Қазақстан имамдары жұма намазын әлемдік қаржы дағдарысына қатысты уағыздан бастады

Алматы орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет баспасөз-мәслихатында.Алматы, 27 наурыз, 2009 жыл.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы Жолдауына қолдау білдіріп, халықты дағдарыс кезінде төзімділік танытуға шақырды. Бақылаушылар мұсылмандар бірлестігінің ұстанымын діннің саясатқа араласуы деп бағалады.
"...Бұқарасы патшасына бағынуы тиіс"

Наурыздың 27-і күні Алматының орталық мешітіндегі жұма намазының алдында осы мешіттің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет брифинг өткізді. Бас имам жиналған БАҚ өкілдеріне бүгін Қазақстанның барлық мешіттерінде жұма намазының алдындағы жарты сағаттық уағыз әлемдік қаржы дағдарысы мен ислам ілімдеріне арналатынын хабарлады.

Әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстанды да айналып өтпегенін айта келе, бас имам Құлмұхамбет Махамбет бүгінгі уағызда елдің барлық мешіттеріндегі имамдардың қазақстандықтарды шыдамдылыққа шақыра отырып, Қазақстан халқының қандай мінез танытып, дағдарыс кезінде қандай қағидаларды басшылыққа алуға тиістілігін уағыздайтынын айтты.

«Бұл қаржы дағдарысы қиыншылық емес, бұл – халқымыздың басына түскен сынақ, – деді имам. – Жаратушы адамды әртүрлі сынаққа салады, сондықтан, бұл да құдайдың сынағы. Мұсылмандар мұндай сынақтан қорықпайды. Жаратушы сүйген құлдарына ғана сынақ береді».

Алдын ала журналистерге жолданған діни басқарманың баспасөз-баянында бүгінгі жұма уағызында имамдар ел президентінің биылғы халыққа Жолдауын қолдауға қатысты Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының ұстанымын білдіретіндіктері айтылған болатын.

Осыған байланысты БАҚ өкілдері тарапынан бұл қадам діннің саясатқа араласуын білдірмей ме деген сұрақ қойылды. Бұл сұраққа имам Құлмұхамбет Махамбет былай жауап берді:

– Қасиетті Құранда елдің өз патшасына бағынуы керектігі айтылған. Президент өз Жолдауында Қазақстан халқын бірлікке шақырды, ал, біз бұған қолдау танытуға тиіспіз.

Имам салафит-босқындар туралы естімеген екен

Сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда әртүрлі конфессиялар арасында діни төзімділік барын айтып отырған Алматының орталық мешітінің бас имамы діни сенім негізінде Отанында қысым көрген соң, елден қашуға мәжбүр болған, Чехиядағы екі жүзден астам қазақстандықтар жайынан хабарсыз боп шықты.
Алматының Орталық мешітінде Жұма намазы өтіп жатыр. 27 наурыз, 2009 жыл.


– Біз ешкімді қуған жоқпыз, керісінше, бірлікке шақырамыз. Бірде бір мешітте саясатқа орын жоқ, ол босқындар жайындағы сұрақ маған емес, құзыретті органдарға қойылуы тиіс, – деді Алматының орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет.

Еске сала кетейік, 2005-2006 жылдары діни сенім негізінде Қазақстаннан қашуға мәжбүр болған екі жүзден астам қазақстандық азамат туралы бұған дейін Азаттық радиосы бірнеше хабар берген-ді. Қазақстандағы билік салафиттер деп атайтын ол босқындар өздерін «Таза сенім» ұстаушылар деп біледі.

Сонымен қатар, Атырау облысы шенеуніктерінің дәстүрлі емес исламдық ағым — салафиттік көзқарастағы ауыл имамдарының біріне қысым жасағаны жайында Азаттық радиосы тілшісінің қойған сауалына Алматының орталық мешітінің бас имамы өзінің одан бейхабар екендігін айтты.

– Бізде ондай, "Атырау облысында имам салафизм үшін айыпталды" деген деректер жоқ. Олардың бәрі біздің мазхабымызда, яғни ханафия мазхабында, – деген шолақ жауаппен тоқтады Алматының орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет.

Бұл кәдуілгі саяси акция

Өз кезегінде адам құқын қорғаушылар діни басқарманың президент Жолдауы мен үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына қолдау білдіру жөніндегі ұстанымын Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігі және мемлекеттің діннен бөлінгендігі туралы Конституция талабын өрескел бұзу деп бағалайды.

– Елдің заңнамасы бойынша мұсылмандардың діни басқармасы діни бірлестік боп табылады, ал, діни бірлестіктер мен сенім бостандығы туралы заң діни бірлестіктердің саясатқа қатысуы мен араласуына тыйым салады, – деп түсіндіреді Азаттық радиосына Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина. – Діннің саясатқа араласуына қойылған конституциялық тыйым тұрғысынан қарағанда, мен сіздерге мұның әдеттегі саяси шара екенін айта алам.

Ал, адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның өкілі Анар Ибраева президент Жолдауы мен бүгінгі қаржы дағдарысына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы білдірген ұстанымнан екі проблема байқалатынын айтты. Бір жағынан, Қазақстанның зайырлы мемлекет боп саналатынымен келісетін құқық қорғаушы, екінші жағынан, азаматтың сөз бостандығына және пікір білдіру еркіндігіне деген құқығы көрсетілген заңдардың барын да еске салады.

– Сондай құқыққа ие азаматтардың қатарында діни бірлестік жетекшілері де сөз бостандығын пайдалана алады, – деді Анар Ибраева Азаттық радиосына.