Адам атқандарды жауапқа тартпау, азаптау және үшінші күштер. Қанды Қаңтар мен Қарақалпақстандағы оқиға нені байқатты?

Билік Қарақалпақстан астанасындағы наразылықты күшпен басып-жаншығаннан кейін түсірілген суретте өзбекстандық қарулы сарбаздар Нөкіс көшесінде тұр. 3 шілде 2022 жыл.

Авторитар басшылар неліктен елдегі оқиғаларға үшінші күштерді кінәлайды? Орталық Азия елдерінің билігі наразылықты басуға не себепті шамадан тыс күш қолданады? Қазақстандағы Қаңтар мен Қарақалпақстандағы оқиғалардың ұқсас тұстары қандай? Азаттық Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсоннан сұрап көрді.

"ЕКІ ЕЛ ДЕ КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ ӘРЕКЕТІН АҚТАП АЛУҒА ТАЛПЫНДЫ"

Азаттық: Қарақалпақстандағы соңғы оқиғалар мен Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтарын өрескел бұзудың ұқсас тұстары бар ма?

Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Хью Уильямсон: Human Rights Watch әртүрлі елдердегі ахуалды, Қарақалпақстандағы оқиға мен Қазақстандағы Қаңтар оқиғасын өзара салыстырмайды. Бірақ бұл сұраққа жауап берер болсам, Қазақстан мен Өзбекстанда адам құқықтарын қорғау ұстанымына қатысты кейбір ортақ элементтерді байқауға болады. Мысалы, екі елдегі қауіпсіздік күштері адам құқықтарын бұзса, ол үшін жауапкершілікке тартылмайтыны алаңдатады. [Ресми дерек бойынша] Қазақстанда – 238, Қарақалпақстанда 18 адам қаза тапты.

Екі елде де үкімет оқиғаны тергеп-зерттейтінін мәлімдеді. Алайда Human Rights Watch ұйымының бұрынғы есептеріне сүйенсек, бұған дейін бейбіт тұрғындардың қазасына қатысы болуы мүмкін күш құрылымдарын тергеу болмаған, олар сотқа тартылмаған, сондықтан бұл жайт алаңдатады. Дәл осылайша екі елде тұрғындардың қазасына жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылмауы мүмкін. Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан бері алты ай, ал Өзбекстандағы оқиғадан бері он шақты күн өтті. Сондықтан Өзбекстан жайлы әзірге қандай да бір нәрсені кесіп айту ерте. Өзбекстан билігі тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Бұл ретте өзбек билігін бейбіт тұрғындарды өлтіргендерді жауапқа тарта алатындай тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырамыз.

Ташкент Қарақалпақстандағы наразылықты күшпен басып-жаншыды:

Your browser doesn’t support HTML5

Қарақалпақстандағы дүрбелеңде ондаған адам мерт болды. Қазірге дейін не белгілі?

Екіншіден, екі елде де, өкінішке қарай, қамау орындарындағы азаптау кең таралған. Қазақстанда бұған дәлелдер (Қаңтар оқиғасындағы азаптау жайлы) әлі де шығып жатыр, Өзбекстанда солай бола ма, көре жатармыз. Бірақ жалпы алғанда, Өзбекстанда қамау орындарындағы азаптау − алаңдаушылық тудыратын мәселе.

Үшіншіден, екі елде де үкімет наразылықтардың артында билікке қарсы сөз байласқан сыртқы күштер тұр деді, бірақ оған нақты дәлел келтірмеді. Осылайша екі елде де адам өлтіру, қамау мен азаптау тәрізді адам құқықтарын бұзу оқиғаларына мән берілмей, мемлекетке әлдебіреулер қатер төндірді деген желеумен қауіпсіздік күштерінің әрекетін ақтап алуға талпыныс байқалды. Бірақ екі ел де мемлекеттілікке қауіп төнді дегенге дәлел ұсынбады.

Азаттық: Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, соңғы оқиғалардан кейін Қарақалпақстанда төтенше жағдай тәртібі енгізіліп, интернетке шектеу қойылды. Төтенше жағдай, интернетті өшіру авторитар билікке тән әдістер ме?

