Қазақтың белгілі жазушысы, ұлттық публицистикада өзіндік қолтаңбасы қалған қаламгерлердің бірі Марат Қабанбайдың дүниеден өткеніне биылғы сәуірдің 26-сы күні тура он жыл толды. Марқұмның жары Сәуле Хамзина қаламгер жайлы Азаттыққа сұхбат берген еді.
КӨКТЕМ САЙЫН КЕШЕТІН ЕКІҰДАЙ СЕЗІМ
– Сәуле ханым, қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүрсе де, қазақ әдебиетінің төрінен ойып тұрып алатын орны бар Марат Қабанбайдың өмірден өткеніне он жыл өте шығыпты. Құйындай зымырап өте шыққан он жылдың ішінде оның орнының ойсырап қалғаны ерекше сезілді. Мараттың прозалық, публицистикалық дүниелерімен жақсы таныс болғанымызбен, оның өмірде, яғни мына қарапайым тіршілікте қандай адам болғанын жете біле бермейміз.
– Марат көктемде, 22 наурызда туып, тағы да сол көктемде, 26 сәуірде дүниеден өтті. Міне, осы жыл мезгілінің ең бір әдемі шағы көктемде, екіұдай сезімді басымнан кешемін. Әрі Мараттың туған күнін тойлап, сүйіп, Құдай қосқан қосағыммен бірге дәурен сүрген бақытты жылдарым тіріліп келгендей қуанамын, бір ай өте салысымен оның қайтыс болған күні келіп, басымды қайғының мұнары шалып, өзегімді өкініш өртеп қайғыға батамын.
«Өмірде туу міндет емес, өлу міндет» деп айтылатын сөз бар ғой. Өмір – адамға берілген Алланың ең үлкен сыйы. Міне сондықтан да Алланың қалауымен дүние есігін ашқан әр адам, мына өмірге келгенде өзін бақытты сезінеді ғой деп ойлаймын. Алайда мына өмірдің жалған, өткінші екенін әр адам тіршілікте ұмытпауы тиіс. Жастайынан жетімдік пен жоқшылықтың тауқыметін көп көріп өскен Марат бұл ақиқатты ерте түсінген азамат.
Жан баласына айта бермейтін сырын кейде менімен бөліскенде, бәріміздің де бұл өмірге қонақ екенімізді, жалғыз қалған кезде де арыңа кір келтіретін ұятты іс жасауға болмайтынын көп әңгімелейтін. Жазушылық адамның бойына Алла дарытқан ұлы қасиет болғандықтан, ең алдымен қаламгердің ар-ұятының таза болуы керектігін жиі қайталайтын.
Марат бала күнінен өмірдің жақсы-жаманын, әділетті-әділетсіз жағын ішіне түйіп өсті де, кейіннен оның барлығы көркем шығармаларында көрініс тапты. Ол Алла бойына талант сыйлаған пенделердің оны дұрыс пайдалана білуі керектігін тілге тиек етіп,
Кез-келген нәрсенің анық-қанығын дұрыс дерегімен, дәлелімен дұрыс жазып беру біздің міндетіміз. Ал оны халық немесе билік қалай қабылдайды, ол біз үшін маңызды емес. Өйткені қай мәселеде де бірінші кезекте ақиқат үстемдік құруы тиіс. Қалам ұстаған адам болғандықтан шындықты айту - менің міндетім.
Ол Алла бойына талант дарытқан адамдардың ең алдымен үлкен жауапкершілікті сезінуі керектігін тереңнен пайымдады. Жауапкершілік ұғымына аса зор мән берді. Егер әр адам бойындағы талантын арзан нәрсеге айырбастамай дұрыс пайдалана білсе ғана қоғамның сауығып кететініне сенетін.
Ылғи да маған күліп айтатын: «Мына журналистерді төртінші билік дейді. Сондықтан кез-келген нәрсенің анық-қанығын дұрыс дерегімен, дәлелімен дұрыс жазып беру біздің міндетіміз. Ал оны халық немесе билік қалай қабылдайды, ол біз үшін маңызды емес. Өйткені қай мәселеде де бірінші кезекте ақиқат үстемдік құруы тиіс. Қалам ұстаған адам болғандықтан шындықты айту - менің міндетім».
