Жеке меншік телеарналарда қазақ тіліндегі хабарлар рейтингке тәуелді

31-ші арна телестудиясы. 14 қыркүйек 2010 жыл.

31-ші арна жаңадан ұсынған қазақ тіліндегі екі бағдарламаға прайм-тайм бұйырмады. Жиырма пайыз үлесі ресейлік «СТС-Медиа» холдингіне тиесілі 31-ші телеарна басшылығы мұның себебін қазақ тілді бағдарламалар рейтингісінің төмендігімен түсіндіреді.

ЖАҢА БАҒДАРЛАМАЛАР

Қыркүйектің 14-і күні 31-ші телеарна басшылығы жарты жылдан астам уақыт үзілістен кейін көпшілікті жаңа екі қазақтілді жобамен таныстырды. Ойын-сауық бағытындағы «Теңге box» және «Талант шоу» деп аталатын жобалар арнаның әрін кіргізіп, әрі қарай да көрермен жинауға көмектеседі деді арна басшылары.

- Жалпы Қазақстанда осы тәріздес интеллектуалдық шоулар көп емес. Біздің көрермендер, жастар өздерінің дәстүрін көбірек білу үшін осындай шоуды ұйымдастыруды жөн көрдік, - деді арнаның бас продюсері Игорь Сырцов қыркүйектің 14-і күні арнаның жаңа
31-ші арнаның бас директоры Нұржан Мұхамеджанова. Алматы, 14 қыркүйек 2010 жыл.
маусымын ашу кезінде.

Сөйтіп, телеарнада қазіргі таңда қазақ тілінде бес бағдарлама көрерменге ұсынылып отыр.

Биылғы сәуір айында телеарна басшылығы өзін-өзі ақтамады деген себеппен қазақ тілінде таратын бес бағдарламаны жапқан болатын. Бұған наразылық білдірген бір топ қазақ журналисі сол кезде «бағдарламалардың жабылуының басты себебі рейтингте емес, ана тіліндегі хабарлардың көрермендерге тиімді емес уақытқа қойылуында» деп түсіндірген еді.

Айтпақшы, жаңадан ашылған қазақтілді бағдарламалар да күндізгі уақытта көрсетілмек. Мұның себебін арнаның бас директоры Нұржан Мұхамеджанова былай деп түсіндіреді:

- Кез келген бағдарламаны жоспарлаған кезде біз ол бағдарламаның тиімділігіне мән береміз. Қазір шүкір, «Теңге box» бағдарламасы алғашқы телекөрсетілімде 0,7 пайыз жинаса, төртінші бағдарламаның үлес салмағы алтыға көтерілді. Ертеңгі күні бағдарлама көрермендердің ықыласына бөленіп жатса, онда оның уақытын қайта қарауға дайынбыз.

ТІЛ ТАҒДЫРЫ РЕЙТИНГКЕ БАЙЛАНЫП ТҰР

Соңғы бірнеше жылда телеарнада ондаған қазақ бағдарламасы жабылған. Кейбір мамандардың пайымынша, бұл үрдіс одан әрі жалғаса береді де.

- Мұның астарынан қандай да бір үлкен саясатты көріп тұрған жоқпын. Бұған арна басшылары әншейін, бизнес ретінде қарайды. Ертең саяси белсенділіктер көбейетін болса, телеарнаға қайтадан жан бітуі мүмкін. Қазақтілді бағдарламаларды бүйтіп шеттетіп тастауы арна
Солдан оңға қарай: Нұрлан Қоянбаев – 31-ші телеарнаның атқарушы продюсері, Игорь Сырцов – 31-ші арнаның бас продюсері, Марат Дәулет-Килдаев – «СТС Медиа» телеарнасы бас директорының орынбасары. Алматы, 14 қыркүйек 2010 жыл.
қожайындарының көзқарасына байланысты. Қазір көптеген олигархтардың қолында осындай арналар бар. Қазақ бағдарламалары мұндай адамдар қожайын боп тұрғанда міндетті түрде екінші, үшінші, төртінші сортты болып өмір сүре береді. - деді журналист Қасым Аманжолұлы.

Бақылаушылар әсіресе көрермен аудиториясы көбейетін кешкілік уақытта көгілдір экраннан қазақ тілді бағдарламалар саны азайып кететінін айтады.

- Бізді қынжылтатыны, мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың бірінен соң бірі эфирден түсіп жатқаны, барының өзі қолайсыз уақыттарға қойылуы. Мұны тек оқырман немесе журналистер ғана емес, заңдық мәселелердің іске асыруын қадағалайтын прокуратура шешуі тиіс, - дейді abai.kz сайтының бас редакторы Дәурен Қуат.

Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 18-ші бабына сәйкес, елдегі электрондық ақпарат құралдарынан қазақ тілінде берiлетiн хабарлардың көлемі басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс.

Бұл заңды орындамай отырғанын 31-ші арна басшылары мойындап отыр. «Тіл туралы заңды арна не себепті орындамай отыр?» деген сауалға СТС медиа холдингі бас директорының орынбасары Марат Дәулеткилдаев жауап берді.

- Бағдарламалардың үлес салмағы 50 де 50 болу керек екенін түсінемін. Егер мұқият есептейтін болсақ, онда бұл пропорция орындалмай жатқан да шығар. Бірақ бұл сұраққа жалғыз біз ғана емес, КТК, НТК сияқты өзге де арналар, әсіресе Еуразия арнасы бірігіп жауап беруіміз керек. Неге? Себебі, қазақтілді бағдарламалардың сапасы жақсы болуы керек. Бұған қоса, [телеарналардың аудиториясын өлшейтін – Азаттық.] TNS Gallup ұйымының өлшеу әдісі көбіне орыс тілді көрерменге арналып жасалған. Осы жайтқа назар аударыңыздар. Қазақ тілді бағдарламалардың рейтингі әзірге, өте төмен. Біз жеке арнамыз. Бізді ешкім қаржыландырмайды. Біз өз ақылымызды сатып күн көріп отырмыз. Біз бұл мәселені ақырын-ақырын шешіп келе жатырмыз, - деді Марат Дәулеткилдаев.

Телеарна басшыларының дерегінше, 31-ші арна таратып отырған бағдарламалардың 43,7 пайызы қазақ тілінде. Әйткенмен бұл көрсеткішпен келіспейтіндер де бар.

- Егер орысша аударылған түрік сериалының астында субтитрмен қазақша жүретін болса, онда ол Тіл туралы заңды орындап отыр деп есептелінеді. Ең сорлы нәрсе - өз-өзіңді алдау. Бір уақытта көріп, оқи алмайсың ғой. Сол сияқты кез келген фильмді айтуға болады, - дейді журналист Қанат Тілеухан.