Хью Уильямсон: Өкінішке қарай, бұл Орталық Азияда ғана емес, басқа жерлерде де жиі кездеседі. Интернетті аз уақытқа ғана шектеуге болады. Ал бір күн, бірнеше күн сияқты ұзақ уақытқа шектеу дұрыс емес. Human Rights Watch Қарақалпақстандағы интернетті шектеуді тез арада алып тастауға шақырады, себебі бұл сөз бостандығы, ақпарат алу еркіндігі құқықтарын шектейді, қаза тапқандардың немесе жәбірленушілердің туыстары жақындарымен байланыса алмай жатыр. Ал бұл үкімет Қарақалпақстан азаматтарынан жан-жақты ақпарат жинай алмайды деген сөз. Сондықтан төтенше жағдайды тек шектеулі уақытқа енгізуге болады, бірақ онда да есептілік болуы керек. Оның не себепті жарияланғанын түсіндіру қажет. Төтенше жағдай кезінде азаптау болмауы тиіс. Осы себепті күштік құрылымдар адам құқықтарын сыйлап, азаптауға жол бермеуі керек.

Дүрбелеңге ұласып, қантөгіспен аяқталған наразылықтан кейін көшеде тұрған қарулы әскер. Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық: Қаңтар айында Қазақстанда, жақында Қарақалпақстандағы оқиға кезінде қаза тапқандар мен жараланғандар болды. Орталық Азия елдерінің билігі не себепті наразылықты басып-жаншу үшін шамадан тыс күш қолданады?

Хью Уильямсон: Олар бұған дейін сол әдісті қолданып келген, меніңше, сол себепті қазір де солай. Бұған дейін айтқанымдай, наразылықты бақылауда ұстаудың басқа әдістерін табу керек. Human Rights Watch ұйымының Қаңтар оқиғасы бойынша зерттеуі полиция қолында қаруы жоқ, ешқандай қауіп төндірмеген кемі он бейбіт тұрғынды атып өлтіргенін көрсетті. Қарақалпақстанда 14 бейбіт тұрғын мен төрт полицейдің қалай қаза тапқанын білмеймін, мұны зерттеу керек. Дегенмен полиция адам қазасы мен жарақат алуға әкеп соққан күш қолданған тәрізді. Полиция азаматтардың қауіпсіздігін қорғайтын, бірақ ондаған адамның қазасы мен жаралануына әкеп соқтырмайтын басқа әдістерді қолдануы тиіс. Сондықтан Орталық Азия елдерінің үкіметтерін полиция жүгіне алатын басқа әдістерді қолдануға шақырамыз.

Азаттық: Қарақалпақстанда халық билікке талабын жеткізу үшін шыққан бейбіт шеру зорлық-зомбылыққа ұласты. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев наразылық аяусыз басып-жаншылған соң Нөкіске ұшып келіп, Қарақалпақстан мәртебесі өзгермейтінін мәлімдеді. Билік халық үніне неге әу баста құлақ аспады? Неліктен халық талабын тек зорлық-зомбылықтан соң орындады?

Хью Уильямсон: Өзбекстандағы адам құқықтарының ахуалы, пікір білдіру еркіндігі, қоғамның, оның ішінде Қарақалпақстан халқының өз үнін үкіметке жеткізе алу мүмкіндігі алаңдатады. Конституцияға даулы түзетулерді ұсынбас бұрын Қарақалпақстан халқымен жан-жақты және тиімді талқылау өткізілмеді. Бәлкім, [оқиғадан кейін] талқылау мен кеңесу өтетін шығар, бірақ оның қалай, қандай форматта өтетіні тағы белгісіз. Әлбетте, мұндай талқылаулардың алдын ала (түзетулер ұсынылмас бұрын) өткені дұрыс еді.

Азаттық: Өзбекстанда "жаппай тәртіпсіздікті" ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілерді басқа аймақтардағы абақтыға қамауға жібергені хабарланды. Қазақстанда да, Өзбекстанда да қамау орындары азаптау, ұрып-соғып, күш көрсетіп жауап алу кең таралған, азаптау туралы шағымдар бойынша тергеу жүргізілмейді. Енді Өзбекстанда дәл Қазақстандағы тәрізді азаптау мен ол үшін ешкімді жауапқа тартпау қайталануы мүмкін бе?

