БТА банктың кредиторларына салған қаржыларынан айрылу қаупі төнді

БТА банктың Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

БТА банктың кредиторлары аталған қаржы мекемесіне салған ақшасынан түгелдей айрылуы мүмкін. Халықаралық валюта қоры банкке елдің сенімін қайтару үшін Қазақстан үкіметін қажетті шараларды атқаруға шақырады.

БТА БАНК ӨЗІНЕ НЕСИЕ БЕРУШІЛЕРДІҢ ҮЛКЕН ЗАЛАЛ ШЕГУІ МҮМКІН ЕКЕНІ ЖАЙЛЫ АЙТАДЫ


«Силк Роуд интеллидженсер» сайтының хабарлауына қарағанда, БТА кредиторлары аталған қаржы мекемесіне несие түрінде берген ақшаларының 97 пайызынан айрылуы мүмкін. Банктың сайтында жарық көрген таныстырымда "БТА кредиторларға олардың ақысының ең болмағанда бір бөлігін өздеріне қайтару үшін несие берушілерге мәселені реттеудің үш жолын ұсынған" деп хабарлайды «Силк Роуд интеллидженсер».

Бірінші жол бойынша, банк салымшыларға өзінің қарызын арзандатылған бағамен кері сатып алуды ұсынып отыр, бұл жоба аясында қарыздың көлемі 55-тен 97 пайыз мөлшері арасында азайып кетуі мүмкін. Қарыз көлемінің азаюының бұлай құбылуы сауда кредиттерінің қайта құрылымдауға ену-енбеуіне байланысты деп түсіндірілген. Бұл варианттың жүеге асуы үшін оны кредиторлардың кемінде 50 пайызы мақұлдауы қажет.

Екінші вариант БТА банкке қарызын қайтару мерзімін бүгінгіден болашаққа қарай едәуір ұзартуға мүмкіндік береді, сонымен қатар, банк ол қарызын азайтылған пайыздық қойылым негізінде қайтаратын болады. Бұл вариант жүзеге асуы үшін оны несие берушілердің ең аз дегенде 35 пайызы мақұлдауы керек.

Ал үшінші вариант бойынша, банктың қарызы оны акцияларға айналдыру арқылы қайтарылмақшы. Бұл вариант іс жүзіне асуы үшін оны кредиторлардың мөлшермен бестен бір бөлігі мақұлдауы тиіс.

Жарияланған деректер бойынша, - деп жазады «Силк Роуд интеллидженсер» сайты, - өткен жылы БТА 7,9 миллиард доллар көлемінде залал шегіпті. Сонымен қатар, банк өзінің 12 миллиард доллар көлеміндегі қарызы бойынша пайыздық төлемдерін төлеуді тоқтатқанын хабарлаған. Ал борыштың негізгі бөлігі бойынша төлемдерін БТА осы жылдың сәуір айында-ақ тоқтатқан болатын.

«Рейтер» агенттігі Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өкілдерінің Қазақстан үкіметінен елдегі банк секторына деген сенімді қалпына келтіру үшін қосымша шаралар қолдануды өтінгенін хабарлайды. Мұнымен бірге, ХВҚ өкілдері дағдарыс салдарын еңсеру үшін мемлекет бюджетінен орасан зор мөлшерде қаржы жұмсалуы, Қазақстанның 2000 жылдан бері алғаш рет мемлекеттік бюджет тапшылығына ұшырайтындығына себеп болғалы отырғанын мәлімдеген.

Жыл сайын жарияланып отыратын Қазақстан экономикасына жасалатын шолуында ХВҚ Қазақстан үшін елдегі ең ірі банк БТА мен төртінші ірі банк «Альянс банкіндегі» несие беру себебінен туған залал шегуге қатысты ахуалды «тез реттеудің» маңыздылығын атап көрсеткен.

Мұнымен қатар, ХВҚ елдегі басқа да ірі банктердің қаражат жағдайын тәуелсіз сарапшылардың көмегімен бағалауға кеңес берді деп хабарлайды «Рейтер». Экономиканың өсім қарқынының тежелуі мен Қазақстандағы айырбас бағамының девальвациясы банктерге қысымды күшейтіп отыр деп атап көрсетеді ХВҚ.

Осы жылдың мамыр айында, экономикалық дағдарыс салдарын еңсеруге 10 миллиард доллар қаржы жұмсаған Қазақстан үкіметі, егер кредиторлар БТА мен «Альянс банктың» қарыздарын қайта құрылымдауға келісімдерін бермесе, аталған банктердің өздерін банкрот деп жариялауына бөгет жасамайтынын айтқан болатын.

«Рейтер» агенттігі, ХВҚ-ның сонымен қатар, Қазақстан экономикасының биылғы жылы жалпыұлттық өнімнің өсу қарқынының құлдырауына тап болып, ол құлдырау көлемі 2 пайыз мөлшерінде болатынын, ал экономиканың өсуі тек келер жылы ғана қалпына келіп, алдағы жылғы өсудің көлемі 2 пайыз мөлшерінде болуы керек екендігі туралы болжам жасап отырғаны туралы жазады.

ӘБЛЯЗОВ ОФФШОРЛЫҚ «ХЕТ-ТРИК» ЖАСАУ АРҚЫЛЫ МӘСІМОВТІ АЛДАП СОҚТЫ МА?

