"Талибан" әлем елдерінің қолдауына ие болу үшін "өзгеруге" дайын ба?

"Талибан" ресми өкілдері баспасөз мәслихатын өткізетін залда тәліптер туын тігіп жатқан адамдар. Кабул, Ауғанстан, 17 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстанда билікті басып алған тәліптер қиын таңдаудың алдында тұр. Батыс елдері "Талибан" билігі легитимді болғысы келсе адам құқықтарын сақтап, терроризмге қарсы күрес саласында бірқатар міндеттемені орындасын деген талап қойды. Әйткенмен тәліптер билігін шартсыз мойындауға дайын елдер де бар.

БАТЫС ЕЛДЕРІНІҢ ТАЛАБЫ

Бір апта бұрын Ауғанстанды толық бақылауына алған тәліптер халықаралық қауымдастықты "инклюзивті саяси жүйе құрамыз, елді террористер орталығына айналдырмаймыз" деп сендіруге тырысып жатыр.

Бірақ әлем елдерінің "Талибан" үкіметінің легитимдігін мойындау мәселесі кедергіге тап болды. 1996-2001 жылдар аралығында Ауғанстанды басқарып, кейін орнынан тайдырылған тәліптердің билікті қайтадан қолға алып, орнатқан үкіметін бірлі-жарым шет мемлекет қана мойындауы мүмкін.

Пәкістан, Иран, Ресей мен Қытай да Ауғанстанның жаңа үкіметімен жұмыс істеуге дайын сияқты. Бұл тәліптердің осы жолы әлемдік қауымдастықтан шет қалып, оқшау үкіметке айналмайтынын білдіреді. Тәліптердің осыған дейінгі үкіметін (1996-2001) көрші Пәкістанмен қоса Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері ғана мойындаған.

Кабул көшесінде жүрген "Талибан" қарулы жасағы. 23 тамыз 2021 жыл.

Батыс көшбасшылары тәліптер билігін мойындау мәселесін осы әскери топты бірқатар ұстанымын өзгертуге ынталандыру үшін пайдаланып отыр. Халықаралық легитимдіктің экономикалық құны да жоғары болатын сияқты. АҚШ үкіметі Ауғанстан орталық банкінің резервіндегі миллиардтаған долларды бұғаттап тастады. Ал Халықаралық валюта қоры Кабулға бермекші болған 450 миллион доллар көмекті тоқтатып қойды.

– "Талибан" көшбасшылары халықаралық көмектің қажеті мен маңызын жақсы түсінеді. Олар әлем елдері тәліптер билігінің легитимдігін мойындамайынша, ешқандай көмекке қол жеткізе алмайтынын біледі. Тәліптер әлем елдерінің қолдауына ие болып, халықаралық беделін жақсартқысы келеді, – дейді Лондондағы Chatham House талдау орталығының ғылыми қызметкері Хамид Хакими.

Бұл пікірге Ауғанстанның Пәкістан мен Қытайдағы бұрынғы елшісі Жанан Мұсазай да қосылады.

– [Тәліптер] бұрын жіберген қателігінен сабақ алғанын, енді ондайды қайталамау үшін тиісті шаралар қабылдауға дайын екенін ашық білдіріп отыр. Осындай қателіктің бірі – тәліптердің ел басқаруда халықаралық қауымдастық қолдамайтын әдістерге жүгінуі болды. Сондықтан тәліптер билігін санаулы мемлекет ғана мойындады, – дейді бұрынғы дипломат.

Мұсазайдың пікірінше, тәліптер құрғақ уәдемен әлем елдерінің сеніміне кіре алмайды.

– Олар әртүрлі тілде сөйлейтін сантүрлі ұлт өкілдерінен құралатын ислам үкіметін құруға шынайы ниеті барын көрсетуі керек, – дейді ол.

ТӘЛІПТЕР УӘДЕСІ

Тәліптердің жақсы жұмыс істейтін PR машинасы әлем елдеріне осы ниетін жеткізуге барын салып жатыр.

Тәліптердің жоғары шенді басшылары елдегі саяси көшбасшылармен, оның ішінде Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай және жақында құлаған үкіметтің ұлттық достастық жөніндегі комиссия төрағасы Абдулла Абдулламен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында "Талибанның" ресми өкілі Сухаил Шахин "Біз инклюзивті үкімет құру үшін жұмыс істеп жатырмыз, [бұл] билік монополиясы болғанын қаламайтынымызды білдіреді…" деді.

Тәліптер бұрынғы ауған үкіметіне қызмет еткен жауынгерлер мен басқа да қызметкерлерге амнистия жариялап, бұрынғы жоғары шенді шенеуніктер мен басқа да қарсыластарын қудалаған жоқ.

