Парақорлық жайын білгісі келген жастар ұйымдарының бастамасын университет басшылығы қош көрмейді

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті. Атырау, 6 сәуір 2010 жыл.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау унверситетіндегі парақорлық туралы үндеу хатта айтылғандарды университет басшылары жоққа шығарады. Астаналық жастар ұйымы шындықты сауалнама арқылы студенттердің өздерінен білгісі келеді.

ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ БАСТАМАСЫ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау унверситетінің студенттері ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға үндеу жазып, осы білім ордасындағы жемқорлықты жоюға көмек сұрағанына аптадан аса уақыт өтті. Әзірге білім министрі мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері жақ ашқан жоқ.

Ал универститет басшылары бұл мәселелерді жоққа шығарады. Студенттермен кездескен жергілікті билік пен құқық органдарының өкілдері хатта көрсетілген жайттардың анықталмағанын айтады. Ендігі істің ақ–қарасын тексеруді Астанада құрылған жастардың қоғамдық комиссиясы қолға алмақ.

Ондай бастаманы Қазақстанның жастардан құралған қоғамдық ұйымдары көтеріп отыр. «Абырой» жастар қозғалысының белсендісі
«Абырой» жастар ұйымының белсенділері (солдан оңға): Махамбет Әбжан, Азамат Жетпісбаев, Жанбота Қарашолақов. Астана, 9 сәуір 2010 жыл.
Махамбет Әбжанның мәлімдеуінше, сәуірдің 12-сінде ол Жанбота Қарашолақов екеуі атыраулық студенттердің хатына ресми жауап есту мақсатымен Қазақстанның білім министрі Жансейіт Түймебаевқа жолығуға барған. Алайда министрдің уақыты болмағандықтан, олармен жоғары білім департаментінің директоры Серік Өмірбаев кездескен.

Махамбет Әбжанның сөзіне сүйенсек, министрлік жастардың Атырау университетіндегі ахуалды тексеру үшін қоғамдық комиссия құрып, студенттер арасында құпия сауалнама өткізу туралы ұсыныстарына қолдау білдірген. Бірақ министр Жансейіт Түймебаев департамент директоры арқылы қоғамдық комиссия құрамына Қазақстан студенттерінің альянсы өкілін енгізуді өтінген. Ал Серік Өмірбаев Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Алтай Қазмағамбетовке жастардың қоғамдық комиссиясы жұмысына барынша жағдай жасауға тапсырма берген.

– Ең бастысы Өмірбаев мырза университеттегі сыбайлас жемқорлық немесе басқа заң бұзушылық туралы ақпаратты ашық берген студент немесе оқытушыға қысым жасалмайтындығына, оқудан және жұмыстан шығарылмайтынына уәде берді, – деді Махамбет Әбжан Азаттық тілшісіне.

Махамбет Әбжанның айтуынша, хат анонимді түрде жазылғанымен оның авторларының аты-жөндері белгілі. Олардың арасында студенттер де, профессор-мұғалімдер де бар.

– Бірақ олар қуын-сүргінге ұшыраймыз деп қорқып, ашық әңгімеден тайсақтап отыр, – дейді ол.

Енді сәуірдің 13-інде «Абырой» жастар ұйымының белсендісі Махамбет Әбжан Атырауға келмек. Ол жастардан құралған қоғамдық комиссияың үйлестірушісі. Ал сәуірдің 14-нен бастап қоғамдық бірлестіктер мен оппозиция өкілдерінен және журналистерден құрылған қоғамдық комиссия студенттер арасында құпия сауалнама жүргізетін болады.

– Егер хатта айтылған жайттар нақытыланса біз ректордың орнынан алынуын сұрамақпыз. Ал егер министр жастардың ұсынысына құлақ аспаса, оның өзінің отставкаға кетуін талап етеміз, – деді Махамбет Әбжан.

Алайда Махамбет Әбжан қоғамдық комиссияны Атырау университеті ректорының құшақ жая қарсы алатынына күмәнданады.

