Орталық Азиядағы биылғы сайлаулар. Ескі нәтиже шақыратын жаңа індет

Оранып алған науқас. Бішкек, Қырғызстан, 16 шілде 2020 жыл.

Биыл Қырғызстанда - парламент, Тәжікстанда президент сайлауы өтеді. Сарапшылар пандемия кезіндегі сайлаудың таза өтеріне күдікпен қарайды.

Қырғызстанда 4 қазанда парламент сайлауы өтпек. Алайда коронавирус пандемиясы кезінде сайлауды өткізу-өткізбеу мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. 18 шілдеде бір тәулікте 73 адам коронавирус және пневмониядан қайтыс болды. Науқастарды емдеуде ауруханалар жетіспегендіктен, уақытша стационарлар жұмыс істеп жатыр. Медицина қызметкерлері арасында да індетке шалдыққандар мен қаза тапқандар саны өсіп барады. Қазірге 26 жарым мыңдай қырғызстандық вирус пен пневмонияға шалдығып, 858 адам қайтыс болған. 16 шілдеден бастап Қырғызстан COVID-19 індетіне шалдыққандар мен анализінен коронавирус табылмаған, бірақ клиникалық белгілері пневмонияға ұқсас пневмонияны бірге қосып есептей бастады.

Бұдан алдын 12 сәуірге белгіленген жергілікті кеңес сайлауы пандемияға байланысты белгісіз мерзімге шегерілген. Қырғызстандағы соңғы парламент сайлауы 2015 жылы өтіп, оған 14 партия қатысқан. Биыл 44 саяси партия сайлауға қатысатынын білдіріп, Орталық сайлау комиссиясын құлағдар еткен. Биылғы сайлауға үміткер ұсыну үшін партиялардың құрылтай жиындары онлайн түрінде өтпек. Алайда Орталық сайлау комиссиясы "заңда көрсетілмегендіктен" саяси партиялардың үгіт-насихатын онлайн режимінде өткізуге рұқсат бермеді.

Қырғызстандағы күндізгі стационар. Бішкек, 16 шілде 2020 жыл.

Парламент сайлауы биыл наурыз айының басында Тәжікстанда да өткен. Бұл Орталық Азияда коронавирусқа шалдыққандар туралы әлі ресми хабарланбаған кез болатын. Басында сақтық шараларын қолға алғанымен, індетті жоққа шығарып келген ресми Душанбе сәуір айының соңында ғана пандемияны мойындауға мәжбүр болды.

Енді алдағы күзде Қырғызстандағы парламент сайлауынан кейін Тәжікстанда президент сайлауы да өтпек. Душанбеде әзірге сайлау уақыты белгіленбеді.

"САЙЛАУДА БАҚЫЛАУ ЖЕТІСПЕЙ ҚАЛАДЫ"

Соңғы күндері Қырғызстанда пандемияға байланысты парламент сайлауын кейінге қалдыру жөнінде жиі айтылып жүр. Алайда бұған дейін Қырғызстанда сайлау мерзімі шегерілген емес. Пандемия кезінде қаншалықты толыққанды сайлау өткізуге болады, қоғам сайлау науқанында қандай қиындықпен бетпе-бет келіп отыр, оны қалай еңсеруге болады, эпидемиялық жағдай ушықса сайлау кейінге қала ма? Бұл туралы жергілікті саясаттанушы Эмилбек Жороев бірінші кезекте дауыс берушілер мен кандидаттардың денсаулығы алаңдататынын айтады.

– Бұған қоса үгіт-насихатты қалай жүргізу керек деген мәселеде сұрақтар бар. Ел коронавирустан ел шошып отырған кезде, дауыс берудің айқындылығы мен сайлаудың тазалығы қаншалықты қамтамасыз етіледі - бұл да белгісіз. Дауысты сатып алу, әкімшілік ресурстарды қолдану пандемияға дейінгі сайлаудың өзінде мәселеге айналып жататын. Ендігі сайлауда бұрынғыдан бетер бақылау жетіспей қалуы мүмкін, – дейді ол Азаттыққа.

Эмилбек Жороевтың айтуынша, қазан айына дейін елде індетке шалдыққандар саны азайса, сайлауды кейінге қалдырудың жөні жоқ.

