Accessibility links

"Фридом Хаус" ЕҚЫҰ-на төрағалық етер қарсаңда Қазақстанды сынға алып отыр


"Фридом хаус" ұйымы сайтынан көрініс.
"Фридом хаус" ұйымы сайтынан көрініс.

АҚШ-та орналасқан "Фридом Хаус" ұйымының баяндамасына қарағанда, 2008 жылы әлемде бостандық жағдайы нашарлаған, әсіресе ауторитарлық елдерде еркіндік тұншықтырылған. Бұл мемлекеттердің арасында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және тағы басқа бұрынғы кеңестік елдер бар.

Фридом Хаустың соңғы баяндамасына сәйкес, Ауғанстан әлемдегі бостандық жағдайы ең нашар елдердің қатарында қалып отыр. Бұдан бұрын “жартылай еркін” деп есептелген Ауғанстанға бұл жолы “еркін емес” деген баға берілді. Бұған елдегі қауіпті жағдай мен үкіметтік мекемелердегі жемқорлық мәселесі себеп болып отыр дейді "Фридом Хаус" өкілдері.

Ал “еркін емес” делінген Пәкістан, керісінше, “жартылай еркін” мемлекет деп сипатталды. Бұл елдің өткен жылғы парламенттік және президент сайлаулары есепке алыныпты.

Арч Пуддингтон мен Кристофер Уолкер – Фридом Хаус ұйымының “Әлемдегі бостандық 2009” баяндамасының ауторлары. Олардың айтуынша, 2001-2008 жылдары бұрынғы советтік мемлекеттерде саяси және азаматтық құқықтар нашарлаған. Олардың қатарында Балтық елдері жоқ дейді Фридом Хаус өкілдері.

Осыған байланысты Пуддингтон үш факторды алға тартып отыр, яғни энергияға бай Ресей, Қазақстан, Түркменстан және Әзірбайжан сияқты демократиялық емес режимдердің экономикалық күші мен Совет одағының мұрасы және Ресейдің ықпалы.

“Ресей аймақтағы алпауыт ел. Оның ықпалы мықты. Путин басқарып отырған Ресей қазір демократияға қарсы мемлекет боп табылады”, - дейді Пуддингтон.

"Фридом Хаус" ұйымының “Әлемдегі бостандық” баяндамасы бойынша зерттеулерінің директоры Кристофер Уолкер Ресейге қатысты мынадай пікірін білдірді:

“Бұл тұрғыда Ресейде қарама-қайшылықтар бар. Бір жағынан билік орындары елдің экономикалық жағдайын модернизациялағысы келді. Сонымен қатар, біздің көрсеткіштеріміз бойынша, Ресей билігі негізгі жауапкершілік пен ашықтықты қолдайтын мекемелерді қудалау мақсатында көп жұмыс атқарды”.

Баяндама авторларының айтуынша, бұрынғы посткеңестік елдерге қатысты саясатын қайта қарап жатқан АҚШ бостандық мәселесіне айрықша назар аударып отыр.

Алайда АҚШ пен Еуропа Одағының демократия жөніндегі алаңдаушылықтарын газ бен мұнайға бай елдер менсінбейтін көрінеді.

Бұған қоса, Батыс тіпті 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін Қазақстан сияқты бостандықты тұншықтыратын режимдерді заңдастыру бағытында қадамдар жасады деп атап көрсетеді Пуддингтон.

“Сайлаулардың демократиялық стандарттарға сай болуын қадағалау міндеті бар ұйымға диктаторлық билігі бар елді төраға етіп мақұлдау - ерекше қадам. Қазақстанда сайлаулар ешқашан ондай болмаған”, - дейді Пуддингтон.

Ал Кристофер Уолкер Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстандағы бостандық жағдайын былай деп сипаттады:

“2008 жылы Қазақстан микроскоп астында болды себебі бұл мемлекет алдағы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге дайындалып жатыр. Біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда саяси және азаматтық құқықтарға қатысты елеулі алғабасушылықтар болмады. Керісінше, соңғы жылдары бұл елде бостандық жағдайы нашарлады”.

Сонымен қатар, Орта Азия елдеріне байланысты Уолкер ойын былайша жалғастырды:

“Әлемдегі бостандық баяндамасына сәйкес, осы жылы бостандық жағдайы нашарлап бара жатқан елдер арасында Қырғызстан да бар. Бұқаралық ақпарат құралдары мен адамдардың жиналу құқықтарына қатысты жаңа заңнамалар, сондай-ақ, саяси оппозицияны әлсірету мен азаматтық қоғамға тосқауыл қоюға бағытталған биліктің қадамдары нәтижесінде бұл елде бостандық жағдайы нашарлады. 2005 жылы орын алған өзгерістер барысында берілген уәделердің кейбірі орындалып жатқанын байқаған едік. Алайда кейінірек бұл елдегі жағдайдың нашарлап бара жатқанын аңғардық. Осы тұрғыда, әсіресе 2008 жыл Қырғызстан үшін жаман жыл болды”, - дейді Уолкер.

Бостандықты тұншықтыратын елдердің қатарында, сондай-ақ, Өзбекстан, Түркменстан, Беларус мемлекеттері де бар.

Сонымен, "Фридом Хаустың" баяндамасына сәйкес, 2008 жылы әлемде бостандық жағдайына қатысты алғабасушылықтардан гөрі, кері кетушілік көп болған.
XS
SM
MD
LG