Қазақстан билігі ЕҚЫҰ-ның ұсыныстарын орындамау үшін дипломатиялық сылтау айтты

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқтары бюросының жетекшісі Янеш Ленарчич.

Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының барлық ұсыныстарын сөзсіз орындай бермейтінін мәлімдеді. Ал, құқыққорғаушы Евгений Жовтис бұны биліктің өз мойнына алған міндеттемелерінен тайқып шығу әрекеті деп атады.
«ЕЛДІҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ» ДЕГЕН НЕ?

28 сәуірде парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Адам құқықтары және демократиялық институт жөніндегі бюросының (БДИПЧ) директоры Янеч Ленарчич бастап келген делегациямен кездесті. Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтарға «БДИПЧ-тің ұсыныстары мұқият зерттеліп және ескеріліп» жатқандығы туралы айтты.

Сонымен бірге, сенат спикері «елдің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты ұсыныстар толық көлемде ескерілмейтінін» де қоса атап кетті. Спикердің айтуынша, бұлай болмаған жағдайда ұсыныстар нұсқау сипатына айналып кетпек. Бұл болса конструктивтік ынтымақтастыққа кереғар келеді.

«Ел ерекшелігі» дегенде Қасым-Жомарт Тоқаев нені айтпақ болғанын Азаттық радиосы мәлімдеме авторының өзінен анықтауға талпынғанымен, Қазақстан сенатының басшысы бұл кезде Астанада болмады. Ал, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасы Қуаныш Сұлтанов жұмысбасты болып, қолы тимегендіктен Азатттық тілшісіне жауап бере алмады.

Парламенттің жоғарғы палатасы спикерінің айтуынша Ақордаға «ЕҚЫҰ/БДИПЧ-тің барлық ұсыныстарын сөзсіз орындауға» мүмкіндік бермейтін «ел ерекшелігіне» байланысты қандай да бір түсініктеме алу үшін Азаттық радиосы жүгінген ресми тұлғалардың арасынан Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қана қысқаша түсініктеме беруге ықыласпен келісті.

Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев мына жағдайды, яғни Қазақстанның әлеуметтік-саяси мәдениетінің Батыс Еуропа елдерінің мәдениетінен көптеген өзгешелігі барлығын айтқысы келген болуы керек. Өйткені, ол жақта демократия толық көлемде көрініс табуда. Бұл тек адам құқы мен билік тармақтарын бөлу ғана емес, сонымен бірге заңмен бекітілген – жеңіл есірткілерді сату мүмкіндігі, эвтаназия, бір жынысты некелер, т.б.

Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, Қазақстан көбіне көп Азиялық мемлекет. Сондықтан, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Ал бұл ерекшеліктер қазіргі кезеңде, әзірге батыс еуропаның тек демократиялық қана емес, сонымен бірге мәдени құндылықтарын да толық көлемде Қазақстанда жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді.

«ЕҚЫҰ СТАНДАРТТАРЫ ЕШҚАНДАЙ «ЕЛ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН» ҚАРАСТЫРМАЙДЫ»

Алайда, Адам құқы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Қасым-Жомарт Тоқаевпен де, президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевпен де үзілді-кесілді келіспейді.

Азаттық радиосына берген сұхбатында ол «бұның барлығы таза дипломатиялық әдіс, Қазақстанның бірқатар параметрлер бойынша ЕҚЫҰ-ның стандарттарына сәйкес келмейтіндігін ақтауға әрекеттену» деп мәлімдеді. Евгений Жовтис былай дейді:

«Менің ойымша бұл жерде ешқандай өзіндік ерекшелік жоқ. Бұл – тура жауаптан жалтарудың қарапайым ғана дипломатиялық әдісі. Қазақстан қол қойған ЕҚЫҰ-ның барлық стандарттары да, әңгімеге өзек болып отырған және ЕҚЫҰ-ның құжаттарында жазылған ЕҚЫҰ стандарттары да ешқандай «елдің өзіндік ерекшеліктерін» қарастырмайды. Егер байқап қарасақ, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер алуан түрлі. Америка, Канада сияқты Солтүстік Америка елдерінен бастап Орталық Азиядағы Қазақстан мен Өзбекстанға дейін.

Бұнымен бірге бұл құжаттар барлық елдермен келісілген. Яғни, әртүрлі елдер ЕҚЫҰ алдында алған барлық стандарттар мен міндетттемелерде ешқандай ерекшеліктер қарастырылмаған. Сондықтан, бұл таза дипломатиялық әдіс. Бұл – Қазақстанның бірқатар параметрлер бойынша аталған стандарттарға сәйкес келмеуін ақтауға әрекеттену.

