Аман қалған ұрпақ Ашаршылық қасіретін "ұмытылған геноцид" деп атайды

Киевтегі Голодомор монументі алдында жылап тұрған әйел. Украина, 11 қараша, 2008 жыл.

9 желтоқсанда БҰҰ-ның геноцид қылмысының алдын алу және оны жазалау келісімінің қабылданғанына 60 жыл толды.
20-шы ғасырда зобалаң жылдарды бастан кешірген елдер қатарында Қазақстан мен Украина бар. Украина Ашаршылықты ресми түрде геноцид деп таныса, Қазақстан бұл тұрғыда үндемей отыр

Қазақстанды1930 жылдардың басында жаппай жайлаған аштықтың құрбандары туралы жеке жазбаларын жүргізе бастаған кезде Татьяна Невадовская жасөспірім қыз еді.
Татьяна Невадовская аш қазақ азаматына көмектесіп тұр. Қазақстан, 1933 жыл.


Оның отбасы Қазақстанға профессор әкесінің жұмыс жағдайына байланысты көшіп келген болатын. Сол қасіретте өзі куә болған мына бір жай туралы былайша баяндайды.

“Бұл 1933 жылдың ерте көктемі еді. Мен біреумен келе жатқанмын. Қолымда фотоаппарат бар болатын. Көзіміз жол шетінде аштықтан әлсіреп отырған қазақ ер азаматына түсті. Оның егін даласынан келе жатқаны байқалып тұрды. Ол ашыққанынан аяғын әзер сүйреп келе жатты. Ол қырылдай сөйлеп, ернін әзер жыбырлатып, жейтін, ішетін бірнәрсе сұрады. Мен фотоаппаратымды қасымдағы досыма бердім де өзім су әкелуге кеттім. Ол суды бір-ақ сіміріп салды. Мен үйден нан және қант әкелмекке қайта жүгіріп кеткен едім. Қолымдағы наныммен жүгіріп жеткенімше ол қайтыс боп кеткен екен”,- деп еске алған болатын Невадовская.

Арада 50 жылдай уақыт өткенде Невадовская Алматы қаласындағы мұрағатқа өзінің жеке материалдарын тапсырған екен.

Олар негізінен 1932-33-ші жылдары болған адам айтқысыз ашаршылық шындығын ашқан Невадовскаяның жеке жыр дәптерлері, сурет альбомы мен жазбаларынан құралған.
Татьянаның күнделік жазбаларының бір беті. Қаззқстан, 1933 жыл.


Аталған аштық көшпелі қазақтарға, олардың тіршіліктеріне талғажу етіп отырған астығы мен малдарын тартып алу арқылы, советтік жоспарлаушы басшылар тарапынан күштеп таңылған болатын.

Жасөспірім Невадовскаяның сол жазбаларында оның мынандай арманы да жазылған екен: “Ешқандай негізсіз, дәлелсіз ұйымдастырылған аштық құрбанына айналған осынау халықтың рухына арнап, дәл осы жерге мен, белгісіз солдаттың қабіріне қойылған монумент сияқты ескерткіш орнатамын.”

1992 жылы Невадовскаяның арманы жүзеге аса бастағандай еді. Жергілікті интеллигенция мен белсенділердің талап етуімен тәуелсіз Қазақстанның жаңа үкіметі аштықта қаза болғандарға арнап ескерткіш орнататын жер әзірлеген еді.

Арада 16 жыл өтсе де ол жер әлі сол бос күйінде тұр. “Осы жерде аштық құрбандарына ескерткіш тұрғызылады” деген жазуы бар қара тас қана күзетуде.
1992 жылы болашақта осы жерде Ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады деп орнатылған қара тас әлі сол күйінде тұр. Алматы, 3 желтоқсан, 2008жыл


İлкі сәтте мамырдың 31-і аштық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген еді. Алайда одан кейінгі жылдарда аталған күн “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” деп жалпы атауға ауыстырылған болатын.

