Жеңіс күнін миллиондаған сарбаз көре алмай кетті, олардың өмірін Сталин аяған жоқ

Тұтқынға түскен совет жауынгерлері өз көрін өздері қазып жатыр. 11 қараша 1941 жыл.

Сталин мен оның советтік генералитеттегі ең негізгі көмекшілері болмаса, Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны әлдеқайда аз болуға тиіс еді. Ал «Ұлы Отан» соғысының шын тарихы жуық арада жазыла қоймайтын секілді.


БЕКЕРГЕ ҚҰРБАН БОЛҒАНДАР


Негізгі нәтижесі фашистік Германияның талқандалуы болған Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы шын мәнінде сондай ма, жоқ па, осыған сын көзбен қарайтын байыпты зерттеу жұмысын табу қиын шығар. Бұл тақырыпта әңгіме қозғалмайды да. Әрине, жау өзінен-өзі талқандалмайды ғой, оны әйтеуір біреу жүзеге асыруға тиіс болды.

Соғыста ең көп шығын совет жағынан болғаны даусыз шындық. Армия ғана емес, сонымен қатар бүкіл халық үлкен шығынға ұшырады. Соғыс тақырыбына қатысты, осы деректен бастау алған дау-дамай күні бүгінге дейін дамыл көрмей келеді.

Өткен ғасырдың 60–80-інші жылдары гитлерлік Германияны талқандау барысында Совет Одағы көрген қисапсыз шығын жайындағы естеліктер мен ғылыми еңбектер лек-легімен үздіксіз жарық көрумен болды.
Майданның алғы шебінде ұрыстан қалжыраған совет сарбаздары окопта сұлық жатыр. 1942 жыл.

Ол туралы академик те, адмирал да, тарихшы да, саясаткер де, жазушы да және басқа саланың адамдары да жазды. Бәрінің айтқаны бір нәрсеге саяды – «нацистік аждаһа» миллиондаған совет адамының қаһармандық жігерінің арқасында жанышталды», «осы миллиондардың миллионы өз өмірлерін жеңістің садағасы қылды» деген тұжырым.

Түбегейлі жеңіске жеткізген басты көсемдерден екі есім көбірек аталды. Әуелгісі, әрине, Сталин еді. Нацистерді жеңу міндетін оған Құдай жүктеген дегендей әңгімелер айтылды, қазір де айтылып жүр. Ал, қолбасшылық тарапынан жеңіс Георгий Жуковтың еңбегі деп саналады.

«Независимая газета» маршал Родион Малиновскийдің қызы айтқан естелікті жариялады. Маршалдың қызы әкесінің соғыс аяқталғаннан кейін Бірінші дүниежүзілік соғыстағы және азамат соғысындағы қызметі туралы жазғанын, ал, Отан соғысы жайында қаламын бір түртпегенін айтқан.

Қызы әкесінен оның себебін сұрағанда «мен олардың өтірігіне қосыла алмаймын» деп жауап берген Родион Малиновский. Маршал кімді меңзеген? Сөзге келмей Сталинді мадақтағандарды ма, әлде бірдеңені жасырғандарды ма?

Германия алдындағы жеңіс туралы жаппай мадақ жыр айтылып жатқан соғыстан кейінгі жылдарда наразылықтың да үні естіле бастады. Бейресми деңгейде, айтарлықтай ауқымды қамти бастаған советтік самиздатда жарық көре алатын тақырып бас көтерді.

Бұл қай жағынан алса да, антисоветтік тақырып еді. Жеңістің өте қымбат өтеуі жайында көп сөз бола бастады. «Халық мүлдем қажетсіз жерде де шығынға ұшыратылды» деген пікір қалыптасты.

Ол аздай, соғыс уақытында мемлекет пен армияны басқарған және халықты керексіз жерде шығынға ұшыратуға тікелей жауапты негізгі басшылардың әрекетіне қатысты тергеу жүргізілуін талап етушілер пайда болды.
Сталинградты алу кезі. 1942 жыл.

Бұл тақырыптың алғашқы, әрі ең жарқын насихатшыларының бірі жазушы Александр Солженицын еді. Жазушы шын мәнінде соғыста шығын болған адам санын билік осы күнге дейін жасырып келеді, шындығында адам шығыны қырық миллионға жуықтайды деді. Бұл мөлшер ресми статистиканың қоғамға жариялаған санынан екі есе асып түседі.

1970-інші жылдардың соңына қарай және 1980-інші жылдардың ішінде жеңістің құны туралы сөз қозғалмаған бір де бір әскери мерейтой өткен емес десе де болады. Ал, ССРО таратылғаннан кейін аталмыш тақырып дамыл көрмейтін болды. Әлбетте, соғыс уақытындағы қажетсіз шығындардың обалы ең алдымен баяғы сол Сталиннің мойынына артылды.

Мұны неліктен заңды деп есептейміз? Өйткені өзінің бүкіл болмысымен армия басшыларына шығынға ұшырау ықтималдығын ойлап, бас қатырып жатпауды міндеттеген сол еді. Сталин соғыс уақытында да өзінің басты қағидасын өзгерткен жоқ, ол — саяси мақсатқа жету жолында кез-келген шығын кешірімді, қанша шығын талап етілсе, сонша құрбан етілуі тиіс деген қағида. Ешбір адамгершілік ұғымы Сталинді баяғыда тамыры жуандап кеткен ұстанымынан айныта алмады.

ТАБИҒАТЫ БӨЛЕК ЕКІ МАРШАЛ

Георгий Жуковтың талай жылғы жарқын бейнесі де ендігі өткір сынға ілінген.

