«Қазмұнайгаз» барлау-өндіру компаниясының құрамындағы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының жаңа жалақы жүйесіне көшу туралы ұсынысы жұмысшылардың наразылығын тудырып отыр. Ал «Жылоймұнайгаз» басқармасында тамыр-таныстық етек алғанына қарсылық білдірген Қонысбай Оразов аштық жариялады.
ЖҰМЫСШЫЛАР НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУДЫРҒАН ЖАҢАЛЫҚ
Азаттықтың тілшісіне арнайы хабарласқан жұмысшылар өндіріс орыны жалақыға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасап, егер оған қол қоймаған жағдайда жұмыстан шығатындарын хабарлап отырғандарын жеткізді.
Ал сәуірдің 18-күні «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Ізтұрған Баймұханов Прорва кенішіндегі жұмысшылармен кездесіп, жиналыс өткізді. Мұнайшылардың айтуынша, филиал директоры «жалақының жаңа жүйесіне көшуді «Ембімұнайгаздың» құрамындағы басқа басқармалар жаппай қолдады, жұмысшылардың 90 пайызы қосымша келісімге қол қойды» деп мәлімдепті.
Азаттық тілшісі де мұнайшылардың шақыруымен осы жиналысқа арнайы барған еді. Алайда бұл филиал басшыларына ұнамады. «Жылоймұнайгаз» басқарма директоры Айболат Ғабдуллин журналистің залдан шығып кетуін талап етті. Бірақ залдағы жұмысшылардың жаппай қарсылығынан кейін ғана, Азаттық тілшісінің жиынға қатысуына рұқсат берілді.
Филиал директорының түсіндіруінше, «жалақының жаңа жүйесі мұнайшыларға өте пайдалы, мемлекеттік мерекелерде бәрі бірдей сыйақы алатын болады». Бірақ жұмысшылар бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Олар «мұның астарында кенішті сату жайлы ой жоқ па» деп те күдіктенеді.
Жиналысқа қатысушылардың бірі, жүргізуші Амандық Кішкенбаев 70 пайыз аймақтық коэфициенттің алынып тастауына үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. Ал тағы бір жүргізуші Қайырхан Өтешов егер бұл шын мәнінде жұмысшыларға тиімді дүние болса, неге қайта-қайта үгіт-насихат жүргізеді деп күмәнданады.
Кеніштегі 4-разрядты дәнекерлеуші жігіт бухгалтердің еңбек ақысын жаңа жүйеге сай есептеп, бұрынғыдан 30 мың теңге шамасында кем
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Ізтұрған Баймұханов (сол жақта) және «Жылыоймұнайгаз» басқармасының бастығы Айболат Ғабдуллин жұмысшылар жиналысында. Прорва кеніші, Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
алатынын көрсетіп бергенін мысал етті. «Мұны қалай түсіндіресіз?» деп сұрады ол өндіріс басшысынан. – Бұл мүмкін емес, – деді Баймұханов. – Ол кісілер жұмыстың мәнін білмегендіктен дұрыс ұғындыра алмаған.
Ал Прорва кенішіндегі оператор Нұрболат Кенжегереев «өндірістік аймақ Атырауды Алматы немесе Астанамен салыстыруға мүлде келмейді, сондықтан зияндылық үшін төленетін аумақтық коэфициентті алып тастау ақылға сыймайтын іс» дейді.
– Егер бұл жер денсаулыққа қауіпсіз болса, 7 мыңға таяу тұрғыны бар Сарықамыс ауылын осы аймақтан неге үдере көшірді? Қасымыздағы Теңіз кенішінде үйіліп жатқан күкірт бізге ауамен келмей ме? Оған қоса күні ертең 7 мың метрге дейін жаңа қазба жұмыстарын бастамақ. Онда біз күкірттің астында қалмаймыз ба? – деп уайымдайды жөндеуші Асылхан Мусин.
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Ізтұрған Баймұханов басқармаларды араламас бұрын «Қазмұнайгаздың» барлау-өндіру бастығы Кенжебек Ибрашевпен сөйлескенін алға тартты.
