Түркменстаннан атажұртқа қоныс аударған Күнібай Оразалиевтің отбасы Ақтөбе облысында тұрады. Оралмандар өз құқықтарын және көмек алу үшін кімге өтініш жасарын білмейді. Өндірісте жұмыс кезінде жарақаттанған отағасы ол үшін ешқандай өтемақы алмаған.
ҚАРЫЗҒА АЛҒАН ҰН
Күнібай Оразалиев Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Қаратоғай кентінде тұрады. Өзінің айтуынша, ол 1996 жылы Түркменстаннан Қазақстанның Маңғыстау облысына квотасыз көшіп келген. Күнібай Оразалиев – көп балалы отбасының жалғыз асыраушысы.
Күнібай Оразалиевтің Азаттық радиосына айтуынша, ол жекеменшік құрылыс ұйымында үш жылдай жұмыс істеген. Бірақ, ол жердегі жұмыс істеп жатқандардың ешқайсысы жұмыс берушімен шартқа отырмаған.
– Бізге, жұмысшыларға, банктан шот ашты, бірақ ол шотқа ешқашан ақша аударған емес. Жалақы туралы тізімге 40-50 мың теңгеге қол қойып, ал қолымызға 12-25 мың теңге алып тұрдық, – дейді Күнібай Оразалиев.
Оралманның айтуынша, өткен жылдың 16 желтоқсанында апатты жағдайда тұрған кран құлап кетіп, оның сол аяғын жарақаттаған. Ол операциядан бас тартқан. Күнібайдың айтуынша, басшылар оған келген зардаптың орнына төлем төлейміз деп үміттендірген. Бірақ, уәделерін орындамаған.
– Әйелім жұмыссыз, бес балам бар. Далада аяз қақап тұр, ал кіші ұлым 30 градустық аязда мектепке кроссовкамен және спорттық костюмде барады. Кентте жұмыс жоқ. Ауылдықтар қалада жұмыс істейді. Жұмысқа таксимен барамыз. Қазір тамаққа да ақша жоқ, әйелім ұнды көршілерден қарызға алды. Біз – оралмандармыз, бірақ өз құқымызды білмейміз. Кімге барып өтініш жасарымызды білмейміз, – дейді оралман Күнібай Оразалиев.
Күнібай Оразалиевтің әйелі Зылиха Есенғалиева Түркменстанда олардың жекеменшік үйі, бір гектар жері болғанын айтады. Төрт түйесі, екі сиыры, жиырма бес қойы болған.
– Газ, жарық, тұз тегін болатын. Балалар қазақ мектебіне баратын, колхоз төрағасы да қазақ еді, – дейді Зылиха Есенғалиева.
Оның айтуынша, ешқандай кемсітушілік болмаған, қай ұлтқа жататындығымызға қарамастан өте тату, бірімізге-біріміз көмектесіп тұрдық, салт-дәстүрімізді ұстанып тұратынбыз.
Тарихи отанымызға келген соң қолымызға 30 мың теңге берді. Алдында үй жалдап тұрдық, содан соң осы кенттен үй сатып алдық. Біз тарихи отанымызға қайтып келгенімізге өкінеміз. Жұмыссыз, нансыз, көмірсіз, ешқандай болашақсыз отырмыз, – дейді көзіне жас алып Зылиха Есенғалиева.
Оралман отбасының қиын жағдайына байланысты Қартоғай ауылдық округінің әкімі Дархан Боранқұл: «1 сәуірден бастап Зылиха Есенғалиева еңбек биржасында үш ай жұмыс істейді. Қалғанын содан соң көреміз», – деп жауап берді.
Оралман Күнібай Оразалиевтің отбасы тіркелмеген «Алға» партиясына көмек сұрап барды. Партия оларға азық-түлікпен жәрдемдесті.
ИЕСІЗ ҚАЛҒАН ЭЛЕВАТОР
Совет өкіметі кезінде Қаратоғайда «Астық базасы» атты элеватор жұмыс істеді. Ол жерде табиғат апаты жағдайында пайдалануға қажетті мемлекеттік резервте тұрған астық сақталатын. 1980 жылдары облыстағы егіншілік аумағы 2,5 миллион гектарға жететін.
Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысындағы егін алқабы бес есеге дейін қысқарды. Өткен жылы 791 мың гектар жерге ғана егін егілді. Қазір Қаратоғайдың элеваторы иесіз, талан-таражға түсіп, бос тұр.
Еңбек ардагері Жұмабай Құлымов «Астық базасы» элеваторында 40 жылдай жұмыс істеген. Оның айтуынша, элеватор 1975 жылы жұмыс істей бастаған. Қуаттылығы жағынан Қазақстанда екінші орында тұрған. Астық сақтайтын бункері 20-30 метр тереңдікте болған.
– Мұнда астықты облыстың барлық аудандарынан алып келетін. 1961 жылдан бастап слесарь болып жұмыс істедім. Одақ тараған соң элеватор иесіз қалды. Тіпті, бункерде астық та қалған болатын. Бірақ, тұрғын халық оны уақыт өте келе тасып алып кетті. Қымбат тұратын құрал-жабдықтар жоқ болып кетті. Қазір бұрынғы кездегідей бункерде сақтайтын астық жоқ. Оның үстіне қажетті қымбат тұратын құрал-жабдықты да сатып алу оңай емес. Бір кездері Қаратоғай бай, гүлденген ауыл еді, – дейді еңбек ардагері Жұмабай Құлымов.
1970-1990 жылдары Қаратоғаймен қатар аумағы 3 мың гектарлық Нагорный алқабы орналасқан болатын. Онда көкөністер, мал азығы өсірілетін. Облыста мал шаруашылығы жақсы дамыған еді. Біртіндеп Қаратоғайдан немістер, орыстар, украиндар көшіп кетті.
Аса үлкен элеватор бүгінде қауіпті болып тұр. Оның аумағында бірнеше мәрте кісі өлімі орын алған.
Тарихи отанына 700 мыңнан аса оралмандар қайтып келген екен. Мемлекет бөлген аз ғана өтемақыға ораламандардың барлығы бірдей үй сатып ала алмаған.
Оралмандардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерге орналастырылған. Мәртөк ауданында Түркменстаннан, Өзбекстаннан келген оралмандар тұрады. Бүгінде оралмандардың көпшілігі жұмыссыздар қатарын толтыруда.