Хью Уильямсон: Бұл ретте қандай да бір болжам жасағым келмейді. Human Rights Watch ұйымы Өзбекстандағы қамау орындарында қатыгездік таныту, азаптау мен айыпты мойындауға мәжбүрлеу тәжірибесі барын жазды. Өкінішке қарай, осы оқиғадан кейін де қамаудағы азаматтарды азаптау, оларды тағылған кінәні мойындауға мәжбүрлеу әрекеттері қолданылуы мүмкін. Біз Өзбекстан осындай әдістерді қолдана ма деп алаңдаймыз, бұл тәсілдерді қолданбауға шақырамыз. Сонымен қатар олар (Өзбекстан билігі) тез арада адамдарды ұстап, қамауға алып, кейбіреулерге айып таққанына алаңдап отырмыз. Оқиғадан кейін бұл адамдарға неге сүйеніп айып тағылды, оларға осындай ауыр қылмыстық айып тағуға негіз бола алатын айғақ-дәлел бар ма деген мәліметке қол жеткізе алмадық. Сол себепті айыптаулар анық және негізді болмайды және сот процестері ашық әрі әділетті өтпеуі мүмкін деп қауіптенеміз.

Өзбекстан Конституциясынан Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі мен "референдум жолымен" бөлініп шығу хақы туралы жазылған баптарды алып тастауды көздейтін өзгертулер жобасы жарияланғаннан кейін Нөкісте наразылық білдіріп жиналған адамдар.

АВТОРИТАР БАСШЫЛАРДЫҢ "ҮШІНШІ КҮШТЕРДІ" АЙЫПТАУЫ

Азаттық: Жаппай наразылықтан кейін Өзбекстан президенті Мирзияев мұның артында "сыртқы күштер тұр" деді. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сыртқы күштерді айыптаған еді, бірақ олардың кім екенін ашып айтпады. Авторитар басшылар неліктен үнемі үшінші күштерді кінәлайды?

Хью Уильямсон: Бұған дейін айтқанымдай, біз екі елді өзара салыстырмаймыз. Бірақ олар расында да, сондай мәлімдеме жасаған. Мұның рас я жалған екенін білмейміз. Олар мұның артында сыртқы күштер тұр дегенге дәлел келтіруі керек, әйтпесе онысы адамдардың қазасынан назарды басқа жаққа аудару болып көрінеді. Екі ел де адамдардың қазасын зерттеу керек, оқиғаға үшінші күштердің қатысы бар деу жеткіліксіз, мұндай сөз болған нәрсені белгілі бір дәрежеде ақтап алуға тырысумен парапар. Сондықтан оқиғаларды жан-жақты зерттеу керек. Ең бастысы, билік адам құқықтарын бұзу оқиғаларына назар аударып, жақындарынан айырылған адамдарға туыстары қалай қаза тапқанын түсіндіріп, олардың қазасы үшін жауаптыларды жауапкершілікке тарту керек, мұның алдағы уақытта болатынын-болмайтынын көре жатармыз.

Азаттық: АҚШ және БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Қарақалпақстандағы оқиғаны тәуелсіз тергеуге шақырды, бірақ Өзбекстан билігі әзірге ешқандай реакция танытқан жоқ. Дәл сол сияқты халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуге шақырған еді. Бірақ Тоқаев Қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық сарапшыларды тартудың қажеті жоқ деді. Қазақстан Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық ұйымдарды тартудан неліктен бас тартты?

Хью Уильямсон: Олардың не себепті бас тартқанын білмеймін, бірақ біз Қазақстанда Қаңтар оқиғасын тергеп жатқан органдар тәуелсіз емес, сол себепті 238 адамды кім өлтіргені тиісті дәрежеде зерттелмей ме деп алаңдаймыз. Шын мәнінде, Қазақстан тәуелсіз, жан-жақты зерттеу жүргізуге, БҰҰ-ны тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақыруға мүдделі болуы керек. Өйткені бұл олардың Қаңтар оқиғасының салдарын ой елегінен өткізіп, байыппен қарайтынын көрсетер еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуі

Азаттық: Егер Қазақстанның да, Өзбекстанның да билігі халықаралық сарапшыларды тергеуге тартпаған жағдайда, халықаралық ұйымдар зерттеуді өз бетінше жүргізе ала ма?