– Ибрашев «Мұнайшыларға екі өндірістік филиалда екі түрлі жалақы болмайтынын түсіндір. Жалақылары 30 пайызға артады, оған кепілдік беремін» деген. Мен тек соны айту үшін келіп тұрмын, – деп, салмақты басқаға аударды.
ЖҰМЫСШЫЛАР СЕНІМСІЗДІК ТАНЫТТЫ
Алайда басшылардың уәдесіне сенбей, аты-жөндерін айтудан бас тартқан бір топ прорвалықтар «бұған дейін «келіспесеңдер, жұмыстан шығарамыз» деген ескерту қағаз берген.
Өзендегі жағдайдан соң «қате кетіп қалыпты» деп жинап әкетіп, енді соның өңін өзгертіп қайта әкеліп отыр» дейді. Сондықтан олар
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
аймақтық коэфициентке тиіспеуді, он үшінші жалақы көлемін қалпына келтіруді және қазіргі кәсіподақ құрамынан шығатындарын мәлімдеп арыз жазған. Соңғы кездері он үшінші жалақының көлемі де 50 пайызға азайған екен. – Жоспар ай сайын артығымен орындалады. Ендеше дағдарыстың он үшінші жалақыға қандай қатысы бар? Ал бірлестіктің кеңсесінде отырғандар он үшінші жалақыны 600-800 мыңға дейін алған деген әңгіме естідік. Сонда жел өтінде жүрген қарапайым мұнайшылар неге қағылуы керек? – дейді олар.
«Біз өзіміздің мұңымызды жоқтайтын кәсіподағымыздың құрылуын талап етеміз. Ай сайын жұмысшылар кәсіподаққа жарна төлейді, бірақ одан көмек көрген жоқпыз. Оданда құқымызды шынымен қорғайтын адвокат жалдап, бәріміз ақшаны соған төлейік. Әйтпесе мына жағдай мұнайшылардың жүйкесін жұқартып бітті» деп мәлімдеді аты-жөнін айтпауды сұраған жұмысшылар. Олардың хабарлауынша, аймақтық тиесілі коэффициент тарифке қосылса, мекеме басшысы оны кейін өз бетінше өзгерте алады. Сондықтан филиал директорының «басқармадағылардың 90 пайызы келісіп отыр» дегенінің бәрі – жалған әңгіме.
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ШАБУЫЛ
Жұмысшылар «жалақы туралы жаңалық денсаулығымызға да әсер етті» дейді. Соның кесірінен көбісінің қан қысымы 140-тан 180-ге
Жұмысшылар «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Ізтұрған Баймұхановпен (ортада) сөйлесіп тұр. Прорва кеніші, Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
дейін көтерілген екен. Жалақыға өзгеріс енетінін естігенде, Бақтыгүл Жаңбырбаеваның күйеуінің қан қысым 140-қа дейін артып кетіпті. – Күйеуіме 3-ақ минут уақыт беріп, «тез қол қой» деп алып кетті. Содан кейін қан қысымы қатты көтеріліп, тіпті аузы қисайып кетуге шақ қалды. Біз мұндай психологиялық және моральдық шабуыл жасалмауын талап етеміз, – деді Бақтыгүл Жаңбырбаева.
«НҰР ОТАН» ҚАЙДА?»
Прорваның барлық мұнайшылары өздерінің «Нұр Отан» партиясы құрамында екендіктерін айтады. «Партияға кіресіңдер ме?» деп ешкім сұрамапты, тек қолдарына партия билетін ұстатыпты. Сондықтан жыл сайын әр жұмысшы «Нұр Отан» партиясына 1200 теңге мүшелік жарна төлейді екен.
– Осы күнге дейін «Нұр Отанның» бастығының кім екенін білмейміз. Олар неге келмейді арамызға? Халімізді неге сұрамайды? Біздің жағдайымызды президентке дейін жеткізетін осы партия емес пе? Халықпен санаспайтын мұндай партияның бізге қажеті жоқ. Әбден ашынып, тығырыққа тірелген соң осылай деп тұрмыз. Егер олар келіп, талаптарымыздың орындалуына көмектеспесе, жаппай «Нұр Отанан» шығамыз, – деп хабарлады жұмысшылар Азаттық тілшісіне.
