Қазақстанның қаржы полициясы үстінен қылмыстық іс қозғаған статистика жөніндегі республикалық агенттіктің бұрынғы жетекшісі Анар Мешімбаеваның қайда екендігі айтылмай отыр. Былтыр жазда осы іс бойынша бірнеше лауазымды адам тұтқындалған болатын.
Қаңтардың 13-күні Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Қазақстан қаржы полициясының баспасөз өкілі Мұрат Жұманбай «қазіргі таңда Мешімбаеваға қатысты іс бойынша тергеу жүріп жатқандығын» айтты.
Одан өзге, осы мекеме төрағасының орынбасарлары Нұрман Баянов пен Берлі Меңдібаевтың, «Киік» компаниясының басшысы Серік Тұржановтың қылмыстық істері бойынша тергеу жұмыстары аяқталғаны хабарланды.
– Қазіргі таңда іс материалдарымен олардың адвокаттары танысып жатыр, – деді қаржы полициясының өкілі.
«Киік» компаниясының құрылтайшысы Серік Тұржанов өткен жылы маусымның 2-сі күні «халық санағына бөлінген қаржыны жымқырды» деген айыппен осы фирманың бас директоры Александр Нысанов және Қазақстан статистика агенттігі төрағасының орынбасары Берлі Меңдібаевтармен бірге қамауға алынған еді.
Ал қарауындағы бірнеше жауапты қызметкер істі болғаннан кейін статистика агенттігінің жетекшісі Анар Мешімбаева 2009 жылы қазанда отставкаға кеткен болатын. Агенттік төңірегіндегі жанжал елде бүкілхалықтық тұрғындар санағы өткізілгеннен кейін басталған болатын.
Былтырғы жылы маусымда Баянов, Меңдібаев және Тұржанов соттың санкциясымен қамауға алынған-ды. Оларға «халық санағын өткізуге бөлінген қаржыны талан-таражға салған» деген айып тағылды.
Өткен жылдың маусым айында осы іске қатысты Қазақстанның қаржы полициясы таратқан мәлімдемеде: «Ұлттық халық санағын өткізуге барлығы 1,144 миллиард теңге (шамамен 7,6 миллион АҚШ доллары) бөлінген, тергеу жұмыстары санаққа іс жүзінде 379 миллион теңгенің (шамамен 2,5 миллион доллар) жұмсалғанын анықтады, ал қалған 764,8 миллион теңгені ( 5,1 миллион долларды) агенттіктің лауазымды тұлғалары мен жеке кәсіпорындардың басшылары жымқырып кеткен», - делінген еді. Енді, міне сол кезде статистика агенттігінің басшысы болған Анар Мешімбаеваның үстінен де қылмыстық іс қозғалып отыр.
Қаржы полициясының баспасөз өкілі Мұрат Жұманбай оған қатысты бұдан өзге ақпарат беруден бас тартты. Анар Мешімбаеваның қайда екендігі белгісіз қалып отыр. Дегенмен кейбір ақпарат бұлақтары оның әлі тұтқындалмағандығын хабарлады. Мешімбаева Қазақстаннан тыс кетіп қалуы ықтимал деген болжамдар да айтылды.
1970 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Анар Мешімбаева, Мәскеудің М. Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Кезінде Қазақстанның стратегиялық жоспарлау агенттігінде жұмыс істеп, бір жыл экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде директордың орынбасары қызметін атқарған. Одан кейін Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтын басқарып, президент әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінде қызмет еткен.
Анар Мешімбаева Қазақстанның статистикалық агенттігінің басшылығына 2007 жылдың наурыз айының басында келіп, 2009 жылдың қазан айында өз еркімен кеткен болатын.