Хью Уильямсон: Human Rights Watch ұйымы Қазақстандағы оқиғаны зерттеп жатыр. Бірақ біз үкіметтік емес ұйымбыз. Біз Қазақстан үкіметі зерттеу жүргізуді тапсырған ұйым емеспіз. Қазақстан БҰҰ-ны тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырса, бұл маңызды қадам болар еді. БҰҰ немесе Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстан бас тартқан күннің өзінде тәуелсіз зерттеу жүргізе алады, тіпті зерттеу жүргізуі керек.

Азаттық: Human Rights Watch Қазақстандағы Қаңтар оқиғасын зерттеді, ал Қарақалпақстандағы оқиғаны зерттейсіздер ме?

Хью Уильямсон: Қазіргі уақытта ондай мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Әлбетте, Human Rights Watch оқиға қалай болғанын көрсететін дәлелдерді жинауға талпынады. Қазір Қарақалпақстанда интернет байланысы жоқ, бірақ біз мүмкіндігінше неғұрлым көп дәлел жинауға тырысып жатырмыз.

Азаттық: Постсоветтік елдердің басшылары Қазақстан мен Қарақалпақстандағы оқиғалардан қандай сабақ алуы керек?

Хью Уильямсон: Бұдан алатын басты сабақ, осындай оқиғалар кезінде әрекет етудің ең дұрыс жолы − адам құқықтарының стандарттарын сақтау екенін қаперде ұстау. Үкімет оқиға қалай болды, қанша адам қаза тапты, қанша адам азапталды деген мәселелерге мән беруі керек, өйткені бұл мұндай дағдарыс кезіндегі үкіметтің тікелей жауапкершілігі. Үкімет оқиғаның тек қана саяси контексіне мән бермей, адам құқықтары саласындағы міндеттемесін орындап, адамдардың қазасы мен азаптау фактілерін жан-жақты зерттеп, оған жауаптыларды жауапкершілікке тартуы керек. Бұл ретте тұрғындар да жауапқа тартылуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанда күш қолданып, тонағаны үшін жауапқа тартылған тұрғындар болды. Қарақалпақстанда да бұл қайталануы мүмкін. Сол себепті билік жан-жақты тергеуге басымдық беруі керек, бірақ өз қызметкерлері, полиция мен күш құрылымдарының әрекеті де зерттелуі керек. Осылайша бұл оқиғалардан алатын басты сабақ – адам құқықтарына басымдық беру болуы тиіс. Адам құқықтарын қорғайтын ұйым ретінде үкіметтер қысқа немесе ұзақ мерзімде осыны негізге алады деп үміттенеміз. Өйтпеген жағдайда олардың адам құқықтарының ахуалына үлкен дақ түседі. Үкімет дұрыс әрекет етпесе, бұл дағдарысты еңсере алмайды деп қорқамын. Оқиға кезінде адам құқықтарын өрескел бұзғандар жауапқа тартылмайынша, халықтың көңілі орнына түспейді. Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері оқиғадан кейін жауаптыларды жауапкершілікке тартпайынша, Еуропа елдері мен АҚШ тәрізді халықаралық серіктестер де разы болмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азияның сырттағы "дұшпанының" адресі жоқТоқаевтың "элитасы", "олигархтармен одақ", "сәтсіздікке ұшыраған" билік транзитіҚаңтар қырғынында Шымкентте оққа ұшқан тағы жеті адам анықталды. Оқ атқандар ісін тергеу тоқтаған"Қаңтар оқиғасы": Қаза болғандар тізімі. Азаттық арнайы жобаны таныстырдыТоқаевтың "жартыкеш" шаралары, "елбасыдан арылу" және Назарбаевтың алдағы тағдыры