– Ұлтына қарамастан, барлық ауған азаматы бірігіп, жаңа үкіметтің бір бөлігіне айналғанын қалаймыз. Өйткені шетелдік әскер кеткеннен кейін Ауғанстанды аяққа тұрғызатын уақыт келді, – деді Шахин.

Тәліптер өкілі Забиулла Мұжахид баспасөз мәслихатында отыр. Кабул, Ауғанстан, 17 тамыз 2021 жыл.

– Біздің жерімізде сіздерге [ешкім] залал келтірмейді, – деді тәліптердің ресми өкілі Забиулла Мұджахид. Ол Ауғанстанды террористер ошағына айналдыруға жол берілмейтінін тағы да қайталады.

"Талибан" үкіметінің басқа басшылары сияқты Мұджахид те жиырма жылға жуық қуғында өмір сүрген. Ол Ауғанстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарына берген сұхбатында "біз әйелдердің шариғат заңдарына сай жұмыс істегенін қалаймыз" деп, тәліптер тарапынан жасалған мыңдаған шабуылды мойындады.

Ауғанстан астанасы Кабулды басып алғалы бір апта өткеннен кейін, тәліптер халықаралық қауымдастықтың жіті назарына ілінді.

Америка әскерін Ауғанстаннан шығару туралы шешімі үшін сынға қалған АҚШ президенті Джо Байден Вашингтон батыстағы одақтастарымен бірге тәліптерге қысым көрсетіп, "Талибан" үкіметінің легитимдігін мойындау үшін оларға қатаң шарттар қойып отырғанын мәлімдеді.

АҚШ президенті Джо Байден. Ақ үй, Вашингтон, 22 тамыз 2021 жыл.

– Тәліптердің сырттан көмек алу мүмкіндігі олардың әйелдер мен қыздарға, өз азаматтарына қаншалық жақсы қарағанына байланысты болады, – деді 20 тамызда Байден.

АҚШ президенті тәліптердің "халықаралық қауымдастықтың бізді легитимді үкімет ретінде мойындағанын қалаймыз ба, жоқ па?" деген сұраққа жауап іздеп, қазір экзистенциал дағдарысты басынан кешіп жатқанын осыған дейін айтқан.

Осы аптада өткен G7 (үлкен жетілік) елдері саммитінде Ұлыбритания тәліптердің адам құқықтарын бұзғаны және трансұлттық әскери топтармен байланысы болуы ықтимал деген жайттарға сүйеніп, Ауғанстанның жаңа үкіметіне қарсы санкция салуды ұсынды.

– Кез келген мемлекет үшін Кабулдағы жаңа режимді алдын-ала және екіжақты келісім негізінде мойындау қателік болар еді. Яғни, Ауғанстанның болашағына бей-жай қарамайтын елдер... жаңа режимді мойындау туралы шешім қабылдамас бұрын тәліптерге қойылатын шарттар тізімін дайындап жатыр, – деді британ премьер-министрі Борис Джонсон.

Кабул әуежайынан дипломаттар мен өзге де адамдарды эвакуациялауға жәрдемдесуге барған Ұлыбритания сарбаздарының демалып отырған сәті. 2021 жылғы 23 тамызда Reuters агенттігі жариялаған сурет.

Еуропа одағының басшылары тәліптермен келіссөз жүргізіп жатқанымен, Ауғанстандағы жаңа режимді әлі мойындаған жоқ.

17 тамызда Еуропа одағының бас дипломаты Жозеф Боррель:

– Тәліптер соғыста жеңіске жетті, сондықтан гуманитарлық және миграциялық дағдарыстың алдын-алу үшін олармен сөйлесіп, тезірек диалог бастауымыз керек, – деді.

Осыған дейін АҚШ пен Еуроодақ Жапония, Австралия және басқа да одақтастарымен бірге Ауғанстандағы жетекші донор болатын. Елдегі экономикалық дағдарыстың алдын-алу үшін аталған мемлекеттерден келетін гуманитарлық көмектің маңызы өте зор.

Хакими әскери топ басшыларының БҰҰ санкциясына ілінген тұлғалар тізімінде болуы және Ауғанстан активтерінің бұғатталуы тәліптерді қиын жағдайда қалдырғанын айтады.

Сарапшы тәліптер легитимді деп танылуы үшін елді және экономиканы қалай басқаратынын көрсетуі керек деп есептейді.

– Ауған үкіметі елдегі ең ірі жұмыс беруші болатын. Енді қазір үкіметке қарсы санкция салынса, бұл жүздеген мың отбасыға әсер етеді. Батыс гуманитарлық көмекті тәліптерге ықпал ету тетігі ретінде пайдаланады. Олар тәліптердің әлсіздігін көрген сайын, қозғалыс мүшелерінің іс-қимылын өзгерту үшін көмек беруге бірден келіспей, біраз әуреге салуы мүмкін, – дейді сарапшы.

