық мәселені Ұзынағаш селолық округі әкімінен анықтауға кеңес берді. Ұзынағаш әкімнің орынбасары Әуесбай Айдын болған оқиға жайында Азаттық тілшісіне былай дейді:
- Зираттық жер ешкімнің меншігі емес. Біз ондай жерді шаруа қожалықтарының келісімімен бөліп белгілейміз. Ешкімнің зираттық жерді иемденуге құқысы жоқ. Оқиға болған соң мен ауыл молдаларын шақырып алып жиналыс өткізіп, қайтыс болған адамды ұлтына, басқа ерекшеліктеріне қарап бөлмеу туралы айттым. Иә, сол оқиға болған күні зират басында болған адамдардың бірі полиция қызметкері ретінде барыпты дегенді мен де естідім. Бірақ, ол жерде біздің ауылдың учаскелік полиция өкілдері болмаған. Ал, өзін полициямын деп таныстырған адам мен сіз айтып отырған әлгі жерді меншігім дегендердің кім екенін біз білмейміз, іздестірдік, бірақ әлі таба алмай жатырмыз.
Ал осындағы ағайындарының тұрмыс-жағдайын көруге және мүмкіндік болса қоныс аудару жайын білу үшін Қарақалпақстаннан қонаққа келгендер әлгі болған жайтты естіген соң, «бір рет өлген адамды екі рет жерлейтін» елге көшіп келу ниеттерінен қайтыпты.