Қазақстандағы аштық жылдарын зерттеуде көп жетістіктерге жеткен тарихшы ғалым Талас Омарбековтың айтуынша:

“Аштық мәселесін ашық күйінде қалдыру өте қауіпті екендігін қазіргі басшылық түсінуі тиіс. Себебі олар оны қаншама ескерусіз қалдырғысы келсе де, келер ұрпақ бұл мәселені бәрібір көтеретін болады. Көтергенде де оңдырмай көтереді. Қолдарында жеткілікті мәліметтер мен құжаттардың болғандығына, көптеген зерттеулердің жүргізілгендігіне және қоғамда бұған орай пікіралысулардың болғандығына қарамастан, сол кездегі басшылық бұл мәселеге неге немқұрайды қарады деп, қазіргі басшылық әрекеттеріне сауал тастайтын болады. Кезінде Ресейден қорқу сезімі сол 30-шы жылдардағы аштыққа алып келген еді. Ресейге қазіргі жалтақтауымыз да жақсылыққа апармайды”.

Ал қазіргі Украинада болса мәселе басқаша қойылған. Өткен айда Украина елі Холодомор атты 1932-33-ші жылдардағы аштық құрбандарын еске алуды халықаралық дәрежеде өткізді.
Аштық тақырыбына арналған қойылымдар театрларда көрсетіліп, кітаптар мен фильмдер шығарылды. Бұл оқиға жөнінде Батыс ақпарат құралдарында да кеңінен жазылды.
Украина президенті В.Ющенко мен АҚШ вице-президенті Р. Чейни, зайыбы Лейнмен бірге Киевтегі Ашаршылық құрбандары ескерткішіне тағзым етіп тұр. 5 қыркүйек, 2008 жыл


Папа Бенедикт те Украинадағы бейбітшілікке арнап, дұға оқыды. Президент Виктор Ющенко Киевте жаңадан ашылған Холодомор ескерткіш паркінде арнайы баяндама жасады.

Ющенкомен бірге Польша, Грузия, Латвия, Литва президенттері және басқа да шетелдік мәртебелі қонақтар болды.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл іс Батыс елдерінде жүрген украиналық диаспора тарапынан, 1980-ші жылдардың басында көтеріле басталған екен.

Алайда осы аштық жылдары жайлы украиналықтардың өздері де жете біліп, президент Ющенко ол оқиғаны украин халқына бағытталған геноцид деп бағалауына жету үшін арада талай жылдар қажет болды.

Қазір Холодомор құрбандарының саны деп айтылып жүрген цифр 3 миллионнан 10 миллионға дейін өзгеруде.

Жалпы Иосиф Сталиннің билігі кезінде ойлап табылған түрлі трагедиялардан қаза болғандар саны Совет үкіметі бойынша сандаған миллион адам деп есептелуде.

Кейбір мәліметтерге қарағанда коллективтендірудің кесірінен Совет одағының 14 миллиондай халқы қырылған екен.

Сталин бұйрығымен, Екінші дүние жүзлік соғыс қарсаңында бірнеше жүз мыңдаған Қырым татарлары мен қалмақтар, шешендер, ингуштар, балқарлар, түрік месхеттері жер аударылып, қырғынға ұшыраған болатын.

Кейбір тарихшылардың есебінше, 1950-ші жылдардың ортасына дейін советтік жер аударулар мен коллективтендірудің кесірінен кем дегенде 50 миллиондай совет азаматтары қырылған екен.

Күш қолданудың сан түрлі және ауқымды болғаны сонша тарихи тұрғыда сол құрбандардың нақты саны жөнінде дөп басып айта қою қиын.

Коллективтендірудің қасіретті науқанына қатысты алғашқы мәліметтер совет үкіметі құлағаннан кейін ғана мүмкін боды. Мемлекеттік және жергілікті мұрағаттар журналистер мен тарихшыларға совет дәуірінің қылмысты деректерін жайып салған болатын.

Дей тұрғанмен екі мұражай мәліметтері қазірге дейін жабық күйінде қалуда. Оның бірі- Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі, екіншісі-Кремль.

Бұл қос бұлақсыз Совет дәуіріндегі коллективтендіру, жер аудару және басқа да қасіретті науқандар туралы толыққанды тарихи әңгіме жүргізу мүмкін емес.

Сталин дәуірін терең зерттеумен айналысушы ғалым, Торонто университетінің профессоры Линн Вайоланың айтуынша, көптеген жағдайларда белгілі бір жоспарды жүзеге асырудың егжей-тегжейлері жөнінде зерттеушілердің қолында мол мәліметтер болады. Алайда ол жоспарлардың түп-тамырында жатқан себептер белгісіз күйде қала беруде.

Мұндай кемшін тұстар, Қазақстан мен Украина өз елдерінде болған аштық нәубетін геноцид деп әлем алдында дәлелдеуге ұмтылып жатқан тұста, үлкен кедергіге айналуы кәдік.