Жуков жайында соғыс білгірлерінің бірі жазушы Виктор Суворов былай деп жазды: «Айдан анық жайттар жоққа шығарылды: Жуковтың соғысты қасапшы құсап жүргізгені, ешқашан Сталиннің бетіне тік келмегені, өзінің ержүректілікпен Сталинге қарсы тұрған сәттері туралы аңыздарды ойдан шығарғаны, бәрінен бұрын бастықтың қырына ілігуден қатты қорыққаны, және өз басының тек қана айғай арқылы басқара алатын адам екені».
Маршал Георгий Жуков Жеңіс парадын бастап келеді. Мәскеу, Қызыл алаң, 24 маусым 1945 жыл.

Келесі бір әйгілі орыс жазушысы, «А зори здесь тихие» повесінің авторы Борис Васильевтің жазғаны мынау: «Маршал Жуков сарбаздарға шектен тыс қатал қарады, оларды аямады. Оның «Ештеңе етпейді, қатындар тағы да туады!» деген сөзі елге тарап кетті».

Екі жазушы да Жуковты тағдыры қолдарына табысталған сарбаздардың өмірін бағалай білетін басқа маршалдармен салыстырады. Олардың әуелгісі Константин Рокоссовский мен Родион Малиновский.

Соғыс кезіндегі әскербасылар арасындағы жеңістің құнына қатысты тарихшы Марк Штейнбергтің сөзіне назар аударайық:

«Маршал Малиновскийдің бір ғана қағидасы болды: Ол Ұлы Отан соғысындағы көптеген әскербасылар секілді бұйрықты кез келген жолмен орындамауға тырысты. Ол негізгі соққының бағытын дұрыс таңдай білді, маневрлер жасады, шайқастың және операцияның жаңа тәсілдерін ойлап шығарды. Ал, ең бастысы – ешкімді қырғынға ұшыратпады, өз сарбаздарының өліктерінің үстімен жүрген емес.

Баса назар аударатын мәселе — Родион Малиновский бар күші мен бар ақылын сарбаздардың шайқастан аман шығуына, адам шығынының мейлінше аз болуына жұмсады. Осы қағида арқылы ол басқа әскербасылар мен майданды басқарушылардан ерекшеленді.

Бағыныштыларға деген шынайы сыйластығы және сыпайылығы оны өзгелерден ерекше қып көрсетті. Ешқашан дауыс көтерген емес, боқтамады, таяқтамады, бағынышты адамды атқан емес. Осындай қасиеттер бойынша ірі әскербасылардың ешбірі одан аса алған жоқ».
Совет әскері шабуыл үстінде. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түсірген сурет.

Келесі бір әскери зерттеуші Тимур Боярский былай деп Марк Штейнбергтің жаңағы жазғандарына қатысты айтқан: «Егер осы айтылған артықшылықтарды кемшіліктерге ауыстырса, онда маршал Жуковтың фотосуреті шыға келеді».

Жуков басқарған Берлинді алу жолындағы ұрыс қимылының дұрыстығы мен бұрыстығы жөніндегі қызу дау әлі күнге толастар емес. Ол шайқаста ондаған мың сарбаз бен офицер мерт болған.

Көптеген әскери зерттеушілер Берлинді әлдеқайда аз шығынмен алуға болатын еді деген пікір айтады.

СТАЛИННІҢ ҚАТЫГЕЗДІГІНЕ ҚАРАМАСТАН ЖЕҢІП ШЫҒУ

Үгіт-насихат әдеттегі дәстүр бойынша қыруар адам шығынының статистикасын жаудың зұлымдығына телиді. Идеологтар, онда да советтік идеологиялық мектеп мамандары соғыста ССРО-ның сондайлық шығынға ұшырауының түп-төркініне үңілуге күш жұмсаған жоқ.

Біз тек сонау қырғыннан аман қайтқан, оның тікелей қатысушысы, әрі куәсі болған жандардың естеліктеріне ғана арқа сүйейміз. Өйткені тылда немесе әскерде болып, басшыларының қаншалықты жанашырлықпен немесе аяусыздықпен қарағанын өз көзімен көрген де сол соғыс ардагерлері ғой.
Мәскеу метросының 75 жылдығына орай қайта пайда болған Сталин портреті. 22 сәуір 2010 жыл.

Олар толығымен таусылып біткен жоқ. Сөз жоқ, олардың қатары сиреп барады, бірақ, дегенменен Мәскеуде де, Қарағандыда да, Алматыда да, Киевте де бір полкте болғандардың топтары бас қосып тұрады.

Айтпақшы, Қазақстаннан қанша адамның шығын болғаны жайында аздап мәлімет бар. Демографтардың айтуынша 350 мың қазақ соғыстан оралмаған.

Сол қырғыннан тірі оралған жандардан артық кім біледі? Бұдан гөрі аздау адам шығынымен жеңуге, олардың жолдастарының өмірін сақтап қалуға болатын ба еді, жоқ па?

Себебі әлі күнге дейін халық Сталиннің арқасында емес, керісінше соның кедергі болғанына қарамастан соғысты жеңіп шықты деген пікір бар. Ол және оның ворошиловтік түсініктегі «қыран генералдары» болмағанда әлі қаншама жүздеген мың, тіпті миллиондаған адам жеңіс күнін ғана емес, бүгінгі күнді де көрер ме еді, кім білсін?

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы Украин және Түркмен редакцияларының директоры болып жұмыс істеген. Аутордың осы мақаладағы жеке көзқарасы мен тұжырымы Азаттық радиосы редакциясының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін.)