Яғни, неге біз өз міндеттемемізді орындамайтындығымызды, неге біз ЕҚЫҰ-ның ұсыныстарымен жүрмейтіндігімізді түсіндіру әрекеті.

Біз ұзақ уақыт бойы өзімізде советтік, коммунистік кезеңнен қалған мұралардың көптігін, азиялық ел екенімізді айтып, сондықтан ЕҚЫҰ құжаттарында жазылған еуропалық құндылықтарды қабылдауға әзірге даяр еместігіміз туралы айтып келдік. Ал шындап келгенде, бұл сылтау ғана.

Өзіндік ерекшеліктер туралы, қандай да бір ұсыныстарды орындай алмайтынын немесе қандай да бір міндеттемеге сай келе алмайтынын айтқанда біздің ресми тұлғалардан нақты не жайында айтып тұрғанын ешқашан естіген емеспін.

Мәселен, БАҚ-тар мен сөз бостандығының халықаралық стандарты бар, адал және әділетті сайлаудың халықаралық стандарты бар. Сонымен бірге, әділ сот процесінің, бейбіт жиылыс, митингі мен шеру жасау бостандығының стандарттары бар.

Міне осы стандарттарға сай келуге Қазақстанға нақты не кедергі болады? Біздің өзімізге алған міндеттемелерімізді орындауға кедергі келтіретін соншалықты маңызды қандай ерекшелік? Мен бұл сұраққа нақты жауапты Тоқаев мырзадан да, президент Назарбаевтан да бір де бір рет естіген емеспін.

Және тағы да. Соңғы 5-6 жылдың бедерінде мен бұл аталған мырзалардан «қандай да бір ерекшелік экономиканы халықаралық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік бермейді» деген сөзді естіген емеспін. Яғни, біз бұл жайында ешқашан айтпаймыз. Бізде барлығы жақсы!

Біз жайымен барлығын реформалаймыз, девальвациялаймыз, дағдарысқа түсеміз, мұнай және басқа да шикізаттарды сатамыз. Яғни, халықаралық стандарттарға сәйкес нарықтық экономика құру үшін бізге ешқандай ерекшелік кедергі болмайды.

Алайда, саяси құрылым, демократиялық даму, заңның жоғарылығы мен адам құқы туралы әңгіме қозғала қалса, бізде ғайыптан тайып қайдағы бір белгісіз ерекшеліктер шыға келеді де, әлдебір міндеттемені орындамасақ, сол ерекшелікке сілтей саламыз».

«ЗАҢДАРҒА ЕНГІЗІЛГЕН ТҮЗЕТУЛЕР КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ СИПАТТА»

Бұдан бөлек, Астанадағы ЕҚЫҰ/БДИПЧ делегациясымен кездесу барысында сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2007 жылы Мадридте берген уәдесіне сәйкес ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселесіне тоқтала келіп, БАҚ қызметіне қатысты, «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға елеулі түзетулер енгізілгенін атап өтті.

Алайда, Евгений Жовтистің хабарлағанындай, үкіметтік емес ұйымдардың «Қазақстан – ЕҚЫҰ-2010» коалициясының ортақ пікірі бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен үш заңға да «сырт көз үшін» түзетулер енгізілген. Бұл коалиция ЕҚЫҰ шеңберіндегі міндеттемелері мен Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин 2007 жылы Мадридте берген уәдесін Ақорда қалай орындап жатқанын бақылаумен айналысады.

Бұл жерде құқыққорғаушы «екі жағдайда бұл түзетулер ештеңені жақсартпаса да төмендетпейтін сипатта, ал үшінші жағдайдағы түзетулер қолданыстағы заңнаманы бұрынғыдан да нашарлатып жіберген» деп атап өтті.

Атап айтқанда, Евгений Жовтистің айтуынша, «Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген өзгерістер жағдайды шындығында қиындатып жіберген. Өйткені, шындығында тіркеудің екі жақты процедурасын енгізген. Алдымен ұйымдастыру комитетін тіркеу, содан соң саяси партияның өзін тіркеу сияқты.

«Сондықтан, біздің халықаралық қоғамдастықтың көзін бояған әрекетімізді жалғастырғанымыз өте өкінішті» деп аяқтады сөзін Адам құқы жөніндегі Қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.