БАСҚАДАЙ ЖОЛ ТАҢДАҒАН ЕЛДЕР

Бірақ Ауғанстанның ықпалды көршілері Пәкістан мен Иран, әлемдік державалар Ресей мен Қытай басқа жолды таңдап отыр. Ауғанстанда тәліптер билігі орнаған кейінгі бірнеше аптада батыс дипломаттары елден кетіп жатқанда, аталған елдердің елшіліктері бұрынғыдай жұмыс істей берді.

"Талибан" билікті басып алған Ауғанстаннан қашып, Пәкістан аумағына өткен босқындар. Чамандағы шекара бекеті, Пәкістан, 23 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" қозғалысы басшыларын қабылдап, әскери содырларды жиырма жыл бойы қаржыландырып келген Пәкістан тәліптер билігін мойындауға дайын сияқты. Исламабадтағы (қудалауға ұшыраудан қорқып, аты-жөнін атағысы келмеген) жоғары шенді саясаткерлер Gandhara сайтына Пәкістанның ықпалды әскери басшылары елдегі саяси партиялардан Ауғанстандағы тәліптер үкіметін мойындауды талап еткенін айтқан.

Исламабад әлем елдерін тәліптер билігін мойындауда өңірлік және халықаралық келісімге келуге шақырып отыр.

Жақында Пәкістан ақпарат министрі Фавад Чаудри тәліптер билігін мойындау мәселесі жөнінде "Біз өңірдегі және шетелдегі достарымызбен байланысып тұрамыз, осыған сәйкес шешім қабылдаймыз" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай тәліптерден не күтеді?

Кей ақпаратқа қарағанда, Қытай Ауғанстандағы жаңа үкімет ресми жарияланған бойда тәліптер билігін мойындауға дайын отыр.

16 тамызда Қытай сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Хуа Чунинг журналистерге "Тәліптер Ауғанстандағы барлық фракциялар мен ұлттарды біріктіріп, елдегі бейбітшіліктің негізін қалауға көмектесетін инклюзивті саяси жүйе құрады деп үміттенеміз" деп мәлімдеді.

Кейінгі айларда Пекин "Шығыс Түркістан ислам қозғалысы" мен ұйғыр сепаратист топтарына қарсы күресте тәліптермен әріптестік орнатып, Ауғанстанның жаңа үкіметіне инвестиция мен инфрақұрылымдық жобалар бойынша қолдау көрсететінін айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин де "Талибан" үкіметін Кремльдің мойындайтынын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуінен түсірілген сурет. Кремль, Мәскеу, 21 тамыз 2021 жыл.

– Қазір тәліптер ел астанасын қосқанда, Ауғанстанның бүкіл жерін бақылауында ұстап отыр. Қазіргі шындық – осы. Ауғанстан мемлекетінің құлап, ыдырағанын қаламаймыз, сондықтан осы шындықты ескеріп, әрекет етуіміз керек. Біреудің құндылығын басқаларға таңуға тырысатын жауапсыз саясатқа нүкте қою қажет, – деді Путин 20 тамызда журналистерге берген сұхбатында.

Қытай мен Ресей сияқты тәліптермен көп жыл бойы жақсы байланыста болып келген Иран да әскери топтың билікке келуін жылы қабылдады.

16 тамызда Иранның жаңа президенті Ибрахим Раиси қызметінен кетіп жатқан сыртқы істер министрі Мұхаммед Жавад Зарифке "АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери жеңілісі мен елден кетуі жергілікті халыққа бұрынғы өмірі, қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қайтаруға мүмкіндік беруі керек" деді.

Хакимидің пікірінше, "Талибан" үкіметінің әрекеті сыртқы және ішкі қысымның әсерінен бөлек, тәліптердің "билікті күшпен басып алатын әсірерадикал топ" деген имиджін өзгертуге талпынысымен де байланысты болуы мүмкін.

– Кейінгі 20 жылда әлем тәліптердің әр қимылын жіті бақылап отырды, мұны тәліптер де жақсы біледі. Қазір олар осы имиджін жақсы жаққа қарай өзгертуге мүдделі болып отыр, – дейді сарапшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Талибанның" Ауғанстанда билікке келуі Ресейге қалай әсер етеді?Кейінгі 40 жылда сыртқы күштен жеңілмеген Панжшер тәліптерге қарсы тұрды. Соңы не болмақ?Кабулда эвакуация қарқын алды, Батыс "Талибанның" қаржы көздерін жапты