Қазақстан базардағы қырғыз бен тәжік мигранттарын тықсыра бастады

Иллюстративті сурет

Қазақстан үкіметі Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының ел аумағында ресми тіркеусіз жүру мерзімін қысқартып, талапты күшейтті. Көрші елдерден келген еңбек мигранттары мұндай өзгеріске дайын еместігін мәлімдеп, жемқорлықтың етек алатынын айтып қынжылады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың хабарлауынша, 13 сәуірден бастап Қазақстанда қырғыз азаматтарына 90 күн, тәжік азаматтарына 30 күн бойына тіркеусіз жүру тәртібі жойылды.

Ресми өкіл осындай шешімнің қабылдануы көрші қырғыз еліндегі халық толқуына қатысты емес деп мәлімдеді.

«Бұл Кеден одағын қалыптастыруға қатысты жоспарлы жұмыс, ол Қырғызстандағы соңғы оқиғалармен кездейсоқ қатар келіп қалды», - деді Әбдірахманов.

«ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ»

Қырғызстан азаматы Назар Арапмаматов біраз уақыттан бері Алматыдағы әмбебап базарда жұмыс істейді. Оның айтуынша, шетелден келген еңбек мигранттарының жағдайы бұған дейін де мәз емес болатын, ал қазақ үкіметінің соңғы шешімі жағдайларын одан сайын қиындатып жіберді.

- Бүгін базарға келген көші-қон полициясы өте қатал болды. Олар базарды түгелдей сүзіп аралар шықты. Базарда істейтін қырғыздардың көбі кетуге мәжбүр болды. Базардағылар өте қиын жағдайға тап болды, - деді ол.

Арапмаматовтың айтуынша, соңғы уақыттары Қырғызстандағы жағдай мәз емес: елде жұмыс жоқ, күнкөріс қамымен шетелге шығушылардың саны саяси дағдарысқа байланысты одан сайын көбеюі мүмкін.

- Кет деп жатса, шекараға апарып тастасаса, амал жоқ елге қайтамыз. Елге барып жұмыс тауып бер дейміз. Біз де төбелесеміз, ұрсысамыз, басқа не істейміз? Соған келтіріп жатыр ғой...

ҚЫРҒЫЗДАР УАҚЫТША ҮКІМЕТТЕН ТАЛАП ЕТЕДІ

Қазақстандағы «Қырғыз Ата» қоғамдық ұйымының төрағасы Зайырбек Стамқұловтың айтуынша, шеттен келген қырғыздар жергілікті заңға мойнұсынуы тиіс.

- Осындай заң шыққан екен, оны орындау керек. Біз қырғыз қандастарымызға осы жағын түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз, - дейді қоғамдық ұйымның төрағасы.

Стамқұловтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда қанша қырғыз азаматы бар екендігін ешкім білмейді, еңбек мигранттарының саны маусым сайын өзгеріп отырады.

- Қырғыздар мұнда әр уақытта түрлі жолдармен келеді. Сондықтан олардың нақты санын айту мүмкін емес, - деді Стамқұлов.

Бішкектегі «Замандаш» бірлестігінің төрағасы Азамат Рахманов қазақ үкіметі қабылдаған заңның Қырғызстандағы соңғы уақыттардағы оқиғаларға қатысы жоқ деп есептейді.

- Бұл туралы бұған дейін де айтылып келген болатын. Бірақ біздің үкімет бұл мәселені шешу үшін көрші елмен келіссөздер жасамады. Жаңа тәртіп туысқан екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етеді. Біз Уақытша үкіметтен бұл мәселені шешу керек деген талап қоямыз, - деді Рахманов.

Қазақ үкіметінің шешімін елдегі тәжіктер де сынап отыр. Алматыдағы «Авиценна» тәжік мәдени орталығының басшысы Бекпулат Ташпулатовтың айтуынша, заңда белгіленген тәртіп бойынша тіркеуде тұру еңбек мигранттарына үлкен қиыншылықтар туғызады.

- Бұған дейінгі 30 күндік мерзім келіп-кетушілер үшін ыңғайлы болған еді. Қазір қиындап кетті. Ал тіркеуге тұру үшін мұнда туысқаны немесе танысы болуы керек, мұндай байланысы жоқ адамдарға өте қиын болады, - деді тәжік мәдени орталығының басшысы.