Қырғыз журналисіне тапсырыс бойынша қастандық жасалған болуы мүмкін

Қырғыз журналисті Геннадий Павлюк аяқ-қолы байланған күйде осы үйдің подъезінің күнқағарында табылған. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.

Алматыда көпқабатты үйдің алты қабатынан құлаған қырғыз журналисі Геннадий Павлюк аса ауыр жағдайда жатыр. Алматы полициясы оны әлдекімдер өлтірмек болған деген болжамды жоққа шығармайды. Ауруханада журналист жатқан бөлмені полиция күзетке алды.

ЖУРНАЛИСТ ЖАН САҚТАУ БӨЛІМШЕСІНДЕ ЖАТЫР


21 желтоқсан, дүйсенбі күні, Азаттық радиосының тілшісі Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының жан сақтау бөлімшесінде қырғызстандық журналист Геннадий Павлюктің бұрынғы әйелі Еленамен кездесті.

Бірақ ол баспасөзге сұхбат беруден бас тартты, тек Павлюктің әлі ес-түссіз жатқандығын, жағдайының аса ауыр екендігін айтты.

Қырғызстанда танымал Геннадий Павлюктің желтоқсанның 16-күні Алматының орталығында көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан
Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк жатқан аурухана. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.
құлап, ес-түссіз халде ауруханаға жеткізілгені туралы Азаттық бұған дейін хабарлаған болатын.

Журналист жатқан жан сақтау бөлімшесінің палатасын Алматы полициясының қызметкерлері күзетке алды.

20 желтоқсан, жексенбі күні, Азаттық радиосына Алматы клиникалық ауруханасы жан сақтау бөлімшесінің қызметкері журналист Геннадий Павлюктің жағдайы туралы былай деген болатын:

– Павлюктің жағдайы аса ауыр. Оның басы мен миында аса ауыр жарақат бар. Миына қатты зақым келіп, қан кеткен. Ол әлі комадан шыққан жоқ. Жағдайы ауыр, жүрегі сыр беруде, дәрімен ұстап отырмыз.

Клиникалық аурухана дәрігерлерінің хабарлауынша, журналистің бас сүйегі және қабырғалары сынған.

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРДЕГІ ЖҰМБАҚ ОҚИҒА

Журналистің басындағы жағдайға байланысты Бішкектен Алматыға Қырғызстан үкіметтік емес ұйымының өкілі Гүлнара Жороеваның келгені белгілі болды. Ол журналист ауыр халде жатқан ауруханада Қырғызстанның Алматыдағы консулдығының өкілдері болғандығын хабарлады.
Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк көпқабатты осы үйдің жоғарғы қабатынан құлаған. Алматы, 21 желтоқсан 2009 жыл.
Әзірге мәлім болғаны, Геннадий Павлюк желтоқсанның 16-күні Алматыға келіп, «Қазақстан» қонақ үйіне түскен. Гүлнара Жороева өзіне белгілі ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып мынаны айтты: Павлюкті қонақ үйден Алматының орталығындағы жалдамалы пәтерге алып кеткен адамдар оның түр-сипатымен таныс болған. Және олар журналисті тұрғын үйдің алтыншы қабатынан қасақана тастап жіберген.

Құқық органдарының деректері бойынша, Фурманов көшесіндегі жекеменшік пәтерлердің біріне журналист Геннадий Павлюкті белгісіз адамдар шақырған. Алматы қалалық ішкі істер департаментіндегілердің Азаттық радиосына хабарлағанындай, Геннадий Павлюк болған ол пәтерді біреулер жалға алған.

ТАПСЫРЫС БОЙЫНША ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ ПА?

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Евгений Лысенко Азаттық радиосының тілшісіне бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

– Аталған факті бойынша Алматы қалалық ішкі істер департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлімі, яғни, «кісі өлтіру мақсатымен қастандық жасау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, – деді Евгений Лысенко.

Сондай-ақ ол қырғыз журналисі Геннадий Павлюк аяқ-қолы скотчпен байланған күйде үй подъезінің күнқағарында табылғанын айтты. Алайда, Лысенко жалға алынған пәтерде журналист Геннадий Павлюктің ноутбугінің сөмкесі табылғаны туралы кейбір БАҚ таратқан ақпаратты растаған жоқ.

– Аяқ-қолының байланғандығы анықталған. Ал, енді пәтерде қандай да бір заттай айғақтардың табылғандығы жайында тергеу мүддесі үшін әзірге айта алмаймын. Бұл қандай да бір қауесет, сыбыстар бойынша таралған хабар. Әзірге пәтерден не табылғандығы жайында ресми ақпарат жоқ. Тергеу қазір бұл мәселені қарап жатыр, – деді Евгений Лысенко.

Сонымен бірге Азаттық радиосына ол қырғыз журналисі Геннадий Павлюкке қарсы тапсырыс бойынша қастандық жасалған болуы мүмкін деген болжам да барын айтты.

БИЛІКТІ СЫНАУ

Геннадий Павлюк Алматыда осындай оқыс оқиғаға душар болған соң Азаттық радиосына берген сұхбатында қырғыздың «Ата-Мекен» оппозициялық партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев журналисті біреулер тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан әдейілеп
Қырғыздың «Ата-Мекен» оппозициялық партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев. 22 шілде 2009 жыл.
құлатып жіберуі мүмкін деген еді. Текебаевтің сөзіне қарағанда, журналист Алматыға сапарының мақсаты жайында оған ешнәрсе айтпаған.

Журналист Геннадий Павлюк биылғы жылдың соңына дейін опппозициялық «Ата-Мекен» партиясының атымен жаңалықтар жариялайтын интернет-басылым мен газет ашпақ болғандығы айтылып отыр.

Бұған дейін журналист Геннадий Павлюк ресейлік «Аргументы и Факты» басылымының қырғыз өкілдігін басқарған, содан соң «Белый Пароход» интернет-басылымы мен газетін ашқан.

Павлюк өз материалдарына Ибрагим Рустамбек деген лақап атпен қол қойған. Өзінің авторлық мақалаларында журналист Геннадий Павлюк Қырғызстаннның қазіргі билігін бірнеше мәрте сынға алған.