Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы химиялық кешенді қаладан жыраққа салуды айтқан экологтардың талабымен келіспейтіндіктерін мәлімдеді. Ал экологтар ел президенті мен премьерге жазылған ашық хатқа қол жинауды жалғастырып жатыр.
«ЗАУЫТТЫ КӨШІРУ БЕНЗИН ҚҰНЫН ҚЫМБАТТАТАДЫ»
Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы жақын болашақта жаңадан салуды жоспарлап отырған жағымды иісті көмірсутектер өндірісін қала сыртына көшіру туралы экологтардың талабына үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Осы мәселе бойынша Атырауда жұртшылық өкілдерімен кездескен
Қайрат Оразбаев, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары, желтоқсан, 2009 жыл.
– Зауытты жаңарту – жалпы мемлекеттік бағдарлама. Жағымды исті көмірсутектер өндірісі халықаралық стандарттарға сай салынатын болады, – деп мәлімдеді.
Дегенмен ол экология мәселелеріне баса көңіл бөлуге, қаланы жасыл желекке бөлеуге атсалысуға уәде берді.
Қайрат Оразбаевтың айтуынша, «теориялық жағынан алғанда, зауытты қаладан, экологтар талап еткендей, 100 шақырым қашықтықта салуға болады. Алайда, бұл жағдайда жобаның құны 5-6 млрд. долларға қымбаттап, бензиннің бағасы да арта түспек».
Ол бұл зауыт қала ауасын бұзып, экология мен тұрғындар денсаулығына зиян келтіріп отыр деген уәжбен келіспейтінін айтты.
– Қала зауытсыз да көк түтінге бөккен. Ал ауаға тарап жатқан зиянды қалдықтардың 90 пайызы – автокөліктер пайдаланатын сапасыз бензиннің салдары, – деп түсіндірді Қайрат Оразбаев.
ЭКОЛОГТАР ҚОЛ ЖИНАП ЖАТЫР
Алайда бұндай пікірмен экологтар келіспейді. «Арлан» бейүкіметтік ұйымының жетекшісі Макс Боқаев бастаған экологтар тобы бұл жобаны аса қауіпті нысан деп дабыл қағып жүр. Олар 2007 жылы Қытайдағы Фуцзянь провинциясындағы Сямынь қаласы тұрғындары осыған ұқсас кешенді «атом бомбасына» балап, өндірісті қала ішінен салуға жол бермегенін де мысалға келтіреді.
Бұған қарсы уәж ретінде, «Атырау мұнай өңдеу зауытының» өкілі Қайрат Оразбаев Қытайдағы дәл осындай химия өндірісі Сямынь портты қаласының өзінде салынбағанымен, бәрібір сол қала орналасқан демалыс аймағы аралында салынғанын көлденең тартты.
Тіпті сол жерде өзінің де демалатынын айтып, елдің көңілін жайландыруға тырысты.
Ал зауыттың жаңа кешені қала аумағында салынуына қарсылық білдіріп отырған қоғамдық ұйым белсенділері жаңа кешенді қала аумағынан аулаққа салуды сұрап, ел президенті мен премьерге жазылған ашық хатқа тұрғындар арасында қол жинап жатыр.
– Қазір параксилол мен бензол өндіретін химиялық кешенді қаладан аулаққа салуды сұраған қала жұртшылығының саны 820 адамға жетті. Жобаның тиісті құжаттарымен танысқан соң сотқа жүгінетін боламыз, – деді «Арлан» бейүкіметтік ұйымының жетекшісі Макс Боқаев Азаттық тілшісіне.
ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ЖАПОН КОМПАНИЯЛАРЫ
Макс Боқаев кезінде зауыт құрылысын жүргізу жөніндегі конкурсқа өзге шетелдік компаниялармен бірге жапондық Marubeni Corp. және Джей-Джи-Си компаниялары да қатысқанын еске салды. Бірақ конкурс нәтижесі бойынша, құрылыс жобасын Қытайдың Sinopec компаниясы салатын болды.
– Жапондық компаниялар жоба үшін 3,5 млрд. доллар сұраса, қытайлықтар 1,040 млрд. долларды місе тұтты, бұл жапондықтардың экология проблемасын алғашқы орынға қойғанын көрсетпей ме? – деді ол.
Бұған зауыт басшыларының бірі Қайрат Оразбаев «жапондардың жалақысы қытайлықтарға қарағанда бірнеше есе көп» деп жауап берді.
– Жалпы, Жапонияда бәрі қымбат. Мәселен, жапондық консорциумды қаржыландырған «Жапон халықаралық әріптестік банкі» ұсынған несие пайызы да Қытайдың «Экспорттық-импорттық банкі» несиесімен салыстырғанда анағұрлым жоғары болды, – деді Қ.Оразбаев.
Макс Боқаев болса Sinopec компаниясының бұл құрылысты салуға құзырлы кәсіпорын екендігіне де күмән келтіреді. Ол бұл компанияның не Еуропа елдерінде, не Жапонияда да мұндай құрылыс салмағанын баяндады.
– Бұған қоса Sinopec Engineering компаниясының бұрынғы басшысы Чэнь Тунхайдың өз елінде жемқорлығы үшін өлім жазасына кесілгені белгілі, – дейді ол.
Алайда Қайрат Оразбаев Sinopec Engineering компаниясының тегін таңдалмағанын айтады. Оның бұған дейін баспасөз беттерінде жариялаған анықтамасына сүйенсек, Sinopec мұнай өндіру көлемі жағынан әлемде 3-ші орында, ал мұнай-химия өнімдері бойынша 4-ші орынды иеленген.
2008 жылы 42 млн. тонна мұнай және 8,3 млрд. текше метр табиғи газ өндіргендіктен «Fortune Global 500» рейтингінде 16-шы орыннан көрінген. Компания қазір Қазақстанда өз бизнесін өркендетуде.
«Ал жағымды исті көмірсутектер өндірісі Sinopec Engineering компаниясының бетке ұстар ісі. Сондықтан ол Қазақстан рыногын жоғалтпауға тырысады», – дейді Қайрат Оразбаев.
ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ТОЛҒАНДЫРАДЫ
«Глобус» қоғамдық ұйымының жетекшісі Галина Чернова Атырау зауыты әлі күнге дейін қауіпті жағдайларға дайындықтары жайлы толық мәлімет бермей келе жатқандығын айтады.
Ал кәсіпорын осы жобаға байланысты Ресейдің «Омскнефтехимпроект» компаниясы дайындаған экологиялық құжат-дәйектерін ұсынғанымен қоғамдық ұйым өкілдері оны қабылдамайды.
– Өйткені, «Омскнефтехимпроект» Sinopec компаниясымен стратегиялық әріптес болғандықтан, экологиялық мәселелерде солқылдақтық танытуы да мүмкін, – дейді Галина Чернова.
Атырау тұрғыны Талғат Аяновтың «апатты жағдай бола қалғанда халықты қалай құтқарасыздар? Олар қалай эвакуацияланбақ?» деп сұрағына зауыт басшылары арнайы жоспарымыз бар дегенімен, оның нақты қандай жоспар екендігін ашып айтқан жоқ.
Экологтар қалай болғанда да бұл жобаға экологиялық сараптама жасаудың қажеттілігін айтады.
Өткен қазан айының 29-күні Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Қытайдың Sinopec Engineering компаниясы арасында жағымды иісті көмірсутектер өндіретін химиялық кешен салуға келісім-шарт жасалған еді.
Құны 1 млрд. 40 млн. доллар болатын бұл жоба іске асқанда жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіріледі деп жоспарланып отыр.