Қостанай облысы әкімінің атында тіркелген жеке көлігі де, коттеджі де жоқ, шенеуніктердің көбі тек қызмет көлігімен жүреді. Ал шенеуніктер мен кәсіпкерлердің айлық жалақысы бойынша аймақта ең жоғары жалақы 650 мың теңгені құрайды екен.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев осыдан бір жыл бұрын, 2008 жылдың 6 қазаны күні өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған бас қосуда «шенеуніктер қалай тұрып жатырсың, табысың қайдан келді деген сауалдан қорықпауы керек. Ол өзінің виллалары мен иномаркаларының суретін түсіргендерге оларды қайдан алғанын, қалай салғанын айтып беруі керек» деген болатын. Осыған орай біз де біраз зерттеу жүргізіп облыстық әкімшіліктің есеп-қисап бөліміне қайрылдың және жергілікті басылымдарда жарияланған деректерді саралап көруге тырыстық
ҚЫЗМЕТ КӨЛІГІ БАРЛАРДЫҢ ЖЕКЕ ЖЕҢІЛ КӨЛІГІ ЖОҚ
Мәселен, облыс әкімі Сергей Кулагин үш бөлмелі пәтерде тұрады. Бұл пәтер «Киев» сериясындағы бұрынғы төрт пәтерлі үйдің негізінде қайта жоспарланып, салынған. Ал қызмет бабындағы мінетіні «Тойота» және «Мерседес» маркалы көліктер. Оның атында жеке үй де, коттедж де тіркелмеген.
Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Ғани Сағиевтың еңбекақысы 287 мың теңге болса, облыстық басқармалар бастықтары 100 мыңнан бастап 120 мың теңгеге дейін айлық алады. Ғани Сағиевтың жекеменшік «Jeep» автокөлігі бар.
Қостанай облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақылары туралы деректерді Азаттық радиосының тілшісі облыстық әкімшіліктің есеп-қисап бөлімінен сұрап білген еді.
Қостанайда жарық көретін «Наша газета» апталығында журналист Ольга Лихограй облыстық қаржы басқармасының бастығы Сәуле Аймұхамбетова, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Мейрам Өтешов, қазынашылық департаментінің бастығы Жанат Сапарова, кедендік бақылау департаментінің бастығы Жасұлан Ахметов, салық департаменті бастығы Мұрат Бұлғыновтардың ешқайсысында да жеке автокөлік жоқ екен деп жазыпты.
Олардың көпшілігі мемлекет көлігін мінеді екен. Өз отбасыларында тіркелген автокөліктеріміз бар дегендер бірен-саран. Бірақ, осыған орай сөзге араласқан кейбір тұрғындар біздің бұл сауалымызға жауап болмауы мүмкін екенін алға тартып, «өйткені олардың көпшілігінің үйлері де, көліктері де, басқа мүліктері де жақын адамдарының атына жазылуы әбден ықтимал, сондықтан бұл сауалдарға нақты жауап алу өте қиын» деген уәж айтты.
«Әрине, олар да жаяу жүрген жоқ. Астарында мемлекеттік көлік. «Байдың асын байғұс қызғанадының» кері келмесін. Қызмет істеген соң, мінсін. Бірақ, сол көліктерді олар мемлекет ісіне ғана емес, үй шаруасына да жұмсайды ғой», – дейді қала тұрғыны Байдалы Жексенбаев.
ТОБЫЛДЫҢ БОЙЫНАН ҮШ КОТТЕДЖ САЛЫП АЛҒАН МЕЙСТЕР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Виктор Мейстер төрт бөлмелі коттеджде тұрады. Оның тұруға арналған пайдалы алаңының жалпы көлемі 110 шаршы метр. Әйелінің «Ауди-6» көлігі бар, орынбасардың өзі қызмет бабында берілген «Тойотамен» жүреді. Оның айтуына қарағанда, соңғы үш жыл бойы еңбек демалысына шықпаған.
Виктор Мейстер мемлекеттік қызметке дейін 18 жыл ірі кәсіпорындарда қызмет істеген, соның ішінде 12 жыл бойы бірінші басшы болған. Бірақ, көз көрген көршілері оның Тобыл жағасынан үш бірдей коттедж салып алғанын айтып отыр. Олардың біреуі оның өз атында, енді біреуі ұлының, үшіншісі қызының атында көрінеді деген ұзынқұлақ әңгіме бар.
БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕКЕ КӨЛІГІ ТҮГІЛ КОМПЬЮТЕРІ ДЕ ЖОҚ ЕКЕН
Қостанай облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Мария Щеглованың еңбеакақысы 116 мың теңге болса, ол осыдан бес жыл бұрын қала орталығынан коттедж салып алған. Қызмет бабында мінетін «Субару» көлігі бар. Бұл кісі осыдан біраз
Қостанай облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Мария Щеглованың Қостанайдың орталығындағы коттеджі. Қараша, 2009 жыл.
бұрын жергілікті газет тілшісіне берген сұхбатында өзінің төрт бөлмелі үйде тұратынын, жеке көлік түгілі дербес компьютері де жоқ екенін айтыпты. Дегенмен мына суреттегі коттеджді төрт бөлмелі дегенге сену қиын. Оның үстіне биік дуалдың ар жағында жазғы ас үй, тағы басқа қосалқы құрылыстар бер. Ал баласының «Тойота Прадо» маркалы көлігі бар. Мария Щеглованың бір жылдық табысы қосымша ақыларды қоса есептегенде 1 617 470 теңгені құраған.
Қостанай қаласының прокуроры Арай Әлімовтың еңбекақысы 127 мың теңге болса, Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басшысы Евгений Батовтың айлығы 160 мың теңге. Бұл арада оның лауазымы және иығындағы погоны да ескерілген болуы керек.
Әзірше еңбекақы мөлшері жөнінен Қостанай облысы бойынша «Тобыл» корпорациясының президенті Марат Төлебаев бірінші орынға шықты. Оның айлық еңбекақысы 650 мың теңгеден асады.
Әрине, қарапайым адамдардың айлығы шайлығына да жетпейді. Ал басшылардың байлығын халық біледі.