Қарағандылық хирургтар 40-нан жаңа шыққан нәрестенің жүрегін "жамады"

Әр секунд қымбат операция сәті. Қарағанды, желтоқсан, 2008 жыл

Қарағанды қаласында 1 жарым айлық сәби жүрегіне күрделі операция жасалды. Мамандар мұны Қазақстандағы медицина саласы дамуындағы үлкен жетістік дейді. Өйткені осыған дейін мұндай операциялар тек бір жастан асқан балаларға ғана жасалып келген.
Бір жарым айлық Валерия Чупринаға дәрігерлер қорқынышты диагноз қойған. Ол - туа біткен және осы уақыт ішінде асқынып үлгерген жүрек ақауы. Қарағандылық кардиохиругтер мұндай операцияларды 1 жастан асқан балаларға жасап келген. Алайда туғанына 40 күн болған сәби олардың алдында бірінші рет әкелінді. Сәби жүрегіне жасалған күрделі операция тек қарағандылық дәрігерлердің ғана жеңісі емес, ол бүкіл Қазақстан медицинасының табысы дейді мамандар. Тіпті мұндай операция Орта Азия көлемінде алғаш жасалып отыр екен.
Поляк дәрігері Марек Витец, Қарағанды, желтоқсан, 2008 жыл


Қарағандылық мамандарға көмеккке келген польшалық кардиохирург Марек Витецтің қатысуымен өткен күрделі операция бірнеше сағатқа созылды. Марек Витецтің айтуынша операция барысында жүрек пен қан айналымы тоқтатылғаннан кейін, уақыт секундтармен өлшенетін қас-қағым сәтте барлық негізгі әрекетті айна қатесіз орындау қажет. Дегенмен ол операцияның ойдағыдай өткенін айтады. Бірақ білікті маман операциядан кейін балаға ерекше күтімнің қажет болатынына жіті назар аудару керектігін және бұл операция бала өмірін сақтап қалудағы тек алғашқы қадам екенін ескертті. Өйткені нәрестенің нәзік ағзасы хирургиялық араласуды көп жағдайда көтере бермейді дейді ол.

-Әрине қатты қобалжыдық, әлі де есімізді жия алар емеспіз. Кішкентайымның басына салғанын қараңызшы. Жаратқанға жалбарынып осы сағаттарды өткіздік. Мамандар бәрі артта деп жатыр. Рахмет,-дейді көзі жасқа толған Валерияның анасы Мария Чуприна.

Марек Витец Қарағанды қаласындағы екі апталық іс сапарын аяқтап, өз еліне жол тартты. Осы уақыт аралығында Қарағандыдағы жүрек сырқаты бар азаматтардың көбі білікті маманның алдынан өтті. Ал Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы алдағы уақыттарда әлемдегі жүрек науқасын емдейтін маман-хирургтарды Қарағандыға шақырып, осы дертке шалдыққандарға ерте бастан көмек көрсететін боламыз дейді.