– Министрлік өкілі Серік Өмірбаев телефон соққанда Атырау университетінің ректоры Алтай Қазмағамбетов комиссия жұмысына кедергі келтірмейтінін, бос тұрған жатақхананы көрсететінін айтқан еді. Бірақ қол телефонына хабарласқанымда ол өзіне 200 студенттің келіп, комиссияға рұқсат бермеуді сұрап отырғанын айтып, тұтқаны қоя салды. Одан соң қанша телефон соқсам да жауап бермеді. Мұның бәрі бізді «ректор шынымен нені жасырып отыр?» деген сауалға жауап іздеуге итермелеп отыр, – деп мәлімдеді Махамбет Әбжан Азаттық тілшісіне.

ШЕНЕУНІКТЕР КОМИССИЯСЫ

Студенттердің ашық хаты таралғанына бір апта өткенде Атырауда жергілікті шенеуніктерден құралған комиссия университетке келіп
Жергілікті шенеуніктер мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері Атырау мемлекеттік университетінің жатақханасы алдында. Суретте оң жақтан екінші тұрған – ректор Алтай Қазмағамбетов. Атырау, 10 сәуір 2010 жыл.
жатақханадағы студенттерімен кездесті.

Облыстық прокуратура қызметкері Руслан Әйтімовтың айтуынша, хаттағы баяндалған мәселелер дәлелін таппаған.

– Сондықтан іс қозғау жайлы әңгіме болмайды, дегенмен тексеру жүргізіледі, – деді ол.

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Асқар Керімов ахуалды көзбен көріп, облыс әкіміне барып баяндау үшін университетке барғанын айтып берді.

– Универститет ішінде біреулер арандатушылық оймен жазған тәрізді. Әйтпесе бұдан студенттерге келер пайда жоқ. Мүмкін бір мансап қуған мұғалімдер болар, – дейді Асқар Керімов.

Ал ішкі саясат басқармасының бастығы Әсия Қыстаубаеваның ойынша, «ұсталмаған – ұры емес».

– Болмаса сол ақша сұрап отырған мұғалімді қолынан жетелеп әкеліп, шағым жазса біреу студенттерге қой деп отыр ма? Студенттердің өздері жағдайларын түзеуге құлықсыз болып отыр ғой, – деді шенеунік.

Бұған қоса қазір қоғамда мұның барлығын «екі ректордың арасындағы текетірес себебінен» деп айтатындар да жоқ емес. Бірақ «ректорлар шайқасынан» бері талай уақыт өтті, яғни ашу-ызаның да тарқайтын кезі болды деп санайды Әсия Қыстаубаева. Облыстағы ішкі саясатты басқарып отырған шенеунік бұл хат пен 11-сәуірде Алматыда өтпей қалған студенттер жиыны арасынан байланыс іздейді.

– Алматыда митингке шықпақ болған студенттер оның бір ұшқынын өздеріне аймақта қолдау болсын деген мақсатпен Атырауға да тастаған шығар, – деген күмәнін білдірді Әсия Қыстаубаева.

Шенеунік өз ақыл-кеңесін де айтты: бәлкім, студенттер арасында жасырын сауалнаманы билік партиясының «Жас Отан» жастар қанаты немесе студенттер альянсы жүргізуі керек болар.

СТУДЕНТТЕРДІҢ АШЫҚ ХАТЫ

Сәуірдің 4-інде интернет парақшаларда атыраулық бір топ студенттің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және «Нұр Отан» париясы мен қоғамдық ұйымдар атына жолдаған ашық хаты жарияланған еді. Ауторларының аты-жөні көрсетілмеген ол хатта Атырау университетіндегі жағдайға шағымдар айтылған.

«Сыбайлас жемқорлықтың өрістегені сонша, білім алу мүмкін болмай барады. Барлығы да бізден соғым, ақша талап етеді, қала берді, қол
Атырау мемлекеттік университетінің №2 жатақханасы. Атырау, 6 сәуір 2010 жыл.
телефонының балансын толтыру үшін тиын-тебен сұрайды. Егер ақша төлеуден бас тартсақ, онда бүкіл топты емтиханнан өткізбей, «құлатып» тастайды», – деп жазылған әлгі хатта.

Хат ауторлары университеттегі емтиханда қойылатын әр бағаның құны бар деп жазады:

«Мәселен, мемлекеттік емтиханда «5» алу 10000 – 15000 теңге, ал «4»-тің құны 8000 – 10000 теңге аралығында».

