Шілденің 23 күні Алматы маңындағы Шаңырақ елдімекенінде жергілікті билік заңсыз салынған деп танылған кейбір үйлерді бұзды. Жалпы саны 5 үй күресінге айналды. Кейбір үйлерді күреп жатқанда ішінде адам да болған екен.
Бұған наразы болған Шаңырақтың жүздеген тұрғыны орталық көшеге шығып, көлік жүретін жолды 4 сағат бойына бөгеп тастады. Бала-шағаларын шұбыртып, жылап-еңіреген шаңырақтықтар Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың келуін талап етті.
Жиналған тұрғындар осыдан тура 3 жыл бұрынғы Шаңырақ қақтығысында құрбан болғандарға арнап ас беріп, үйлеріне тараған уақытта, бірнеше үйдің тағы да қиратылып қалғанын көргендерін айтады.
Зәбира есімді қарияның айтуынша, үйін қирата бастаған трактордың да алдына кесе-көлденең тұрғанына қарамастан ауыр техника оның үйінің жартысын құлатып кетіпті.
Ал ерлі-зайыпты Орынбасар мен Мақпал Иманғалиевтер болса, бірнеше жыл бойы тірнектеп салып біткен үйлеріне кіру қамымен базарға кетіп қайта оралғанда үйлерінің орнына тек үйіндінің қалғанын көргендерін айтады. Бір жастан жаңа асқан сәбиін құшақтаған Мақпал Иманғалиева енді қайдан пана табатынын біле алмай, еңіреп жылаумен болды.
Үйінен айырылған Шаңырақтың тағы бір тұрғыны Нұрман Жүнісәділов Азаттық тілшісіне былай деді:
- Бұл жерде тұрып жатқаныма биыл бес жыл болды. Жерді 3500 долларға сатып алғанмын. «Біз жерді заңсыз басып алғанбыз» деп жазсаңдар заңдастырып береміз деп алдап, 12 мың теңге төлеткен әкімшілік міне бізді тағы да алдап соқты. Мен үйімнің мәселесі шешілмей осы жерден тапжылмаймын. Қажет болса өлемін де, кеше осы Шаңырақ үшін құрбан болғандардан жаным артық емес.
Тұрғындардың шақыруымен жиынға келген «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин салынып қойылған үйлердің еш ескертусіз, әрі арнайы құжатсыз бұзылуын әкімшіліктің әдейі жасап отырған арандатуы деп санайтынын айтты.
Жиынға келген Алматы қаласы прокурорының орынбасары оған түсіндіру хатын тапсырып, бұл жиынды рұқсат етілмеген митинг деп танып, Ж.Қуанышәлинді ұйымдастырушы ретінде жарияламақ болды. Бірақ жиналған жұрттың қатты наразылығы оның бұл әрекетін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Ашулы халықты басып, елді тыныштандыруға Шаңыраққа жүздеген құқық қызметкерлері әкелінді. Олар халықтан тарауды талап еткенмен, ел әкіммен сөйлеспей қайтпайтындарын мәлімдеп тұрып алды.
Бірнеше сағаттан соң ел ортасына Алматының Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров келді. Жұрт алдындағы сөзінде әкім халықпен кездесуден қашпайтынын, Шаңырақ мәселесін шешуге бір кісідей ат салысып жүргенін айтып ақталғандай болды:
- Жаңа жылда арнайы тізім жасалып, 4523 үй сол тізімге енді.Осыған байланысты 2500 адамның үйі заңдастыру үстінде. Ал жуырда суға кеткендерге 60 үй салынып берілді, тағы 14 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ содан бері жаңадан заңсыз салынған үйлер рәсімделмейді және олар бұзылады.
Сөз соңында Бағдат Мәнізоров 24 шілде күні сағат 15-те үйлері бұзылған адамдардан, бейресми ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған комиссиямен қиратылған үйлерді тексеруден өткізетінін айтты. Алайда үйсіз қалғандардың жағдайы мен оларға төленер өтемақы туралы қойылған сауалдарға жауап берген жоқ.
Шаңырақтағы дәл осындай халық толқуы 2006 жылғы шілденің 14-інде болған еді. Сол жолы да Шаңырақтағы заңсыз салынған деп танылған баспаналар ауыр техникалармен қиратылған-тұғын. Бірақ биліктің ісіне қарсылық танытып, өре түрегелген халық полиция күштерімен қақтығысып баспаналарын қорғап қалған-ды. Сол жолғы қақтығыста бір полиция офицері қаза болды. Ол оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айып тағылған 25 адамның төртеуі сот үкімімен 14 пен 18 жылға шейін бас бостандығынан айырылды, 1 адам ақталып, қалғандары әртүрлі мерзімге шартты түрде сотталды.