"Мемлекет бизнесті шектемеуі керек". Орталық Азияда көкөніс неге қымбаттады?

Дихандардың көбі әлі қабығы қатайып үлгермеген жас картопты ертерек қазып алуға тырысып жатыр, ал ондай көкөніс алысқа тасымалдауға жарамайды дейді сарапшы. Суретте: Нұр-Сұлтанда сатылып жатқан картоп пен сәбіз. 18 маусым 2021 жыл.

2021 жылы жаз келісімен Орталық Азия елдерінде картоп пен сәбіз бірнеше есе қымбаттады. Әр мемлекет бағаның өсу себебін өзінше түсіндіреді, бірақ экспорт пен импорттың ықпалы, өнімнің аз жиналуы және ішкі экономикалық мәселелер сияқты ортақ факторлар да бар.

ҚАЗАҚСТАН: "ШАРУАЛАРДЫҢ ҚОЛЫН ҚАҚПАЙ, МҰҚТАЖ ТОПТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ КЕРЕК"

Қазақстандағы картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисетаев бағаның өсуіне бірнеше объективті және субъективті себеп әсер еткенін айтады.

– Біз бұған ұзақ жеттік. Біртұтас ашық жүйе құрмай, тауар өткізетін жолдарды елемей келдік. Енді осының бәрі "басымызға таяқ болып тиді".

Сарапшы объективті себептердің қатарына қазақстандықтардың әдетте мамыр-маусым айларында және шілденің бірінші жартысында елдің оңтүстігінде өсірілген немесе Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінген картоп пен сәбізді тұтынатынын жатқызады.

Қайрат Бисетаев.

– Бірақ Өзбекстан картоп экспорттауға ішкі нарығын жауып тастады. Өйткені өткен маусымда олардың картобы ТМД бойынша ең жоғары бағада сатылды. Соның салдарынан бізде тапшылық туындады. Қыста оларда тапшылық болды, өйткені ел жеткілікті өнім жинап, Ресейден белгілі бір көлемде көкөніс ала алмады. Осы толқу әлі басылмай отыр. Сондықтан Өзбекстан тарапынан енгізілген шектеулерді де түсінуге болады. Бірақ Өзбекстаннан жолын тауып, көкөніс, оның ішінде картоп шығарып жатқандар да барын атап өткен жөн, – дейді Қайрат Бисетаев.

Одақ басшының пікірінше, екінші объективті себеп ретінде Қазақстанның картоп пен көкөніс ерте пісетін оңтүстік өңірінде наурызда қатты суық болып, егістік даласын қар басып қалғанын атауға болады.

– Қазір сұраныстың "қызып" тұрғанын түсініп, шаруалардың көбі картопты мерзімінен ерте қазып алуға тырысып жатыр. Ал картоп әлі дайын емес, қабығы жұқа, алыс жаққа тасымалдауға жарамайды. Үлкен көлемдегі картоптың іріп кеткені туралы фактілер бар. Бұл да бағаға әсер етіп, тауардың өзіндік құнына қосылады. Яғни, мұндай картопты оңтүстіктен Нұр-Сұлтанға тасымалдаса, көп қалдық шығады, – дейді Қайрат Бисетаев.

Бисетаев Қазақстанның барлық ірі қаласында көтерме сауда базары барын, онда баға бөлшек саудадан әлдеқайда арзан екенін айтып, бағаны қолдан көтеріп жатқандар да барын жоққа шығармайды.

– Оңтүстіктегі шаруаның картобы 175 теңге тұрсын, оған тасымалдау шығынын қоссақ, 200 теңге шығады. Шаруа астанаға барып, көтерме сауда базарында осы картопты 250-280 теңгеден сатады. Бірақ қаладағы бөлшек саудада бұл тауардың бағасы 200-250 теңгеге қымбат болады. Бір жағынан, картоп өсіруге уақытын, күші мен қаржысын жұмсаған шаруа, екінші жағынан картопты бөлшек саудамен айналысатын дүкенге жеткізушілер бар. Дүкенде картоп бағасы екі-үш есеге қымбаттап шыға келеді. Бұл жерде қаладағы тауар өткізу жолдарында бір кінәрат бар. Жергілікті атқарушы органдар осы мәселені қолға алуы керек, – дейді ол.

Сарапшы қазір билік кәсіпкерлерге өсірген бүкіл өнімін сатуға мүмкіндік беріп, оларды шектеуге немесе бағаны реттеуге тырыспауы керек деп есептейді.