Олардың айтуынша, диплом қорғау 80000 – 100 000 теңгеге шығады.

(Қазақстанда қазіргі бағам бойынша 1 АҚШ доллары = 148 теңге)

«Ақшаны староста немесе жеке мұғалім арқылы жинатып алады. Емтиханда құлап қалудан қорыққан студенттер дипломын сәтті тапсыру үшін амалсыздан ақша беруге мәжбүр. Сонда бізді парақорлардан кім қорғайды?» – деп сұрақ қояды хат ауторлары.

Сондай-ақ хат ауторлары универститеттің қарамағындағы №2 және №3 жатақханаларда тұратын адамдарды тексеруді өтінген.

«Бұрын әрқайсысында 4 студент тұрған екі бөлмеден енді араларында есік жасап, шағын жөндеуден кейін екі бөлмелі пәтерге айналдырған. Сондықтан, студенттік жатақханаларды мекендегендердің кімдер екендігін, олардың мұнда тұруға қандай құқы бар екендігін анықтауларыңызды сұраймыз», – деп жазады хат иелері.

Олар жемқорлық пен студенттер жағдайының нашарлығының төркінін университет ректорының басшылық әрекетінен іздейді.
Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Алтай Қазмағамбетов. Атырау, 10 сәуір 2010 жыл.
«Қазмағамбетов пен оның командасы мынадай қиын кезеңде ауылдан келген байғұс студенттің қайтіп күн көретінін ойлап бас ауыртып жатпайды», – деп ашық хат жазушылар ректорды кінәлайды.

РЕКТОРДЫҢ ПІКІРІ

Алайда университет ректоры Алтай Қазмағамбетов оқу орнында сауалнама жүргізудің қажеті шамалы деп отыр. Өйткені, қазір емтихан кезеңі, балалар сабақ оқи ма, әлде сауалнамаға қатыса ма деген уәж айтады ректор.

– Келгеніме екі жыл болса да талай комисияны бастан өткердім. Оның бәрі домалақ арыздар еді. Ұмытпасам, бірінші арыз да «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!» деп басталып, «студенттер атынан» делінсе, екінші арызда да президентке арналып «мұғалімдер атынан» деп жолданған болатын. Бұның қайдан шығып жатқан әңгіме екенін айта алмаймын. Бірақ біреулердің әдейі жасап жүргені анық. Бұрынғы домалақ арыздарға сай келген комиссия да ешнәрсенің дәледенбегенін көрген еді. Әр ортада, қоғамда бір көңілі толмай жүрген адамдар болады. Болмаса көктем мезгілінің де кейбір адамдардың психикасына әсер етіп жүруі мүмкін ғой, – дейді Алтай Қазмағамбетов.

МҰҒАЛІМДЕР МЕН КӘСІПОДАҚ

Азаттық тілшісі Атырау мемлекеттік университеті қызметкелерінің пікірін сұраған еді. Бірінші проректор Серік Кеңесбаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін бір де бір мұғалім парақорлықпен ұсталмаған. Ол тіпті «бағалар ставкасы» дегенді өзінің алғаш рет естіп отырғанын айтып, таң қалды.

Серік Кеңесбаевтың сөзіне сүйенсек, «жатақханада орын жоқ, жетіспейді деген бос сөз. Қазірдің өзінде жатақханада 45-50 орын бос тұр».

Серік Кеңесбаев, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры. Атырау, 6 сәуір 2010 жыл.
– Жуырда ғана ректорымыз бір күн уақыт бөліп студенттермен кездесті. Бірде бір студент келіп, маған жатақхана берілмейді, мен пәтер жалдап жүрмін деп арызданған жоқ, – дейді ол.

Сонымен қатар Серік Кеңесбаев хатта көрсетілген «екі бөлмелі пәтерге айналған» бөлменің бар екендігін жоққа шығармады.

– Ол бөлме №2 жатақханада, онда бір мұғалім тұрады. Бірақ, менің ойымша, мұны бір адамдар әдейі ойластырып жасап отыруы мүмкін, – деді Серік Кеңесбаев.