Украинаның Верховна радасы Холодоморды геноцид деп таныды. Ендігі жерде осы анықтамаға халықаралық растама алуға ұмтылуда.

Қазақ үкіметі болса мұндай қадамдарға тіпті барғысы жоқ. Алайда жергілікті белсенділер бұл нәубетті “біздің ұлтымызға қарсы жасалған геноцид” деп отыр.

Ғалым Талас Омарбековтың айтуынша, сақталған дерек-мәліметтер де бұл аштықтың көшпелі қазақтарға қарсы бағытталғанын дәлелдеуде. (1948 жылы қабылданған БҰҰ конвенциясында “геноцид” сөзіне “тұтастай немесе бөлшекті түрде белгілі бір ұлтты немесе этникалық, нәсілдік, діни топтарды жоюға бағытталған әрекет” деп анықтама берілген.)

Ғалым Вайола бұл орайда былай дейді: “Аштық тақырыбы тұтастай алғанда саясаттандырылып кеткендей. Ресей тарапының бұған жауабы: “Бізді де ұмытпаңдар, біз де жапа шеккенбіз”, дейді. Иә, рас, орыстар да зардап шекті. Алайда тұтастай мәліметтерге зер салар болсаңыз белгілі бір ұлтты топтар өзгелерге қарағанда көп зардап шекті. Және ол байғұс халықтар аштықтан басқа да талай нәубеттерді бастарынан өткерген болатын. Жан түршігерлік болса да айту керек, бұл әрекеттер геноцидтен де қатерлі, яғни мұның өзі Мәскеудің басқа республикалармен колониялық байланыстары еді”. Бұл ғалым Вайоланың пікірі болатын.

Мәскеу- бұрынғы совет одағының астанасы және Сталин жоспарларының ядросы болған жер. Сондықтан жазықсыз құрбан болған ұлт өкілдерінің бүгінгі құныкер ұрпақтары міндетті түрде құн дауын Мәскеуге бағыштайтын болады.

Мысалы ресми Мәскеу Украинаның геноцид құрбандарының өтемақсын сұраған талаптарына: “Аштық деген ұлт таңдамайды” деп, кері қаға жауап берді.

Ресей президенті Дмитрий Медведев өткен айдағы Холодомор еске алу салтанатына шақыруды кері қақты. Ал үкімет басшысы Владимир Путин болса, елдің өткенін қайта қазбалап, оны саяси мәселеге әдейі айналдыруға тырысып жатыр, деп осы аптада бағасын беріп те үлгерді.

Қазақстандықтар өздерінде болған аштық нәубеті мәселесін көтерер кезде Украина мысалын негізге алса болады.

Қазақстанда орыс ұлт өкілдері көп тұрады. Сондықтан президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеумен байланысты мығым күйінде ұстауға тырысуда.

Егер аштық тақырыбының себеп - салдарлары толық ашылар болса, тарихи шындықтың жалғасы ретінде 1986 жылғы Алматыдағы қазақ студенттері мен басқа да жастарының совет дәуіріндегі алғашқы ұлт-азаттық шерулерінің қалай басып-жаншылғаны туралы мәліметтер де су бетіне қалқып шығуы мүмкін.

Грегори Стантон - Геноцид зерттеушілері халықаралық қауымдастығының президенті және Genocide Watch pressure тобының жетекшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанның аштық нәубетіне немқұрайды қарауы- саяси жүйенің кемшілігі. Совет үкіметінің көптеген бұрынғы мемлекеттері сияқты Қазақстанда да советтік билік, сайлау жүйлері өзгере қойған жоқ дей келіп, Украинада салауатты демократиялық құрылым бар деген пікірін де білдіре кетті зерттеуші.

Стантон сонымен бірге сол нәубет жылдары туралы сарапшылар мен көз көргендер мәліметтерін, әңгімелерін жинақтау арқылы аталған зұлмат жылдар тарихының шындығын ашуға болады дейді.

Аштық құрбандары бірнеше миллиондап есептелгендіктен, тарихи шындық толық ашылмайынша халық: “Неге солай болды?"-деген сауалды қоюмен болады.

Тұтас ғаламда мұндай сұмдықтың орын алуына қалайша жол берілген?-деген сұрақ көкейлерде әлі талай тербелетін болады.