– Нарықтың өзі бағаны түсіретін болады. Тек жарты айға күш жинап, сабыр сақтай тұру керек. Үкіметке бұл кезде халықтың әл-ауқаты төмен топтарына материалдық және қаржылық көмек көрсетуге кеңес беремін. Білуімше, Қазақстанда картоптың бір килограмын 450 теңгеге сатып ала алмайтын 1,2 миллион адам бар. Бұл олар үшін өте қымбат, сондықтан халықтың бұл тобына баға төмендегенше қолдау көрсету керек.

Елдегі қымбатшылықтың салдары қандай болмақ? (18 маусым 2021 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

"Халық наразылығын күшейтеді". Елдегі қымбатшылықтың салдары қандай болмақ?

"ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ, ЭКСПОРТ ӘСЕР ЕТПЕЙДІ"

– Қазір шенеуніктер айтып жүрген екі түрлі қате пікір бар. Біріншісі: олар "қыста артық картопты экспорттауға бекер рұқсат бердік" деп отыр. "Экспортты ұстай тұрғанда, қазір бұл мәселе болмас еді" деген әңгіме. Бұл қате пікір, өйткені қыста сатылған картоптың мамыр мен маусымдағы жағдайға еш қатысы жоқ. Қыстағы картопты қазірге дейін сақтай алмай, бәрібір қоқысқа тастар еді. Картоп технологиясы мен стандарттарына сәйкес, оны ең көп дегенде жеті-сегіз ай ғана сақтауға болады. Сегізінші ай сәуірде аяқталды. Яғни, қыстағы экспорт қазіргі жағдайға еш әсер етпейді, – дейді ол.

Бисетаевтың айтуынша, екіншіден, ақпан, наурыз, сәуір айларында бағаны реттеуге жауапты болған тұрақтандыру қорлары (Қазақстан билігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктердің жанынан тұрақтандыру қорларын құрған) күзгі картопты сатып алады.

Сарапшының дерегінше, сәбіз көбіне елдің солтүстігінде өсіріледі және өнімнің жартысына жуығы Ресей нарығына – Шығыс және Батыс Сібірге жіберіледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Күні қайнап, суы тартылған Орталық Азияны қуаңшылық қысып тұр

– Бұрыннан, көп жылдан бері солай. Былтыр наурызда пандемияға байланысты шекаралар жабылған кезде біздің кәсіпкерлер Ресейге өнім экспорттай алмады. Біз нарықты қайта ашқанша екі апта уақыт кетті. Осы уақыт ішінде Қазақстанмен сауда жасауда белгілі бір қауіп барын түсінген ресейлік серіктестеріміз Волганың ар жағына барып, Ресейден қымбат сәбіз сатып алып келді. Біз сол кезде үлкен нарықты жоғалтып алдық. Шаруаларға сәбізін қоқысқа тастауға тура келді. Орамжапырақпен де солай болды. Сондықтан биыл шаруалардың көбі осы жағдай қайталануы мүмкін деп қауіптеніп, сәбізді аз екті. Пандемия мен шектеулер жалғасып жатыр, әлі де қауіп бар, – дейді Бисетаев.

Қазақстандағы картоп пен көкөніс өсірушілер одағының басшысы мемлекет бизнесті шектемесе, оптимистік болжамдар жасауға болатынын айтады.

– Бір апта, он шақты күннен кейін баға түсе бастайды, тауар едәуір арзандайды. Шілденің басы мен ортасында солтүстіктен ерте піскен картоп келеді. Қазір оңтүстіктегі ұсақ шаруалардың картоп өсіру ниетіне кері әсер ететін қателіктерге жол бермеу керек. Олар бұрын көп картоп екпейтін, бірақ екі жыл қатарынан Өзбекстаннан келетін картопқа қатысты мәселе туындап жатыр. Ал Қазақстанның оңтүстігіндегі ұсақ бизнес өкілдері осы жағдайды пайдаланып, ерте пісетін картоп егіп көрді. Олардың бұл шешімі нәтиже бере бастады. Қазір шаруалардың қолынан қақпай, кәсіптің дәмін сезінуге, бұл бизнесті жақсылап қолға алатындай алғашқы табыс табуға мүмкіндік беру керек. Солай болса, бірнеше жылдан кейін маусымаралық кезеңде де импортқа тәуелді болмаймыз. Яғни, мамыр, маусым айларындағы сұранысты қанағаттандыра аламыз, – дейді Қайрат Бисетаев.