ДИРЕКТОР МЕН КӘСІПОДАҚ
Бұл жайлы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Ізтұрған Баймұхановтан түсініктеме сұрағанымызда, ол кісі «Без комментариев» деп, суретке түсірмек болған Азаттық тілшісінің фотокамерасын қолымен басып қалып, былай деді:
– Тиісті жауапты мен айттым. Қарсымыз деп ешкім айтқан жоқ. Халық әзір түсінбей отыр. Кейін келіп түсіндіреміз. Тиімді жағы көп. Халыққа іріткі салмаңыз. Біз тек алып жүрген жалақыларын заңдастырып жатырмыз. Ал территориялық коэфициент деген заң жоқ. Он үшінші жалақының да бір тиыны кеміген жоқ
– Сонда Жаңаөзендегі жағдай қайталанады деп қорықпайсыз ба?
– Жаңөзенге бізді қоспаңыз. Ол жерде басқа әңгімелер көп болды. Олардың да 60-70 пайызы қазір жаңа жүйеге көшуге ниет білдіріп жатыр. Өйткені мұның тиімділігі көрініп тұр. Оны жұмысшылар наурыздағы сыйақыдан түсінді. Енді бұл жүйені «Қазмұнайгаз» барлау-өндіру компаниясы мен Еңбек министрлігі бірлесе отырып, 1-шілдеден бастап заңдастырады.
Филиалдың кәсіподақ төрағасы Марат Нысанбаев Жаңаөзендегі жағдаймен танысу үшін филиалдың орталық кеңсесінің орынбасары сол
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы кәсіподағының төрағасы Марат Нысанбаев (сол жақта). Прорва кеніші, Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
жаққа арнайы барып келгенін мұнайшыларға айтып берді. – Олардың барлығы ендігі жаңа жүйеге қайта қол қоюға келісіп отыр, – деп мәлімдеді Нысанбаев. – Ал наурыз айында наразылық танытып көшеге шыққандардың «Қазмұнайгаз» барлау-өндіру акционерлік қоғамына қатысы жоқ. Олар, тіпті, мұнайшылар емес.
– Сіз де бардыңыз ба?
– Иә, бардым
– Тәуелсіз кәсіподақ өкілдерімен жолықтыңыз ба?
– Тәуелсіз кәсіподақ деген жоқ. Оны менен қайталап сұрай бермеңіз, – деп ашуланды Марат Нысанбаев. – Жеті адамнан құралған Жаңаөзеннің кәсіподағы қосымша келісімге қол қойған. Ал «Жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деген мекеменің де «Қазмұнайгазға» қатысы жоқ. Олар наразылыққа шығып жүргенде, Өзеннің операторлары өз орындарында жұмыс істеп отырған.
«ДӘРІ БАР МА?»
Филиал директорының жұмысшылармен өткен жиналысқа бөгде адамды жолатпауға неге мүдделі болғаны кейін анықталды. Прорвадағы мұнайшылар жалақыны өзгертуге қарсылық танытып, оған қоса кеніште медициналық көмектің де дұрыс көрсетілмейтінін айтып шағымданды. Солардың бірі Жұмабай Төлеуов дәрігерлік көмектің дер кезінде көрсетілмегенінен осында жұмыс істеген ағасының көз жұмғанын айтты.
– Ағамды ауруханаға жеткізгенше комаға түсіп кетті. Ал оны қараған дәрігерлер «қан қысымы қатты көтерілген адамды неге орнынан қозғадыңдар, ол жерге неге дәрігердің өзін шақырмағансыңдар» деді. Біз оны шұңқыр жолмен сартылдатып, 150 шақырымдағы Құлсары қаласындағы ауруханаға жеткізген едік, – деді ол.
Ал «Жылоймұнайгаз» басқармасына дәрігерлік көмек көрсетуді мойнына алған «Медикер» фирмасының өкілі Мадияр Шалғынбаев жұмысшылардың өзіне кінә тақты.
– Мен өзім бірінші санатты дәрігер-анестезиологпын. Ол адамды онда жеткізбесе де кетіп қалар еді, – деді дәрігер .
Оның айтуынша, жұмысшыларың талабын орындау үшін арнайы аурухана ашып, 25 дәрігер жұмысқа алынуы тиіс. Оған мүмкіндік жоқ.