– Өйткені сайлаудың қай күні өтетіні Конституция бойынша белгіленген. Егер сайлауды кейінге қалдыратын болса, оның ар жағында белгісіз жағдайлар туындауы мүмкін. Оны қаншалықты шегеруге болады, оған дейін бұрынғы шақырылым депутаттарының іс басында қалуы қаншалықты легитимді деген сауал туындайды. Ел онсыз да бұрынғы шақырылым депутаттарына наразы, – дейді Эмилбек Жороев.

Қырғызстанның парламенті - Жогорку кенеш.

Қырғызстанда елде төтенше жағдай жарияланса ғана сайлауды кейін жылжуы мүмкін. Алайда саяси сарапшының айтуынша, төтенше жағдай бола қалған күннің өзінде оны сайлауға дейін өткеруге болады. "Ал сайлау өз уақытында өткені дұрыс" дейді ол.

САЙЛАУ ҚАРЖЫСЫН ІНДЕТПЕН КҮРЕСКЕ БҰРУҒА БОЛА МА?

Қырғызстанның саясаткері Феликс Кулов.

Сайлауалды науқанның толыққанды боларына күмәнмен қарайтын қырғызстандық саясаткер Феликс Кулов та сайлау мерзімі Конституцияға сай белгілегендіктен, дәл қазіргі жағдайда президент оны өзгерте алмайды дейді. Ол сайлауды тек екі жағдайда ғана: елдің тұтас барлық аймағында төтенше жағдай немесе әскери жағдай енгізілсе ғана кейінге қалдыруға болатынын айтады.

– Сайлауды кейінге қалдыру үшін ғана төтенше жағдай енгізу сәтсіз шешім болмақ. Оның соңында кейбір күрделі жайлар болуы мүмкін. Өйткені төтенше жағдай режимі көп күш пен қаржыны қажет етеді. Халықаралық деңгейде де түсініксіздік тудырып, бізге жағымсыз реакция болуы мүмкін, – дейді Феликс Кулов Азаттыққа.

Алайда ол сайлауды кейінге қалдырудың жолын кейбір заңдарға өзгеріс енгізу арқылы табуға болады деп санайды. Сонда ғана президент тиісті шешім қабылдай алмақ.

– Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша алдағы парламент сайлауына 800 миллион сом шамасында қаржы көзделген. Бұл – қазіргі бағаммен алғанда 10 миллион АҚШ долларынан асады. Азаматтық қоғамның әділетті ескертпесіне сай бұл қаржыны пандемиямен күреске жұмсаған жөн болар еді. Сол үшін де қажеттілік ретінде сайлауды кейінге қалдыруға болады. Ондайда қазіргі депутаттардың өкілеті ұзарады. Алайда қашықтан жұмыс істеуге көшуіне байланысты оларға жалақы төлемей-ақ қоюға да болады. Бұл бюджет қаржысын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір дереу керекті заңдарды қабылдау үшін депутаттарды жұмысқа қайтаруға мәжбүрлеу мәселесі өткір тұр, – дейді Феликс Кулов.

30 маусымда Қырғызстан парламенті Жогорку кенеш депутаттары жазғы каникулға шыққан. Қырғызстанда бұрынғы шақырылым депутаттары келесі шақырылымдағы парламент іске кіріскенге дейін жұмыстарын жалғастыра береді. Алайда сайлау мерзімі шегерілгенде алдыңғы шақырылым депутаттарының өкілеті қандай болатыны заңда анықталмаған.

Қырғызстанда парламенттің бірнеше депутаты да кезектен тыс мәжіліс өткізіп, сайлау мерзімін жылжыту туралы айтып жүр. Солардың бірі Жанарбек Ақаев сайлау мерзімін жылжыту үшін елде төтенше жағдай жариялау керек деп есептейді. Ал парламенттің кезектен тыс мәжілісі депутаттардың үштен бірі осы мәселемен қайрылса ғана өткізілуі мүмкін.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы сайлауға бюджеттен 732 миллион сом (9 миллион 430 мың доллар шамасында) бөлінгенін, алайда БҰҰ даму бағдарламасы мен Жапонияның көмегімен бұл қаржыны 95 миллион (шамамен 1 миллион 223 мың доллар) сомға дейін үнемдеуге болатынын хабарлаған.

САЙЛАУДАН СОҢ – САЙЛАУ

Тәжікстанда президент сайлауының мерзімі әзірге белгіленбеді. Бірақ қазіргі президент, азаматтық соғыс кезінде билікке келген Эмомали Рахмон ел ішіне жиі сапарлап жүр. Бұл Рахмонның "пишво-е миллат" – ұлт көшбасшысы мәртебесін заңмен бекітіп алғаннан кейін өтетін алғашқы президент сайлауы ретінде назар аудартады.

Коронавирус пандемиясы кезіндегі үйлену тойы. Тәжікстан.

67 жастағы Эмомали Рахмон президент сайлауына шексіз мәрте қатыса алады. Оның алдағы сайлауға қатысу-қатыспауы нақтыланбаса да, 2015 жылғы конституциялық реформа оның мұрагері туралы мәселені қоздатқан. Президенттің ұлы Рустам биылғы парламент сайлауында депутат болып сайланды. Соңынан ол жоғары палата – Милли мәжіліс төрағалығына өтіп, елдегі билік иерархиясы бойынша екінші тұлғаға айналған.

Оқи отырыңыз: Рахмонның ұлы да депутат болды. Өзгеге не қалды?

Мұның бәрі алдын-ала әзірлікпен жасалғандықтан, кіші Рахмонның билік тармағына келуіне ешкім таңғала қоймаған. Тәжікстан сарапшылары пандемия кезінде өтетін күздегі президент сайлауынан да аса үлкен жаңалық күтілмейтінін айтады.

РАХМОННЫҢ ОРНЫНА – РАХМОН?

Тәжікстандық медиа-сарапшы Абдумалик Қодиров билік алдағы сайлау үшін жасырын үгіт-насихат бастап кетті деп санайды.

- Мемлекеттік телеарналардың барлығынан (орталық телеарна саны – сегіз, аймақтық телеарна - үшеу) азаматтық соғысты қатты сынаған және оған исламдық оппозицияны айыптаған әлдебір бағдарламалар таратыла бастады. Соның бәрінде Эмомали Рахмонды бейбітшілікті орнатушы тұлға ретінде көрсетеді, - дейді ол Азаттыққа.

Тәжікстандағы азаматтық соғыстан (1992-97) кейін ықпалды оппозициялық күш саналған "Исламдық жаңғыру партиясы" 2015 жылы сот шешімімен "террористік ұйым" ретінде танылып, қызметіне тыйым салынды. Соғыс осы партияның жақтастары мен билік арасында болған. Кейін партияға биліктен орын тиген, бітім орнаған. Алайда 2000 жылдардан бастап бұл партия өзара келісімді бұзған үшін Эмомали Рахмонды айыптаған, кейін Рахмонның қайтара президенттік сайлауға түсуіне мүмкіндік беретін конституциялық өзгерістерге де қарсы болған. Бұл партияның мүшелері әлі күнге дейін қудаланады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тәжікстан билігінің партияға қысымын талай рет сынаған.

Абдумалик Қодиров Тәжістандағы президент сайлауы кейін шегерілмейді деп топшылайды.

– Өйткені сайлауды кейінге қалдыру қосымша шығынды қажет етеді. Онсыз да сайлауда кім жеңетіні белгілі. Тәжікстанда пандемиясыз да ешқашан да жетіскен ашық, әділ сайлау болмаған. Күзде коронавирус індеті қатты өршіп, жағдай бақылаудан шығып кетсе ғана сайлау мерзімі өзгеруі ықтимал, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, сайлауда белгісіз сұрақ – Эмомали Рахмонның өзі сайлауға қатыса ма, әлде ұлын сайлауға қатыстыра ма дегенге саяды. "Қазір Тәжікстанның саяси өміріндегі бірден бір интрига осы ғана" дейді Абдумалик Қодиров Азаттыққа.

Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ие Эмомали Рахмон алдағы сайлауға қатыспайтын болса, бұрынғы президент ретінде парламенттің жоғары палатасы – Милли мәжілістің өмір бойғы мүшесі және Тәжікстан жаңғыру және ұлттық бірлік қоғамдық қозғалысының төрағасы болып қала беруі мүмкін.

Тәжікстанда індетке шалдыққандар саны – 6 мың 700-ден асып, 56 адам қайтыс болған.

Көшені дезинфекциялау. Худжанда қаласы, Тәжікстан, 15 маусым 2020 жыл.

"ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ САЙЛАУ – БИЛІККЕ ЫҢҒАЙЛЫ"

Тағы бір тәжікстандық сарапшы Музаффар Олимовтың пайымдауынша, Ресейде өткен референдум қазіргі жағдайда Тәжікстанда да сайлау өткізуге болатынын көрсетті. Басқа да елдердегі биылғы сайлауларға назар аударған ол Тәжікстан президентінің сайлауы шегерілмейді деп есептейді.

– Орталық Азияда пандемияға байланысты қалыптасқан қазіргі жағдай билік қалаған сайлауды өткізуге тіпті ыңғайлы деуге де болады. Басқасын айтпағанда, Тәжікстанда наурыз айында ғана парламент сайлауы өткен, – дейді Музаффар Олимов Азаттыққа.

ЕҚЫҰ биылғы Тәжікстан парламенті сайлауында шынайы оппозицияға орын берілмегенін, саяси құқық пен бостандықтың жүйелі түрде бұзылғанын сынап, сайлау қатаң бақылау жағдайында өтті деп таныған еді.

Тәжікстанда тәуелсіздік кезеңінде президент сайлауы алтыншы рет өткелі отыр. Қазіргі президент Эмомали Рахмонның бес сайлауға қатысқан. Тәжікстан Конституциясы бойынша Ұлт көшбасшысынан басқа президенттер жеті жылға, екі жылдық мерзімге сайлана алады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ӨЗГЕ ЕЛДЕРІНДЕ ҚАЛАЙ?

Түркіменстанда биыл парламентті екі шатырлы етіп қайта құру көзделіп отыр. Жыл басында президент Гурбангулы Бердімұхамедов Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың жаңа нұсқасын ұсынған. Қоғам ішінде "талқыланып" жатқаны хабарланған өзгерістерде парламентті екі шатырлы ету көзделген. Оның жоғары шатыры - Халқ маслахаты, төменгі шатыры Мәжіліс аталмақ.

Халқ маслахаты әуелде Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрад Ниязовтың тұсында құрылып, формальды түрде мемлекеттік билік пен басқарудың "жоғары өкілетті органы" болды. Оның басшысы Ниязовтың өзі еді. Алайда Гурбангулы Бердімұхамедов оны 2008 жылы таратып, "ақсақалдар кеңесіне" айналдырып жіберді. Бұл кеңес 2017 жылы қайтадан Халқ маслахаты болып құрылды. Бұл жолғы төрағасы Бердімұхамедов болды.

Конституциялық өзгеріске сай, президент ауыра қалса, оның міндеті алдағы уақытта парламенттің жоғары палатасы Халқ маслахатының төрағасына көшеді. Және "әр экс-президент" қызметінен кеткен соң Халқ маслахатының мүшесі болады. "Егер ол өзі бұл құқығынан бас тартпаса" ол Халқ маслахатының мүшесі болып қала бермек.

Халқ маслахатының кезекті мәжілісі 25 қыркүйекке белгіленіп отыр. Тиісінше осы жиында кезекті мәрте конституциялық өзгерістер қабылдануы мүмкін.

Түркіменстанда соңғы парламент сайлауы 2018 жылы өткен.

Өзбекстан биыл жыл басында парламент сайлауын екі турмен өткізіп аяқтаған.

Қазақстанда 12 тамызда Сенаттың 17 депутаты үшін сайлау өткізіледі. Қазақстан Сенаты мүшесінің саны – 49. Оның 15 депутатын президент сайлайды. Қалған 34 депутаттың жартысы үш жыл сайын сайланса, 17 депутат алты жылға сайланады. Биылғы сайлау 2014 жылы сайланып, таяуда мерзімі бітетін депутаттық орындар үшін өткізіледі. Сенаттың жаңа мүшелерін жергілікті өкілді орган – мәслихат депутаттары сайламақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ел вирустан емес, аштан өлуден қорқады". Түркіменстанда не болып жатыр?