ҚЫРҒЫЗСТАН: "КАРТОП ПЕН СӘБІЗ БАҒАСЫ СОМНЫҢ ДОЛЛАРҒА ҚАТЫСТЫ БАҒАМЫ ТӨМЕНДЕГЕННЕН ӨСТІ"

Қырғызстан экономика министрінің бұрынғы орынбасары Эльдар Абакиров елде картоп пен сәбіз бағасы сомның долларға қатысты бағамы төмендегеннен өсті деп есептейді. Сарапшының дерегінше, Қырғызстандағы инфляция деңгейі 20 пайыздан асады. Одан бөлек, Ресейден келетін тауар көлемі қысқарған.

Эльдар Абакиров.

– Қырғызстан жыл сайын орташа есеппен алғанда 600 мың тонна картоп тұтынады. Ал бізде миллион тоннадан кем өнім жиналған емес. Өнім көлемі кейде тіпті екі миллион тоннаға дейін баратын. Сәбізді де өзіміз үшін артығымен егетінбіз. Баға өсерден бір ай бұрын Токмоктан сәбіздің бір килограмы бір-екі сомнан, яғни, жануарға тастайтындай арзан сатылып жатқанын көргенмін. Ал бір айдан кейін сәбіз бағасы он есе қымбаттап кетті, – дейді Эльдар Абакиров.

Бұрынғы шенеуніктің пікірінше, маусымдық көкөністердің қымбаттауы Қырғызстан халқына "қатты сезіліп отыр".

– Бұрын жүз сомға бес килограмм сәбіз немесе картоп сатып алатын болсақ, қазір бұл ақшаға небәрі бір-бір жарым килограмм өнім алуға болады. Картоп нан, күріш және тағы басқа негізгі астың орнын алмастыратын өнімге жатады. Сондықтан қазір халықтың көп бөлігі қиын жағдайға тап болып отыр. Не мемлекеттік, не жекеменшік секторда ешкімнің жалақысы өскен жоқ, – дейді ол.

Абакировтың айтуынша, Қырғызстан билігі қазір бірінші кезекте халыққа елде қанша сәбіз бен картоп егілгенін, олардың қашан пісетінін түсіндіріп, тауар өткізу нарығын саралауы керек.

– Яғни, халық пен шаруаларға "баға ары қарай да өсе ме?", "қазір сәбіз пен картоп егудің қажеті бар ма?", "әлде жаңа өнім түсіп, шаруалар өнімін жақсы бағада өткізе алмай қала ма?" деген сұрақтарға жауап беру керек, – дейді Абакиров.

ӨЗБЕКСТАН: "БИЛІКТІҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ ПИЯЗ, КАРТОП ПЕН СӘБІЗ ЕГУГЕ БОЛМАЙДЫ"

"Бағалардың маусымдық өсуі бұрыннан бар, бірақ әдетте баға 10-15 пайызға ғана қымбаттайтын" дейді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев. Ол қазір картоптың екі, сәбіздің үш есе қымбаттауын "көкөністі шетелге сату тиімді болған кезде тауар экспорттаудан туған тапшылықпен" байланыстырады.

Сапарбай Жұбаев.

– Ешкім бұған тыйым салып отырған жоқ. Экспортты шектеу дұрыс емес, бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарына қайшы келеді және тауар өндірушілердің құқығын шектейді. Бұл тұста Қазақстаннан Өзбекстанға ет шығаруға қатысты шектеуді мысалға келтіруге болады, – дейді сарапшы.

Ғалым советтік кезеңде азық-түлік жетіспеген кезде импортқа жүгіну тәжірибесі болғанын айтады. Ол тапшылық болған кезде алыстағы Аргентинадан бидай алған кездер болғанын еске алды.

– Бұл бір жағынан тауар жеткізушілерге үлкен комиссиясы үшін тиімді болды. Қазір де адалдықтан ауылы алыс адамдарға ішкі өндірісті дамытқаннан шетелден тауар импорттаған тиімдірек. Өзбекстандағы экономиканы мемлекеттік басқару СССР кезін еске салады. Билік мақта мен бидайға басымдық беріп, ауыл шаруашылығын қатаң бақылауда ұстайды. Мемлекеттің рұқсатынсыз пияз, картоп, сәбіз егуге болмайды. Көкөністі мақта мен астық жиналғаннан кейін ғана егеді. Ол тамыз-қыркүйекте бір-ақ піседі. Сондықтан Өзбекстанның өз ішінде де көкөніс тапшылығы сезіліп отыр. Елдегі өзім сөйлескен азаматтар картоп пен сәбіз бағасы ешқашан бұлай қымбаттамағанын айтады. Бірақ Өзбекстандағы баға Қазақстандағыдан арзандау, – дейді Сапарбай Жубаев.

Ол президент Ислам Каримовтың кезінде бүкіл экспортты қадағалайтын, "жемқорлық ошағына" айналған сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі болғанын мысалға келтірді.

– Халықтан арзан сатып алған тауарды қымбат бағада шетелге экспорттайтын. Азаматтарға өнімін өз бетінше экспорттауға рұқсат бермейтін. Билікке Шавкат Мирзиёев келгеннен кейін мұндай тәжірибе кең қолданылмайтын болды. Бірақ ішкі нарықты қолдау үшін экспортқа шектеу қою әлі де бар, – дейді ол.

Жұбаевтың пікірінше, Қазақстанға картоп пен сәбіз жеткізуде Өзбекстанға сенім артудың қажеті жоқ.

– Бұл көкөністер Қазақстанда көбірек өндіріледі. Өзбекстан керісінше, ет өнімдері мен өсімдік майы сияқты бұл тауарларды да Қазақстаннан сатып алады. Өкінішке қарай, Өзбекстан азық-түлік өнімдерінің 80 пайызын шетелден импорттайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 30-40 пайыз болса керек. Қазақстан құлпынай, таңқурай, шие, алма, алмұрт, өрік сияқты ерте пісетін жеміс-жидектерді Өзбекстаннан сатып алады. Бірақ биыл көктемгі суықтан, яғни объективті себептен бұл өнімдер аз болды, – дейді ол.

"МЕМЛЕКЕТТІҢ ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУЫ" ЖӘНЕ "ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАУПІ"

Сапарбай Жұбаев Қазақстандағы баға өсімін саралап, жағдайды реттеуде әкімдік жанындағы тұрақтандыру қорларына үміт артатынын айтты.

– Оларға бюджеттен көп қаржы бөлінеді. Мемлекет ішкі нарықты қамтамасыз еткісі келсе, көкөніс арзан болатын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру қорын қажет өнімге толтырып қойсын. Жергілікті атқарушы органдар картоп пен сәбізді тікелей шаруалардан көтерме бағада сатып алып қойғанда, қазіргідей жағдай болмас еді. Яғни, картопты шаруалардан 100 теңгеден сатып алып, маусымаралық кезеңде дүкендерге 150 теңгеден өткізіп, ал халыққа сатушыға қалатын табысты ескеріп, 200 теңгеден сатса, нарықтың барлық қатысушысының көңілі тоқ болар еді. Мемлекеттік бюджетке де келер жылы бұл механизмді қайталауға қажетті қаржы түсер еді. Бірақ кей іскер адамдар мұндай механизмнің орнына өз пайдасы үшін дағдарыс кезіне жиналған мемлекеттік картопты ірі сауда үйлеріне сатуды жөн көретін сияқты. Ал сауда үйлері оны халыққа үш есе қымбат сатады. Бұл – жемқорлық, – дейді экономист.

Нұр-Сұлтан базарындағы көкөніс бағасы. 18 маусым 2021 жыл.

Жұбаев Қазақстанда бағаның өсуіне әсер еткен маңызды субъективті себептердің біріне айналымдағы ақша көлемінің артуын жатқызады.

– Бұл сұранысты арттырып, бағаның өсуіне әсер етеді. Қазақстандықтардың екі-үш пайызы (2021 жылы мамырдың соңындағы ресми дерек бойынша, шамамен 300 мың адам) зейнетақы қорынан 1,3 триллион теңге шешіп алған. Бұл – Қазақстан экономикасы үшін үлкен ақша. Адамдар жылжымайтын мүлік және басқа да заттар сатып ала бастады. Сәйкесінше, мүлік сатқан адамдардың қолында ақша пайда болды. 2020 жылдың соңында елде барлығы 24 триллион теңге айналымда жүрсе, биыл маусымда бұл көрсеткіш 27,5-28 триллионнан асып кетті. Ақшаның мультипликативті эффектісі орын алды. Бұл процесті Ұлттық банк реттеуі керек, – дейді сарапшы.

Сапарбай Жұбаев үкімет біріншіден, айналымдағы ақша көлемін азайтып, екіншіден, тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын жолға қойып, үшіншіден, елдің жалпы ішкі өнімінің 55 пайызын қамтамасыз етіп отырған квазимемлекеттік кәсіпорындар санын 10-15 пайызға қысқартуы керек деп санайды.

– Экономиканың жартысын мемлекет басқарып отырғаны жемқорлық қаупі мен алдағы уақытта бағаның өсуіне тиімді реакция білдіруге мүмкіндік жоғынан хабар береді, – дейді экономист.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қой да, оның еті де қымбаттап барады. Себеп неде?