Сенбі күні болған форумда оппозициялық партиялардың басшылары өзара күш біріктірудің ретін таппай, ұйымдастыру комитетін құру туралы резолюция жариялаумен шектелді. Саяси сарапшылар оппозициялық партиялардың бірегей саяси ұйым боларына күмән келтіреді.
Сәуірдің 11-і күні Алматы қаласында Қазақстанның демократиялық оппозициялық партиялары мен ұйымдарының республикалық жиыны болып өтті. Форумның күн тәртібінде оппозициялық төрт партия: «Азат», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы және ресми тіркелмеген «Алға» партиясының өзара бірігу мәселесі талқыланды.
Форумға оппозициялық партиялар мен ұйымдардың жүздеген өкілдері қатысты. Ал, президиумға төрт саяси партияның төрағалары - Серікболсын Әбділдин, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай және Владимир Козлов жайғасты.
Оппозициялық партиялардың бірігуі бұл форумда бірінші кезекте қаралатын мәселе ретінде күн тәртібіне қойылғанымен, төрт төрағаның әуелгі баяндамаларынан-ақ олардың оңайлықпен ортақ тіл табыса қоймайтындығы аңғарылып қалды.
Атап айтқанда, «Азат» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өзара бірігудің жобасымен таныстырды.
Өз кезегінде, коммунистер мен алғалықтар «халық билігі» бірлігіне топтасу мүмкіндігін алға тартты. Ал, төрт партияның бірігуі мәселесіне келгенде тараптардың ұстанымдары тағы да бір арнаға тоғыспады.
Алайда, жиналған жұртшылықтың басым бөлігінің оппозицияның түпкілікті бірігуін қалап отырғандығы форумның пікір таластыру кезеңінде анық байқалды. Регламентті сақтамай, батыра сөйлеген шешендер оппозицияның бірігуін уақыт күттірмейтін мәселе ретінде көтеріп жатты.
Тіпті, бірқатар саясаткерлер президиумда отырған партия төрағаларын сынға алды. Қайсы біреуі «Неге біріккіңіз келмейді?» деген сауалды коммунист Серікболсын Әбділдинге жолдаған.
КОММУНИЗМ ИДЕЯСЫНА БЕРІК ӘБДІЛДИН
Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин оппозициялық партиялар мен ұйымдардың күш біріктіруін қашан да қолдайтындығын атап көрсетті. Оның пікірінше, форумда қызыл кеңірдек болып қыза сөйлегендер, ең әуелі, бірігу мен қосылу деген сөздердің аражігін ажыратып алғаны маңызды.
– Жалпы, бірігу идеясын коммунистер ешқашан ұмытқан емес. Менің пікірімше, өз қолымен саяси партиялар құрудың не екендігін түсіне бермейтін осындағы бірқатар ділмарлар бұл ұғымдарды қатты шатастыратын сияқты. Ал, қосылу туралы ұсыныс жасағандар, мұнымен қоймай, коммунистер СОКП-ның біз туылғаннан бұрынғы жасаған күнәлары үшін кешірім өтінуін сұрап отыр. Яғни, жұртшылық, соғыс және еңбек ардагерлері бір партия құрғысы келетін адамның аяғына келіп жығылуы тиіс екен. Бұл жағын әуелі ойланып алайық.
Екінші мәселе – біз саяси партиялар жеке-жеке құрылғандығын ұмытпауымыз керек. Бір партияның мүшелері екінші бір партияның мүшесі болғысы келе ме? Бұл жағын кім анықтап біліпті? Мәселен, біздің партияда «коммунист болып туылдым, коммунист болып өлем» дейтұғын ардагерлер жетеді. Біз осындай ұстанымдарды, кез келген саясаткер мен ақынның сезімге толы идеясына бола аяқасты ете алмаймыз, – деді Серікболсын Әбділдин.
«АЗАТ» ПЕН ЖСДП БІР ПАРТИЯҒА БІРІГУДІ ҚАЛАЙДЫ
«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов болса оппозициялық күштердің бір партияның аясына бірігуін мақұл көреді. Оның пікірінше, бірігудің осы әдісі заңмен рәсімдеу тұрғысынан алғанда тиімді болмақ.