Әйткенмен, Марат өзінің шаруалары, жазып жатқан әңгімелері туралы шешіліп, көп сөйлемейтін. Бірақ, анда-санда көңілі босап, ішкі сырын ақтарғанда адам жүз жерден талантты, мың жерден дарынды болса да ең алдымен оның адамгершілік қасиетінің биік болуы қажеттілігін әңгіме қылып, осы бір асыл қасиетті бәрінен жоғары қойып, ерекше бағалайтын.
ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ
– Шындығын айтсақ сол жылдары Марат Қабанбайдың оппозициялық басылымға келуі көпшілік үшін күтпеген жаңалық болып еді. Оның авторитарлық режимнің үстемдігі қатты белең алып тұрған қауіпті кезеңде белін буып оппозициялық басылымға баруына не түрткі болды?
– Марат оппозиция деген ұғымды сондай бір ерекше жаман нәрсе деп қабылдамайтын. Оны жаулық немесе бір дұшпандық деп ойламайтын, әр адамның өзінің көзқарасы деп түсінетін.
Ол көп оқыған, көп тоқыған өте мәдениетті адам болды. Әсіресе өркениетті, демократиялық елдерде әр адамның қоғамға, билікке, елдің басшыларына қатысты көзқарасын еркін білдіре беретінін айтып, ел боламыз десек тіпті, мынау кішкентай балалардың да пікірімен де санасып отыруға тиіс екенімізге ерекше мән беретін.
Тәуелсіздік алғанда Мараттың айрықша қуанғанын өз көзіммен көрдім. Ол сонда ендігі уақытта жүрегі қалаған тақырыпты ешкімге жалтақтамай, еркін жазатынына балаша мәз болды. Ол қазақ совет әдебиеті деген ұғымды қабылдамай, әдебиетке мұндай шекара қоюға болмайтынын әңгімелеп отыратын.
Ол мінезді жазушы еді. Кейде ағынан ақтаралып, жетісіп тұрған мінезінің жоқ екенін өзі де мойындайтын. Онысы рас. Өйткені ол кез-келген адамның ығына жығыла бермейтін. Өзінің өмірге деген көзқарасы, принципі, ер-азамат ретінде ұстанған позициясы болды. Әсіресе Марат түйсігі шамалы, білімі жоқ, надан адамдармен сөйлескісі келмейтін.
Ол оппозицияға бір адамға қызмет ету үшін барған жоқ. Марат сол уақыттары аса көп қозғала бермейтін тіл, дін, қазақтың ұлттық
Сол кезде Маратты сыбайласқан жемқорлықтың белең алып, дес бермей кеткені қатты толғандырды ғой. Әлі күнге шейін тіл мәселесенің көсегесінің көгермегені жазылып келеді. Ол кісі кезінде «ханнан да, қарадан да биік – қазақ тілі» деп, ешкімнен сескенбей, шындықты кесіп айтты.
Философиялық кітаптарды көп оқыды. Марат дүние салғаннан кейін үйден неше түрлі философиялық кітаптарды тауып алдым.
Ол ресми басылымдар бетінде айтуға рұқсат етілмеген шындықтарды айтып, ұлтының алдындағы парызын өтеу үшін оппозицияға барды, Қазір көп нәрсе ашық айтылып жатыр ғой. Ал, Марат сол нәрселерді баяғыда айтып кеткен болатын. Айталық - коррупция.
Марат кезінде «Шенеуніктер шеру тартып барады» деген мақала жазған-тұғын. Ол мақаланың жазылғанына он бес жылдан асты. Сол кезде Маратты сыбайласқан жемқорлықтың белең алып, дес бермей кеткені қатты толғандырды ғой. Әлі күнге шейін тіл мәселесенің көсегесінің көгермегені жазылып келеді. Ол кісі кезінде «ханнан да, қарадан да биік – қазақ тілі» деп, ешкімнен сескенбей, шындықты кесіп айтты.
Марат өз мақалаларында қазақтың көптеген балаларының басқа дінге өтіп жатқанын қозғап, дін туралы терең пайымдауларын жасады. Адамның жан дүниесін кір шалмауы керектігіне зор мән берді. Қоғамдағы дағдарыстың ең алдымен адам баласының рухани тоқыруға ұшырайтынынан басталатынын түсінді. Бұл мәселе оны ерекше толғандырды.