Әңгіме барысында әлгі пәтер тұрғыны студенттер кәсіподағының төрағасы Ізгілік Ахметов екені белгілі болды. Ол өзінің бұл хатты білетінін, бірақ анонимді түрде жазылғандықтан мән бермей жүргенін айтты. Оның айтуынша, жатақхана іздеген студент қазір келсе де орналасатын мүмкіндік жетіп артылады. Тіпті, орын жетпеген жағдайға лайықталып екі сатылы төсектер де алынып қойылған.

– Бізде демократия болғандықтан студенттер ойына келгенін айта алады. Жатақхана жоқ, сессияда пара алады дейді. Бірақ біз ондай анонимдік хаттарға мән берсек болашағымыздан айырылып қаламыз. Бұл шамасы бір үлкен адамдардың ықпалы. Бәлкім университеттің бұрынғы басшысы осындай іріткі алып отыруы мүмкін, – деп күдіктенеді Ізгілік Ахметов.

Сондай-ақ, Ізгілік Ахметовтың айтуынша, студенттер бірінші курсқа қабылданысымен бірден кәсіподақ мүшелігіне өтеді. Ал студенттер кәсіподағы тоқсан сайын «Нұр Отан» партиясына апарып, кәсіподақ жарнасын төлейді. Оның жалпы сомасы 55 мың теңге. Бұл үшін кәсіподақтың әрбір мүшесі ай сайын 5 теңгеден жарна төлейді екен.

«30 СТУДЕНТТІ БІРДЕН ОРНАЛАСТЫРЫП БЕРЕ АЛАМЫН»

Университеттің шаруашылық істер жөніндегі проректоры Бекболат Еділбаев студенттер жатақханаларда тұрмағандықтан оған мұғалімдерді орналастыруға мәжбүр екендігін айтады. Өйткені, бөлмелер бос тұрғанша оқу орыны қызметкерлері тұрып, ақша төлесе
Атырау университетінің шаруашылық жөніндегі проректоры Бекболат Еділбаев. Атырау, 10 сәуір 2010 жыл.
университетке пайда келеді.

«Міне, екі жыл болды суденттерді орналастырумен айналысып келемін, екі жыл бойына жатақхананы студенттермен толтыра алмаймын», – деген ол Азаттық» тілшісіне: «сіз жатақханада тұрғысы келетін 30 студент табыңызшы, бірден орналастырып берейін» деген ұсыныс айтты. Оның айтуынша, қазір екі жатақханада 60 отбасы унверситет қызметкерлері тұрып жатыр екен.

№3 жатақхананың коменданты Гүлшара Ищанованың айтуынша, мұнда жыл басынан бері 5 бөлме бос тұр. Себебі, кейбір студенттер оқу бітіріп, ал енді бірі тұрмыс құрып кеткен. Ал мұнда тұратын 285 студент коммуналдық қызмет үшін ай сайын 1 мың теңге төлейді деді комендант.

Қазірргі кезде Атырудағы ең арзан деген пәтерді жалдап тұру құны айына 45 мың теңге шамасында.

Ашық хатта айтылған мәселелер бойынша студенттердің өздерін сөзге тартпақ болған Азаттық тілшісіне жастар жағы оқудан шығып қаламыз деген қауіптерін алға тартып, өз пікірлерін ашық айтқысы келмеді. Олар ашық хаттан оң нәтиже болады деп үміттенбейді.

Олар: «ақша алмайтын мұғалімді Қазақстанның қай оқу орынан табуға болады?» деп Азаттық тілшсіне қарсы сұраққ қойды.

Өз аты-жөнін атағысы келмеген студенттер жағдайы жақсы отбасының балалары үшін сессияны ақшаның көмегімен «тапсыра» салу оңайырақ екенін айтады.

Атырау мемлекеттік универститетіндегі 7 факультеттің күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде жалпы саны 7400-ге жуық студент білім алады. Күндізгі бөлімдегі 3000-ға тарта студенттің 320-сы мемлекеттік грант бойынша оқиды. Студенттік ақысын төлей алмаған 150 жас оқудан шығарылатындар тізімінде тұр.

Атырау университетінің қарамағында 750 орындық 2 жатақхана бар.