«Блумберг» агенттігінің хабарлауына қарағанда, бұрынғы басшылары қашып кеткендіктен, Қазақстандағы ең ірі БТА банктың активтерінің кей бөлігін қайтаруға көптеген жыл қажет болуы мүмкін.

«БТА банктың активтерін қайтару жұмысы жеңіл емес, себебі, берілген қарыздар жөніндегі құжаттарды қалпына келтіру үшін жекелеген мәселелерге қатысты (күрделі) келіссөздер өткізіп, әрі қарыз алушылармен жұмыс жүргізуіміз керек» деп мәлімдеген БТА-ның бас директоры Әнуар Сәйденов Алматыда журналистерге берген сұхбатында.

Сәйденов бұл процестің бір жылдың ішінде біте қоймайтынын да тілге тиек еткен. Қазақстан прокуратурасы шілде айында БТА банк пен оның еншілес құрылымы - «Темірбанктың» және олардың бірқатар корпоративтік клиенттерінің басшыларына 83 миллиард теңгеден (550 миллион доллардан) астам мөлшердегі қаржыны жымқырғаны туралы айып таққан еді деп жазады «Блумберг».

«Блумбергтің» хабарлауына қарағанда, Әнуар Сәйденов: «БТА-ның бұрынғы басшылығы өткен жылдың қараша айы мен осы жылдың ақпан айы арасында банктың алған қарыздарын оффшорлық компаниялардың есепшотына аударып жіберген, ал бұл компаниялар орналасқан аймақтарға (Қазақстан аумағынан) қол жеткізу оңай емес», - деп мәлімдеген.

Ал Қазақстанның қор биржасының веб-сайтында БТА банктегі жүргізіліп жатқан аудиттің қорытындылары туралы «Эрнст энд Янг» компаниясының ресми мәлімдемесі жарияланып отыр. Онда банктен алынған және банкке берілген қарыздарға қатысты кейбір құжаттардың, соның ішінде кепілге алынған мүлік жөніндегі құжаттардың қолды боп кеткендігі жайлы айтылған.

«Эрнст энд Янг» өкілдерінің айтуынша, өткен жылы БТА банк 1,1 триллион теңге көлемінде залал шегіпті. Биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының прокуратурасы Мұхтар Әблязов пен оның кейбір көмекшілерін тұтқындау жөніндегі халықаралық ордер берген болатын. Прокуратура аталған адамдарға банктың ақшасын жымқырып, жалған компанияларға несие бөлу арқылы ақшаның ізін жасырумен айналысты деген айып таққан еді.

Наурыз айының соңында прокуратураның аталған тізіміне бұрындары БТА банктың президенті қызметін атқарған Роман Солодченконың да есімі енгізілді. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, Мұхтар Әблязов, оның орынбасары Жақсылық Жәрімбетов пен басқа да 12 сезіктінің ісін тексеру әлі жүргізіліп жатыр. Бұлардың барлығы қашып жүр деп мәлімдеп отыр Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері. Сонымен қатар, «Блумберг» агенттігі Мұхтар Әблязов пен Роман Солодченконың өздеріне тағылып отырған айыпты теріске шығарып, мойындамай отырғандарын айтады.

ҚАРЖЫСЫН ЖОҒАЛТУШЫЛАР - БАТЫС ИНВЕСТОРЛАРЫ, АЛ ӘБЛЯЗОВ ...БАТЫСТА БОЙТАСАЛАП ЖҮР

Осы бір оқиғада таң қалдыратыны, БТА банкіне салған қаржысын жоғалтушылар не ол қаржысынан басыбүтін айрылу қаупін басынан кешіп отырғандар түгелдей дерлік Батыс инвесторлары болып табылады, ал Әблязов пен оның көмекшілері болса, елден қашып кеткеннен соң сол Батыста бойтасалап жүр.

«Рейтер» агенттігі өзінің сайтында БТА банкке несие бөлген компаниялардың тізімін жария еткен. Оларға қаражаттарының қомақты бөлігінен не түгелінен біржола айрылу қаупі төніп тұр. Аталған кредиторлардың ең ірілері келесі несиелендіру ұйымдары болып табылады: «Вакала Фэсилити» (кредитті ісләмдік қаржыландыру қағидаттары шарты бойынша бөлген, несие беру мәмілесін нақты кімнің ұйымдастырғаны айтылмайды) – қайтарылмаған қарызының мөлшері 250 миллион доллар; «Стандарт Чэртеред» - қайтарылмаған қарызының мөлшері 193 миллион доллар; Банк «Кредит Суисс» - қайтарылмаған қарызының мөлшері 500 миллион доллар және тағысын тағылар.

Бұған қоса, БТА-ның еурооблигациялар бойынша да өтелмеген борышқорлық міндеттемелері бар екен. «Рейтер» агенттігінің мәліметіне сай, осы еурооблигациялар бойынша өтелмеген қарыздың жалпы сомасы 5,2 миллиард долларды құраған. Бұл қарыздың 21 пайызы американ инвесторларына, 18 пайызы британ инвесторларына тиесілі болып саналады.

Аталған құнды қағаздар бойынша банк қайтаруға міндетті қарыздың қалған бөлігі Еуропа, Америка және Азиядағы әртүрлі мемлекеттердің институционалдық әрі жекеше инвесторларына тиесілі болып отыр деп қорытындылайды жаңалығын «Рейтер» агенттігі.