Ол ылғи да ең алдымен қазақтың экономика және заң жағынан мықты болуы керектігін айтып, құлағымды шулататын. Шындығын айтсам Марат отбасының жағдайына аса қатты көңіл бөлген жоқ, көбінесе қайтсе қазақ халқы ел қатарына қосылады деп армандап, қайғырып жүрді. Қазақтың ертеңін ойлап, ылғи да сол үшін жүрегі жиі ауыратын.
Бірнеше рет шет елге шығып, Қытайға, Токиоға барып келді. Сол сапарлардан келген сайын олармен өзімізді салыстырып ылғи да жаны ауырып, қамығатын. Жаны ауырғанда сол елдердегі халықтың бізбен салыстырғанда анағұрлым жақсы өмір сүретінін айтып, біраз уақыт көңіл-күйі болмай мұңайып қалатын.
Марат біреудің мүддесін көздеп ақша үшін мақала жазғанды ұятты іс санайтын. Ақшадан қатты қиналып жүрген кезімде менің оған «ондайда тұрған не бар, балаларыңның қамы үшін жаза салсайшы» деген кезім болды. Сонда ол «сен мені мұндай нәрсеге балаларды айтып та азғыра алмайсың» деп талай рет бетімді қайтарып тастаған.
МАРАТ ЖӘНЕ ОППОЗИЦИЯ
– Жасыратыны жоқ, Марат баспасөз бетінде жарық көрген мақалаларында билікке қатты тиіп кететін ойларын батыл жазды. Қазақ ұлты үшін қамығып, ащы-ащы пікірлерін айтты. Дәл сол жылдары ресми басылымдарда оны Қажыгелдиннің сойылын соғушы азамат ретінде көрсетуге тырысқан, оған қарсы ұйымдастырылған талай арандатушылық мақалалар жарық көрді. Осы дүниелердің бәрі оның жанына қатты батқан шығар?
– Тірі кезінде ғана емес, Марат қайтыс болғаннан соң да жүрегімізді ауыртатын мақалалар жарық көрді. Ол сөздердің бәрі бізге өте ауыр тиді. Жалпы өз басым мен ондай мақалаларды мәдениеті өте төмен адамдар жазды деп бағалаймын. Санасында сәулесі бар болса, олар ең құрығында Мараттың отбасын сыйлауы керек еді.
Марат қазақ елінен басқа жерде өмір сүріп жатқан жоқ қой. Біздегі басылымдардың барлығы белгілі бір адамдардың немесе үкіметтің газеті. Ол Қазақстандағы баспасөздің ешкімге тәуелді болмауын армандайтын.
«DAT» газетіне бас редактор болып бір адамның сөзін сөйлеу үшін емес, өзінің жеке пікірін, толғандырып жүрген ойларын айту үшін барды. Сонда істеп жүріп Марат олардан ақша алған жоқ. Ешқандай да дәреже немесе атақ-абырой да дәметпеді.
Марат қайтыс болғанда біздің тұрмысымызды көздеріңмен көрдіңдер ғой. Газетте істеп жүріп сол Қажыгелдиннен мыңдап-миллиондап ақша алған жоқ. Өкінішке қарай ел солай ойлады. Бірақ ол үшін елді жазғыруға да болмайтын шығар.
Марат «DAT» та істеген кездегі газеттердің санын көрсеңіз, ол тек саясатты ғана емес, елдің мәдениетіне, әдебиеті, өнеріне, экономикасына байланысты талай-талай тың тақырыптарды мәдениетті түрде қозғады. Ол газетті ұсақ-түйек науқандық интриганың алаңына айналдырмады.
Марат тіпті оппозицияның жігіттеріне де ашуланып, көңілі толмай отыратын. Біреумен өштесу, кек сақтау дегенді қолдамайтын. Ондай нәрселердің оппозицияның ісі емес екенін ашық айтатын. Осыны оппозицияның кейбір жігіттеріне айтып, талай рет олармен сөзге де келіп қалған кездері бар. Талай рет осыған бола «давлениесі» көтеріліп, ұйықтай алмай жатқан кездері де болған.