Алайда мұнайшылар «іргедегі Теңіз кенішінде жабдықталған аурухана ашу мүмкін болғанда, мұнда неге мүмкін емес» дейді. Оған қоса жұмыс басында ауырып-сырқағанда ішетін дәрі-дәрмек те тапшы екен.
– Дәрі бар ма бізде? – деп сұрайды жүргізуші Смаил Таубаев. – Бізге дәрі жетіспейді. Бір жерің ауырып, дәрі сұрасаң, «жоқ» дейді.
Дәрігердің бұған да айтар уәжі дайын екен. «Бұл жерде емдемейді. Келісімшартқа сай алғашқы көмек қана көрсетеді» деді ол.
БІР ЖҰМЫСШЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ
Прорва кенішіндегі жұмысшылардың бірі Қонысбай Оразов жиналыс үстінде өзінің сол күннен бастап аштық жариялауға мәжбүр екендігін мәлімдеді. Ол өзінің бұндай қадамға баруына «Жылыоймұнайгаз» басқармасы басшылары мен кадр бөлімі меңгерушісінің
«Жылыоймұнайгаз» басқармасының жұмысшысы Қонысбай Оразов (ортада) кәсіпорында тамыр-таныстықтың етек алғанына наразылық ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеді. Прорва кеніші, Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
тамыр-таныстыққа бет бұрып, жұмысқа ылғи өздерінің туысқандарын қабылдауы себеп болып отыр» дейді.Кейін арнайы телефон шалған Қонысбай Оразов талабы көрсетілген арызын Жылыой аудандық прокурорына, «Нұр Отан» партиясының атына жолдағанын айтты. Ол мамандығы оператор болғанына қарамастан жылдар бойы өндірістің бір саласына іліге алмай жүргеніне шағымданады.
– 2001 жылы мені 2-разрядпен жұмысқа қабылдады. Кейін 3-разряд бергенімен, биыл жаңа жылдан бастап оны да алып тастады. Ал кадр бөлімі бастығының 3-разрядпен жұмысқа қабылданған баласы қазір 4-разярдты жүк ілуші болып істейді, – дейді Қонысбай Оразов.
Сондай-ақ жұмыста жұріп сол қолының үш саусағынан айырылғанына да қарамастан әлі күнге ешкім ешқандай өтемақы да бермегенін айтты.
«Жылыоймұнайгаз» басқармасының жұмысшысы Қонысбай Оразов өндірістік жұмыс кезінде үш саусақтан айырылғанын айтады. Прорва кеніші, Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
Қолын жоғары көтерген ол: «маған осыған бола өтемақы тиесілі емес пе?» деп сұрады «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының бастығы Ізтұрған Баймұхановтан. Бірақ оның сауалына филиал директоры жауап қатпады.Әзірге аштық жариялаған Қонысбай Оразовқа өндірістік филиалдан көңіл аударған ешкім бола қойған жоқ.
Сонымен «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Ізтұрған Баймұханов жұмысшылардан ойлануды сұрады. Ол осы мәселеге орай мұнайшылар арасында тағы жиналыс өткізбек.
«Қазмұнайгаз» барлау-өндіру акционерлік қоғамы 2004 жылы «Ембімұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамдарын біріктіру нәтижесінде құрылған.
Биылғы жылғы наурыз айында ғана жаңаөзендік мұнайшылар да еңбекақы төлеміне байланысты өзгеріске, өндіріс филиалы басшыларына деген наразылықтарын білдіріп ереуілге шыққан еді. Олардың екі аптадан аса уақытқа созылған акциясы барысында екі жұмысшы қайтыс болып кетті. Ең ұзақ деп саналған бұл ереуіл жоғары лауазымды шенеуніктерден құралған бітімгершілік комиссиясы талаптарын орындауға уәде еткен соң ғана аяқталған болатын.
«Ембімұнайгаз» – ең көне отандық мұнай өндіруші кәсіпорын. Мұндағы ең алғашқы мұнай көзі 1911 жылы Доссор кенішінде ашылған. «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы құрамында «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» деп аталатын 4 басқарма бар. Олар Атырау облысындағы 37 кен орынын игереді.