Сәрсенбі күні қырғыздың бір топ зиялысы қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап, екі елдің арасындағы шекараны ашуды сұрады. Шекараның құлыпта тұруы көрші елдегі сауда-экономикалық жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Дегенмен Қазақстан шекараны ашуға әлі асығар емес.
ҚЫРҒЫЗ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Сәуірдің 28-і күні Қырғызстанның бір топ мәдениет қайраткерлері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап, екі ел арасындағы шекараны ашуды сұрады. Олардың айтуынша, сәуірдің 8-інен бері шекараның жабық тұруы күн сайын Қырғыз елінің экономикасына шығын әкеп отыр.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз, қырғыз елінің өнер адамдары Сізге, сізбен бірге АҚШ президенті Барак Обамаға, Ресей президенті
Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Беларусь президенті Александр Лукашенко және сол кездегі Қырғыз президенті Құрманбек Бакиевпен бірге. Минск, 27 қараша 2009 жыл.
Дмитрий Медведевке жақында қырғыз елін азаматтық қақтығыстан сақтап қалған кемеңгерлік, бір туғандық іс-әрекеттеріңіз үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деп жазады үндеу ауторлары.«Біз қырғыз елінің атынан, жалпы Қырғыз мемлекетінде қалыптасқан экономикалық олқылықтарды жойып, екі ел арасында мәдени және социалдық қарым-қатынасты жандандыру үшін тез арада шекара мәселесін шешіп беруді өтінеміз», – делінген сәрсенбі күні таратылған үндеуде.
Қазақстан президентіне жазылған бұл үндеуге қырғыздың халық ақындары – Суюнбай Эралиев, Сооронбай Жусуев, халық жазушысы Төлеген Касымбеков, Қырғызстанның батыры, мүсінші Тургунбай Садыков – барлығы 19 адам қол қойған.
«КӘСІПКЕРЛЕР ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ЗИЯН ШЕГІП ЖАТЫР»
Қырғызстан кәсіпкерлер одағының төрағасы Чыныбай Турсунбеков Азаттық радиосына берген түсініктемесінде, екі елдің арасындағы шекараның жабылуы салдарынан қырғыздың бизнес өкілдері бірнеше миллион долларға зиян шеккендігін айтты.
– Түрлі ақпараттар бойынша, бүгінгі таңда шекараның жабылуы кесірінен қырғыз кәсіпкерлері 1 миллиард сом (шамамен 22 миллион АҚШ доллары) көлемінде шығынға батып отыр. Сондықтан біз Қазақстан үкіметінен тез арада осы мәселені шешуді сұрап жатырмыз, – деді Чыныбай Турсунбеков.
Қырғыз кәсіпкері Чынгыз Макешовтың сөзінше, елдегі бизнес өкілдері тонаушылықтан да едәуір зардап шеккен.
«Қазір біздің барлығымызға өз бизнесімізді жандандыруымыз керек. Дегенмен тауарлардың шекарадан өтпеуі бізге қатты қолбайлау болып отыр», – дейді Чынгыз Макешов.
СҮТ ӨНІМДЕРІ
Екі ел шекарасының жабылуынан Қырғызстанның фермерлері де шығынға батып отыр. Қырғызстандағы «Бішкексүт» акционерлік қоғамының директоры Маргарита Румянцеваның айтуынша, әсіресе тез бұзылатын азық-түліктерді өндіріп, экспортқа шығаратын өндірістердің жағдайы нашар.
«Қырғызстанда күн сайын 500 тонна өнім шығарылса, оның 70 пайызы Қазақстанға жөнелтіледі. Сәуірдің 8-нен бері шекара жабылып қалса да, өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Сол себепті негізінен сүт өнімдерінен тұратын азық-түлікті жергілікті нарыққа шығарып отырмыз, ал көбісі қоймаларға жөнелтіліп жатыр», – деді Маргарита Румянцова.
Маманның сөзінше, бұл саланың жылдық ақша айналымы 3,5 миллиард сомды (шамамен 76 миллион АҚШ доллары) құрайды екен. Енді бұл сома едәуір азайып қалатындығы сөзсіз, себебі жергілікті нарық шығарылып жатқан өнімнің барлығын пайдалана алмайды дейді Бішкектегі кәсіпорынның басшысы.
ШЕКАРА ӘЛІ ЖАБЫҚ
Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасы әлі күнге дейін жабық тұр. Оның әлі қанша мерзімге созылатыны туралы Азаттық тілшісінің қойған сауалына Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіндегілер «шекара ашылған кезде барлықтарыңызға хабарлаймыз», – деп қысқа қайырды.
Қырғыз Республикасында биылғы жылы сәуірдің 7-8 күндері болған толқулардан кейін Қазақстан өз жағынан шекара бақылауын күшейтіп, қазақ жерінен қырғыз еліне азаматтардың барып-келуін уақытша шектейтін тәртіп енгізді.
Сәуірдің 27-күні Қырғызстанның Уақытша Үкіметі басшысының орынбасары Алмазбек Атамбаев Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы шекараны ашу мәселесін талқылағандығы туралы хабарланды. Әйткенмен шекараның дәл қашан ашылатындығы әлі белгісіз.
Айта кету керек, Қазақстаннан өзге, Өзбекстан да Қырғыз елімен шекарасында шектеулер енгізді.