– Секең (Серікболсын Әбділдин) тұспалдап айтып өткендей, партиялардың бірігу идеясын ұсынып отырғанымызды біз жоққа шығармаймыз. Шын мәнінде, біз барлық партиялардың біріккенін қалаймыз. Ешкім тақ үшін таласып отырған жоқ. Біз үлкен ымырагершілікке баруға дайынбыз. Қайсыбіреулеріңіз блок құрайық дейсіздер. Блоктарға бірігудің қаншалықты тиімді екендігін біз талай мәрте тексеріп көргенбіз. Блоктың заңдық формасы жоқ. Блок сайлауларға қатыса алмайды. Жарайды, біз бүгін блок құрдық делік. Біз оны халыққа таныстыра бастаймыз. Артынша сайлау жариялануы мүмкін. Сөйтіп, біз әртүрлі колонналармен сайлауға барамыз. Сонда ел кешегі блоктарың қайда, дауысты кімге береміз деп сұрамай ма? Ендеше, бір партияның аясында қосылуға болады, – деді Болат Әбілов.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай саяси партиялар осы форум тарқамай тұрып-ақ біріккен саяси ұйымға айналуы тиіс екендігін, әйтпесе бұдан кейін оппозицияның басын қосу қиын болатындығын ескертті:
– Алдымызда жалғыз ғана міндет тұр – қазіргі билікті тайдыру. Біздің идеологиялық қайшылықтарымыз осы міндетті орындауға кедергі болмауы керек. Одан да алдымен жүйені жеңейік, тиісті жағдайды орнатып алайық, сосын барып қана коммунистер, социалистер, либералдар болып бөліне беруге жол ашық. Қазіргі күні партиялардың тығыз қарым-қатынасқа дайын еместігін мен түсінемін. Бірақ, біз бүгін шешім қабылдамай тарай алмаймыз. Осы мәселелерді шеше алмаса неменесіне жиналған деп, бізге барлығы күлетін болады. Бүгін партиялар өзара қол алысып, бірігіп кетпеген күннің өзінде бірігудің жолдарын қарастыратын ұйымдастыру комитетін құруымыз керек, – деді Жармахан Тұяқбай.
«АЛҒА» БІР САЯСИ ҰЙЫМҒА БІРІГУДІ АСЫҒЫСТЫҚ ДЕП САНАЙДЫ
Бұл уақытта, тіркеуде жоқ «Алға» партиясының төрағасы Владимир Козлов асығыс қабылданған шешім оппозицияның өзін іштей ірітеді дегенді айтумен болды.
– Қарап отырсаңыздар, біздің арамызда белгілі бір мәселе бойынша өзара қарама-қайшы пікірлер өте көп. Қазір саяси алаңда ұстанымдары бірдей төрт партия бар. «Нұр Отан» ұсынған меморандум Қазақстанда партиялардың ара-жігін ажыратып берді. Яғни, бұл құжатқа қосылмаған төрт партия бір жаққа шықты да, «Нұр Отанға» қосылғандары келесі бетінде қалды. Егер біз дұрыстап ойланып алмастан бір партияға бірігу туралы шешім шығаратын болсақ, онда қазір өзіміз куә болып отырған келіспеушіліктер соның ішінен жарып шығып, оппозициялық алаңда ешқандай ойыншы қалмай қалады. Мен бірігу 100 пайыз қате деп есептеймін, – деді Владимир Козлов.
САРАПШЫЛАР ОППОЗИЦИЯНЫҢ БІРІГЕТІНІНЕ КҮМӘНДІ
Қазірдің өзінде-ақ бірқатар саяси сарапшылар оппозицияның жақын арада біріге қоятындығына күмәнмен қарайды. Осындай ұстаным иелерінің бірі – оппозициялық саясаткер Сергей Дуванов.
– Әзірге бірігудің болашағы бұлыңғыр болып тұр. «Азат» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қайта бірігуге дайын болғанымен, қалғандары оларды қолдамайтын сыңай танытады. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитіндігін уақыт көрсетер. Бірақ, мен Қазақстанда біртұтас оппозициялық партия әзірге болмайды деп болжай аламын, – деді Сергей Дуванов.
Саяси сарапшы Айдос Сарымов та оппозицияның оңай біріге салатындығына сенбейді. Оның пікірінше, оппозициялық күштердің топтасуына олардың басын қосатын лидердің жоқтығы кедергі келтіріп отыр.
– Бұл форумнан өзім үшін ешқандай жаңалық естіген жоқпын. Оппозициялық демократиялық күштердің бірігуі керек деген халықтың аузында жүрген әңгіме ғой. Біздің елімізде демократиялық алаң өте кең. Олардың барлығының басын біріктіретін лидер жетіспейтін сияқты көрінеді маған, – деді Айдос Сарымов.
Осылайша, Қазақстан оппозициясының бұл жолғы форумы төрт партияның басын біріктіре алған жоқ. Бар болғаны, оппозициялық партиялардың бірігуін дайындау жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды. Аталған комитетті төрт оппозициялық партияның төрағалары басқарады. Комиссия олардың бірігу-бірікпеу мәселесіне қатысты түпкілікті шешімін екі айдың көлемінде қабылдауы тиіс.

"Азат" партиясының жетекшісі Болат Әбілов, (сол жақта) ЖСД партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай. Алматы, 11 сәуір, 2009 жыл.