Жантелеев ісіндегі құйтырқы көбейіп барады, ҰҚК болса бойын аулақ салды

Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасы туралы баспасөз конференциясында. Алматы, 25 қыркүйек 2009 жыл.

Айдын Жантелеевтің ісі бойынша куәгерлік етуші Мұхит Тағаевтың қорғаушысы Теңгебек Бәйімбетов айыпталушының куәгерге қысым көрсетпеуін талап етіп, Бас прокуратураға шағым түсірді. Есірткі сақтады деген күдікпен ұсталған Айдын Жантелеев қазір қолхат негізінде бостандықта.
Есірткі сақтады деген күдікпен тергеуде жүрген Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы басқармасы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің ісінде куәгер Мұхит Тағаевтың қорғаушысы адвокат Теңгебек Бәйімбетов айыпталушының куәгерге қысым көрсетпеуін талап етіп, Бас прокуратураға шағым түсіргендігін сейсенбі күні мәлімдеді.
Теңгебек Бәйімбетов, есірткі сақтады деген күдікпен ұсталған қаржы полициясының лауазымды басшысы Айдын Жантелеевтің ісі бойынша куәгер Мұхит Тағаевтың қорғаушысы. Алматы, 17 қараша 2009 жыл.

Айдын Жантелеевті есірткі сақтады деген күдікпен ҰҚК өкілдері ұстаған болатын. Лауазымды тұлғаға қарсы қозғалған қылмыстық істің заңдылығына күмәнданған Қаржы полициясы мен ҰҚК-нің «текетіресінен» соң өткен аптада даулы істі Бас прокуратура өзіне сұратып алған еді.

Тергеу амалдарының қызған шағында аталмыш істе куәгер Мұхит Тағаевтың қорғаушысы Теңгебек Бәйімбетов Алматыда журналистерді жинап, айыпталушының куәгерге қысым жасағанын алға тартты.

АЙЫПТАЛУШЫ КУӘГЕРГЕ «ШЫНДЫҚТЫ» АЙТҚЫЗҒЫСЫ КЕЛГЕН

Теңгебек Бәйімбетов: «Қарашаның 14-і күні шамамен үштер шамасында біз Алматыдағы прокуратураның ғимаратына бардық. Тергеу амалдары басталып, Бас прокуратураның қызметкері тергеу амалдарын жүргізіп, куәден жауап алып жатқан кезде ойламаған жерден есік ашылып, бір азамат бас прокуратура қызметкерінің шығып кетуін сұрады.

Сол кезде Бас прокуратураның азаматы шығып кетіп, есік ашық қалды. Бірнеше минуттан кейін қызметкер жоқ болғасын, ашық есікке Жантелеев келіп, менің куәгеріме сұсты түрімен қарап, жуан дауыспен «сен шындықты айт, шындықты айт» деп төпелеп тұрып айтты. Алдында өзін еркін ұстаған менің қорғауымдағы азамат орнында қимылдап, қозғалыңқырап, сасқалақтай бастады»
Жантелеев келіп, менің куәгеріме сұсты түрімен қарап, жуан дауыспен «сен шындықты айт, шындықты айт» деп төпелеп тұрып айтты...


Ол Айдын Жантелеевтің сөзінен қорқыту, үркіту ниеті байқалғанын айтады.

«Оның даусына қарап (Айдын Жантелеевтің – ред.) онда қорқыту ниеті бар болғаны байқалды. Ол «шындықты» күштеп таңып отырған сияқты»

Қорғаушының айтуынша, бұл Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 214-ші бабына қайшы. Баспасөз жиыны барысында сондай ақ, Жантелеевке қатысты қылмыстық істің қозғалуына Мұхит Тағаевтың қатысы жоғы айтылды. Тергеу құпиялығына байланысты Теңгебек Бәйімбетов қорғауындағы азаматтың қалайша куә болғанын ашып айтпады.

Есірткі сақтады деген күдікпен ұсталған Айдын Жантелеев ешқайда шықпау жөнінде қолхат бергендіктен бостандықта жүр деген Бәйімбетов егер айыпталушы тарабынан куәгерді үркіту жалғаса берсе, оның отбасына да қауіп-қатер бар деп мәлімдеді.

-Қазір менің қорғалушымның бала-шағасы мен ата-анасы Тағаевтың өміріне алаңдап отыр. Егер Жантелеев Тағаевқа қоқан-лоқы жасай берсе, менің айыпталушыны қамауға алу шарасын талап етуіме тура келеді,- дейді адвокат Бәйімбетов.

Теңгебек Бәйімбетов тек: «Жантелеев ұсталған соң қаржы полициясында кім кетіп, кім келді, кім кіргенін білу үшін жедел шарасы болды. Осыдан-ақ құқық қорғау қызметкерлері Жантелеевке келген-кеткен адамдарды білуіне негіз бар. Соның нәтижесінде бұл адамдар (куәгерлер: Мұхит Тағаев пен Ғани Адамбеков) табылып отыр. Мұхит Тағаев – жай ғана азамат, ол Айдын Жантелеевпен бірге бір мектепте, тек әртүрлі сыныптарда оқыған» деді.

ҰҚК ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫМЕН "АРАЗДЫҒЫМЫЗ" ЖОҚ ДЕЙДІ

ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлеутаев ҰҚК мен Қаржы полициясы арасында ешқандай текетірес жоқ деп мәлімдей келе:
Біздің Жантелеевті ұстағанымыз рас, іс Бас прокуратураға берілген болатын, сондықтан ендігі түсініктемені түгел сол мекеме бере алады...


-Біздің Жантелеевті ұстағанымыз рас, іс Бас прокуратураға берілген болатын, сондықтан ендігі түсініктемені түгел сол мекеме бере алады,- деді.

Бұған қатысты Азаттық тілшісі Бас прокуратураға хабарласқанымен, баспасөз қызметінің өкілі Сәулебек Жәмкенов жауап беруден бас тартты.

-Қазір телефон арқылы ештеңе бермейміз. Жаңа тәртіпке байланысты тек қана ресми хат арқылы ғана жауап береміз,- деп қысқа қайырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қаржы полициясының Алматы қалалық бөлімшесі бастығының орынбасары Айдын Жантелеев 5 қараша күні есірткі сақтады деген күдікпен Алматы қаласында ұсталған еді. Айдын Жантелеевке Қылмыстық кодекстің 259-бабының 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр.