Түркіменстанда ресми статистика мәліметтері "жалған ақпарат" деген түсініктен әлдеқайда бұрын пайда болған.
Әдетте Түркіменстан үкіметі жариялайтын ресми деректер жиі секем туғызатындықтан оған сену де қиынға соғады. Жақында үкіметтік Neutrality.gov.tm веб-сайты елде 6,2 миллион адам тұрады деген жаңа мәлімет жариялаған соң тағы да "Бұл қалай?" деген сұрақ туды.
Үкімет осы веб-сайттағы Түркіменстан туралы жалпы деректер биыл желтоқсанда өтетін "Бейтарап саясат және оның халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақты дамудағы рөлі" деп аталатын конференцияға қатысуға ынталы аудиторияға қызықты болар деп санайды.
Түркіменстанды жақсы білетін оқырман үшін әңгімені осы жерден аяқтауға да болар еді.
Бірақ Түркіменстанның қазіргі заманғы тарихынан бейхабар жұрт биыл желтоқсанның 12-сі күні БҰҰ-ның Түркіменстанды бейтарап (нейтралитет) саясат ұстанатын мемлекет ретінде танығанына 25 жыл толатынын білмеуі мүмкін.
Бұл ұстанымның мәнін түсіндіргім келгенімен, 25 жыл өтсе де (бұл туралы сол кезде де мақала жазғанмын), Түркіменстан үшін "бейтарап" сөзінің қандай мағына беретінін толық түсіндім деп әлі күнге айта алмаймын.
"Позитивті нейтралитет" мәртебесіне ие болған соң Түркіменстан өзін сыртқы әлемнен шектеп, оқшау мемлекетке айналды. Сондықтан үкімет елдің ғаламат жетістіктері туралы кез-келген дерек жарияласа да, оны тексеріп, ақ-қарасын ажыратып беру ешкімнің қолынан келмей отыр.
Қазір бізге "Түркіменстанда 6,2 миллион адам тұрады" деп хабарлап отыр.
Совет одағы тарап, Түркіменстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін Түркімен ССР-інде халық санағын жүргізген совет билігі елде 3,7 миллион адам тұрады деп жазған.
Содан бері Түркіменстанда қанша тұрғын бары жайлы ақпаратты мемлекеттік статистика және ақпарат жөніндегі ұлттық институт жариялап келе жатыр. Институт 1995 жылы Түркіменстан халқын 4,5 миллион, 2000 жылы – 5,37 миллион, 2003 жылы сәуірде 6 миллион (мемлекеттік басылымдар елдің 6-миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін, халық саны 1999 жылдан бері 1 миллионға, яғни, төрт жылда 20 пайызға көбейгенін хабарлаған) деп көрсеткен. Ал 2006 жылы наурызда адам саны 6,79 миллионға жетті деп жазған.
2006 жылы желтоқсанда елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін, халық саны туралы дерек ашық жарияланбайтын болды. 2012 жылы Түркіменстанда халық санағы жүргізілгенімен оның қорытындысы жарияланған жоқ.
Түркіменстан халқының санын білу мақсатында интернеттегі іздеу жүйесіне жүгінер болсаң, 5-6 миллион арасындағы түрлі мәліметті көрсетеді. Бірақ шын мәнінде елде қанша адам тұратынын ешкім тап басып айта алмайды.
Түркіменстан экономикасы аса қиын жағдайда отыр. Оны елдегі азық-түлік тапшылығына, жалақының уақытылы төленбеуіне, жұмыссыздықтың барған сайын көбеюіне, шетел валютасының жетіспеуі мен инфляцияның өршуіне қарап аңғаруға болады.
Ал үкіметтің ресми деректерінде экономиканың тұрақты өсіп келе жатқаны айтылады.
Мемлекеттің "құрсауынан" сытылып шыққан, оның саясатынан көңілі қалған адамдардың әңгімесінен елдегі экономикалық ахуалдың ауыр екенін, жастарда шаңырақ көтеріп, көп бала сүюге мүмкіндік қалмай бара жатқанын байқауға болады. 2019 жылы мамыр айында Азаттықтың Түркімен қызметі мемлекеттік қызметкердің "2008 жылдан бері елден 1,9 миллион адам көшіп кетті, ал халықтың шынайы саны 3,3 миллионға жуық" деген пікірін жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дереккөз: Он жылда Түркіменстаннан 1,9 миллион адам көшіп кеткенБұған қоса Түркіменстан билігі Ашғабат әуежайынан шетелге ұшпақшы болған азаматтарды елден шығармай қойғаны туралы хабарлар да көп түседі. Азаттықтың Түркімен қызметі әңгімелескен адамдар қолында ұшақ билеті мен шетелдік визасы бола тұра ұшаққа кіргізбей қойғаны айтылады.
Ұшақтан қалған азаматтарға оның себебін мүлде түсіндірмеген. Бұл соңғы уақытта Түркіменстаннан шетелге қоныс аударушылардың көбейгені туралы ақпараттың шындықтан ауылы алыс емесін аңғартса керек.
Қазір Түркіменстанда шын мәнінде қанша адам тұратыны белгісіз.
Neutrality.gov.tm сайтында "Елде 100-ден астам ұлт өкілі тұрады" деген тағы бір күмәнді мәлімет кездеседі. Өте күмәнді дерек.
1992-93 жылдары Түркіменстанда аралап, көп өңірінде болды. Ол кезде елде 100-ден әлдеқайда аз ұлт өкілі тұратын. Сондықтан қазір Түркіменстанда олардың қатары көбейді дегенге сену қиын.
Соңғы 20 жылда Түркіменстанды түркімендендіру" саясатының салдарынан өзге ұлт өкілдерінің көбі басқа елге көшіп кетті.
Сондықтан бұл дерек жалған және "елде 6,2 миллион адам бар" деген ақпарат та шындыққа сәйкес емес болуы мүмкін. Аталған ақпаратты жариялаған веб-сайт ресми деректерді растайтын ешқандай дәлел келтірілмеген.
Түркіменстанның қазіргі авторитарлы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовты білетіндер мемлекеттік ақпарат құралдарында оның "айрықша дарыны" қалай дәріптелетінімен жақсы таныс.
Бердімұхамедовтың кереметтігі сонда, шенеуніктер оның жалғыз өзін 3 миллион адамға татитын тұлғаға теңеуі әбден мүмкін.