Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының ереуілі жалғасуда. Ереуілшілерге қолдау білдірген хатында қуғындағы Мұхтар Әблязов «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының жұмысшылар талабын орындауға толық мүмкіндігі барлығын айтып, кінәні Тимур Құлыбаевқа артады.
ЕРЕУІЛ ЖАЛҒАСУДА
«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары наразылықтары ары қарай жалғасуда. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының талап арызына орай шығарылған сот шешімінде 21 адам мен басқа барлық «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының тез арада жұмысқа кірісуі міндеттелгені айтылғанымен, жұмысшылардың тек кейбірі ғана жұмысқа шыққан.
Қолдарына сот шешімін ұстаған жұмысшылардың бірқатары автобекетке жиналғандарға келіп қосылған.
- Сот шешімі барлық жұмысшыларға арналғандықтан олардың ешқайсысы аяқ баспай тұрғанда біз олардан бөлініп қайда барамыз, - дейді «Мұнай-газ өндіру басқармасы-3» кәсіпорнының операторы Естай Қарашаев.
Осылайша автобекетке наурыздың 4-інде жиналған мұнайшылар талаптары орындалмай ешқайда кетпейтіндіктерін мәлімдеп отыр.
Жалақыға қосымша төленетін аймақтық коэффициентті қалдыруды талап етіп ереуілге шыққан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 10 наурыз 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Ереуілге қатысушыларың бірі «Мұнай-газ өндіру басқармасы-2» кәсіпорны машинисі Күнсұлу Әйтішева жергілікті биліктің мұнайшылар наразылығын заңсыз деп бағалауына өз қарсылығын білдірді.- Біз енді неше күн тұратынымыз белгісіз, өйткені талабымыз әлі орындалған жоқ, Күннің суықтығына қарамастан адамдар тарқамай тұр. Талабымызды заңсыз десе, әділ заң қайда? Өзенде соттың әділ шешім шығарғаны күні болды ма? Осыдан он жыл бұрын күйеуімді өлтірген адамды әкеліп беріп тұрғанда дәлел жоқ деп айтқан, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының қоғамдық байланыстар жөніндегі өкілі Дәулет Жұмаділ наурыздың 11-күні Азаттық тілшісіне берген түсініктемесінде, сәрсенбідегі сот шешімінен соң 115 адамның жұмысқа шыққанын жеткізді.
Дәулет Жұмаділдің айтуынша, жұмысшылардың ереуілі салдарынан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы мұнай өндіру көлемі, алдын ала бағамдау бойынша, 700 тоннаға дейін кеміген. Ал ереуілдің бастапқы күндері тәуліктік мұнай өндіру көлемі 200-400 тоннаға дейін кеміген.
Бірақ оның «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» кәсіпорнының жылдық көрсеткішіне қалай әсер ететіні филиалдың өндірістік қызметінің қаншалықты жедел қалпына келуіне байланысты дейді ол.
ШЕТЕЛДЕГІ МҰХТАР ӘБІЛЯЗОВТЫҢ ҮНДЕУІ
Жаңаөзендіктер ереуілдетіп жатқан кезде «БТА» банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың интернет арқылы «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларына жолдаған үндеуі жарияланды.
Сіздердің барлық талаптарыңызды орындауға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының ақшасы жеткілікті. Компания басшыларының қаражат жоқ деген шағымдарына сенбеңіздер. Олар еш қиындықсыз-ақ ұжымның еңбек ақысын көтере алады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының еркін айналымда 640 миллиард теңге қаржысы бар. Ал 2009 жылдың алғашқы үш тоқсанындағы ұлттық валютаны девальвациялау кезінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы 662 миллион доллар пайда тапты» деп жазған Мұхтар Әбілязов үндеу-хатында.
Сондай-ақ ол барлық саяси партияларды, қоғамдық ұйымдарды, барша қазақстандықтарды «Өзенмұнайгаз» еңбек ұжымының заңды талаптарын қолдауға шақырған.
Алайда ереуілге шыққан жұмысшыларға әзір Мұхтар Әблязовтың хаты жете қоймапты. Олар өздеріне не билік өкілдерінің, не оппозиция белсенділерінің ешбірі әлі күнге дейін төбе көрсетпегенін айтады.
Бұған қоса жұмысшылар өздері талап еткен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдиннен де, Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтан да осы күнге дейін бір ауыз жауап естімегендеріне қынжылады.
- Біз жалақы мен аймақтық коэффициенттен туындаған наразылығымызды саясатқа айналдырғымыз келмейді. Мұхтар Әблязовтың үндеуін әзір ести қойғамыз жоқ. Ал оны кім қалай қабылдайтындығын айта алмаймын. Өйткені, бұл стихиялық наразылық. Әр жұмысшы өз талабымен келіп отыр. Бірақ жұмысшылармен сөйлесуге ұмтылған басқа ұйымдарды да, облыс әкімін де көрмедік, - деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне «Өзенмұнайгаздың» бөлімшесі «Жөндеу» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Ықылас Шаңгереев.
МАҢҒЫСТАУ ӘКІМДІГІ ЖҰМЫС БЕРУШІ КОМПАНИЯНЫ КІНӘЛАЙДЫ
Наурыздың 10-ы күні Маңғыстау облыстық әкімшілігі Жаңаөзендегі жағдай туралы ресми баспасөз мәлімдемесін таратқан болатын. «Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек дауы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы тарапынан ойланбай жасалған шешімдер салдарынан туындаған» делінген бұл баспасөз мәлімдемесінде.
Облыс әкімшілігінің осы баспасөз ақпарына сүйенсек, ақпанның 23-де «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» кәсіпорнының директорлар кеңесі мен акционерлік қоғам басқармасы сәуірдің 1-інен бастап еңбек ақысын төлеу шарттарына өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдаған. Бұл жайлы облыс әкімшілігіне ешкім хабарламаған.
«2010 жылғы ақпанның 10-ынан бастап еңбек шартына қосымша келісімге қол қою жөніндегі компанияның орталық кеңсесінен алынған хабарлама жұмысшылар арасына жедел таратылған. Онда қол қоюдан бас тартқан жұмысшы осы хабарламаны алғанан бастап бір ай ішінде жұмыстан босатылатыны көрсетілген. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы басшылығының бұл әрекеті жұмысшылардың наразылығын тудырған» деп көрсетілген Маңғыстау облыстық әкімшілігі таратқан баспасөз мәлімдемесінде.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жаңаөзендік жұмысшыларның еңбекақы төлеміне байланысты өзгеріс пен өндіріс филиалы басшыларына деген наразылықтары наурыздың 4-інен басталған еді. Олар бұған қоса аймақтық коэффициентті заңдастыруды, салалық коэффициенттерді төлеуді, филиалға акционерлік қоғам мәртебесін беріп, оны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тікелей бағындыруды талап етіп отыр.