Үкіметтің газетінде жұмыс істегенде де ол қазақтың мүддесін ойлаған мақалаларын жазды, оппозициялық басылымға да сол мақалаларын жазу үшін барды. Қай жерде жұмыс істесе де тек ұлттың қамын ойлап қамығып жүрді. Ал, өз тарапына айтылған сындарды байсалдылықпен қабылдайтын. Жұмыс істелген жерде сынның да, міннің де болатынын жақсы білетін.
СОҢҒЫ БЕЛЕС
Оппозиция арқылы өмірге жақсы түсінікпен қарайтын адамдардың келетінін пайымдайтын. Өмірінің соңында ол жаны қиналып, өте ауыр жағдайда жатты. Жүдеп-жадап азғантай уақыттың ішінде бір кіп-кішкентай адам болып қалды. Ол сонда адамдардың өзінің осындай ауыр халге душар болғанын көргендерін қаламады. Жанының мұңайып, қайғы-қасіреттен қиналғанын тірі жанға сездіргісі келмеді.
Алайда соған қарамастан оның қатты ауырып жатқанын естіп талай адамдар келді. Таяғына сүйеніп Ғаббас Қабышұлы келді. Мараттың талантын бағалап қазақтың үлкен классигі Әбдіжәмил Нүрпейісов, марқұм Қасым Қайсенов, Жазушылар одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин, жан досы Тұрысбек Сәукетаев және тағы да көптеген қаламгерлер келді. Қолдарынан келгенше көмектерін көрсетті. Беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, Марат ауырып жатқанда қаржылық жағынан қатты көмектескен Мұрат Әуезовке шексіз алғысымды білдіре кеткім келеді.
Өлерінің алдында менімен қоштасарда ол Махамбеттің басын шауып өлтірген, Абайды сабаған, көзі тірісінде таланттарын бағаламайтын қазаққа өкпелемейтінін, соған қарамастан ұлтын шексіз сүйетінін, өзінің нағыз оқырмандарының болашақта туатынын, жазып кеткен дүниелері үшін өкінбейтінін айтып кетті. Шындығында да Марат ұлтын шексіз сүйді.
Марат дүние салғанда «Жас Алаш» газетінде «Өмірден кім өткенін білесіз бе?» деген айдармен қазанама жарияланды. Менің ойымша, сол кезде, Марат дүние салғанда ғана халық қандай азаматтан айырылып қалғандарын шын жүректерімен сезінді.
Марат өмірден өткенде адамдардың қай-қайсысы болса да қатты қайғырды. Орыстарда Высоцкий немесе Шукшин өмірден өткенде елі қалай қайғырса, Марат дүние салғанда да қазақ халқы ерекше қапаланды. Оның жүрегі таза, мансап үшін емес, ұлтының жарқын келешегі үшін басын құрбандыққа тігуге шейін бара алатын азамат екенін жұрттың көбісі сонда ғана түсінді.
Оның өлімі әсіресе қарапайым халықты бейжай қалдырмады. Көшеде жүрген, Маратты ешқашан көрмеген талай адам үйіміздің адресін біреулерден біліп алып, арнайы іздеп келіп, көңіл айтты. Олардың көбісі жазуға да, сызуға да еш қатысы жоқ қарапайым адамдар екенін, алайда Мараттың жазған дүниелерін оқығандарын, оның дүниелерінің жүректерінен шығып, қатты тебіренткендіктен жазушының шаңырағын арнайы іздеп келгендерін айтып жатты. Сонда мен алғаш рет өлімнің де ерекшелігі болатынына көзім жетіп, таң қалдым.
Мараттың қазасын естіп көңіл айтуға келушілер көп болғандықтан оның қырқына шейін демалысымды алып, үйде отыруыма тура келді. Бір қызық айтайын. Марат қайтыс болғаннан кейін үш, тіпті төрт жылдан кейін үйді іздеп келген адамдар бар. Олар маған «мен ол кезде келе алмап едім, кешір айналайын» деп ақталып жатты.
Мен Мараттың ешқандай да кемшілігі болмаған азамат дегім келмейді. Ол да талай қателесті, бірақ ол өте кешірімшіл, ешкімге кек сақтамайтын, жүрегі таза азамат болды. Біреуге жамандық жасау немесе арамдық ойлау деген оның миына кірмейтін. Осы тазалығы, адалдығы үшін мен оған ылғи да түсіністікпен, кешіріммен қарадым.
– Әңгімеңізге рақмет.