Журналистерді қорғау комитеті Қазақстанда сөз бостандығын қорғағандарды қуғындау ісін айыптады

Түрмедегі журналистерді қолдап флеш-моб өткізуге қатысқандар (солдан оңға): Розлана Таукина, Владимир Козлов және Раушан Есіргепова Алматы әкімшілік сотының алдында. 11 қаңтар 2010 жыл.

Алматының әкімшілік соты түрмедегі журналистерге қолдау білдіру акциясына қатысқаны үшін оппозиция қайраткері Владимир Козловқа айыппұл салды. Нью-Йорктегі журналистерді қорғау комитеті Қазақстанда сөз бостандығын қорғағандарды сот арқылы қуғындау ісін айыптады.

ҚОЛДАУ ТАНЫТҚАНЫ ҮШІН АЙЫПТЫ

Қаңтардың 12-күні Алматының әкімшілік сотында ресми тіркеле алмай жүрген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловқа қарсы қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды. Полиция оппозиция белсендісіне бейбіт шерулер, митингтер және пикеттер туралы заң талаптарын бұзған деген айып тақты.

– Сот Владимир Козловқа бес ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен жеті мың теңге (50 доллардай – Азаттық) айыппұл салу туралы шешім шығарды, – деп хабарлады Азаттық радиосына сол сотқа қатысқандардың бірі Раушан Есіргепова.

6 қаңтар күні бір топ азаматтық қоғам өкілдері Алматының орталығындағы Арбат алаңына келіп, қазіргі таңда Қазақстанда түрмеде
Арбатта өткен флеш-мобта қазіргі таңда кәсіби қызметі үшін сотталып, Қазақстан түрмесінде отырған қазақ журналистерінің есімдері жазылған шарлар әуеге ұшырылды. Алматы, 6 қаңтар 2010 жыл.
отырған «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов, «Время» газетінің тілшісі Тоқнияз Күшіков, «Закон и правосудие» газетінің бас редакторы Тоқберген Әбиев және жазушы Алпамыс Бектұрғановты қолдап флеш-моб өткізген болатын.

Кейіннен белгілі болғанындай, осы шара үшін Алматы полициясы «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукинаның, тұтқындағы «Алма-ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепованың және тіркелмеген «Алға» партиясы үйлестіру комитетінің жетекшісі Владимир Козловтың үстінен әкімшілік құқық бұзғаны туралы іс қозғап, сотқа берген.

Алматының әкімшілік соты олардың ісін жеке-жеке қарамақ.

ЕҚЫҰ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЕСІНЕ САЛУ

Алматыда сөз бостандығын қорғап шара өткізген үшеуге қарсы сот басталғаны туралы баспасөз хабарламасынан кейін, 11 қаңтар күні, Ньй-Йоркте орналасқан журналистерді қорғау жөніндегі комитет өз мәлімдемесін жариялады.

«Қазақ журналистерін саяси астармен тұтқында ұстауға өздерінің наразылық таныту құқықтарын пайдаланғандарды – сотталып түрмеде отырған редактор Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепованы, «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукинаны және оппозиция белсендісі Владимир Козловты сот арқылы негізсіз қудалауды Қазақстан билігі дереу тоқтатуы тиіс», – деді журналистерді қорғау комитетінің еуразиялық бағдарламасының үйлестірушісі Нина Огнянова.

Ол пікір білдіру еркіндігі принципіне деген өзінің төзімділігін көрсете білу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде қазақстандық биліктің тікелей міндеті деп санайды.

Раушан Есіргепованың үстінен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша сот отырысы қаңтардың 13-не белгіленген.

Ал Розлана Таукинаның ісі бойынша сот отырысы оның өтініші бойынша кейінге қалдырылғаны туралы Азаттық хабарлаған болатын.

Көпшілік шараларға қатысқаны үшін оған қарсы бұған дейін де әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалған-ды. Розлана Таукина былтыр маусымның 24-күні Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубының алдында өткен журналистердің наразылық акциясына қатысқан соң өзіне қарсы шығарылған әкімшілік соттың шешімін жойғызбақ ниетте. Сол жолы Алматының әкімшілік соты әлгі шараға қатысқан бір топ журналистер және қоғамдық ұйым белсенділерімен бірге сырттай соттап, өзгелер секілді өзіне де айыппұл салу туралы шешім шығарып қойғанын Розлана Таукина кейін кездейсоқ білгенін айтады.