Қырғызстан бас прокуратурасы дерегінше, 2017 жылы экстремистік және террорлық сипаттағы ақпарат таратқан 159 веб-сайт бұғатталған. Ведомствоның баспасөз хатшысы Алмамбет Абдрамановтың сөзінше, сот шешімімен бұғатталған сайттардың көпшілігі Қырғызстанда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир", "Талибан" және "Ислам мемлекеті " сынды ұйымдармен байланысты болған.
- 2017 жылы Қырғызстанның бас прокуратурасы экстремизм және терроризм идеяларын насихаттаумен айналысқан интернет-порталдарды бұғаттауды сұрап, сотқа 15 арыз берген. Сот әлгі арыздарды қарап шығып, интернетте 159 веб-сайт пен парақшаны бұғаттау туралы шешім шығарды, - дейді ол.
Қырғызстанда "Хизб ут-Тахрир", "Талибан", "Ислам мемлекеті", "Шығыс Түркістан ислам қозғалысы", "Өзбекстанның ислам қозғалысы" және "Әл-Қайда" тәрізді 20 шақты діни ұйым мен ағымдардың қызметіне тыйым салынған.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен интернетте мамандар экстремистік ұйымдардың ондаған сайты Қырғызстан территориясында еш кедергісіз ашылады деп сынаған. Бұдан бөлек, Facebook әлеуметтік желісінде парақшалар ашып, халифат орнату үшін зайырлы мемлекетті құлатуға шақырғандар да болған.
Қырғызстан мемлекеттік дін істері комиссиясының бұрынғы төрағасы Орозбек Молдалиев мұндай сайттарды қадағалауға ақша да, маман да жетіспейді деп санайды. Оның пікірінше, діни сауатсыздық жойылса, қандай материалдар экстремистік сипатта екенін адамдардың өздері ажырата білетін болады.
- Экстремистік материалдар тіпті қарапайым сайттардың өзінде кездесіп қалады. Мұның бәрін зерттеп, тексеруге ақша да, маман да жетіспейді. Бірақ бұған қарамастан, экстремистік сайттар бұғатталып, оларға қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Өйткені интернетті қалай ұтымды пайдалануға болатынын "Ислам мемлекеті" деген әлгі террорлық ұйым көрсетті. Олардың материалдарын көріп, идеяларына еліккен адамдар жас-кәрісіне қарамай Сирияға ағылды. Сайттарды жабу – олармен күресудің бір жолы ғана, әлгі ұйымдардың әрекетінің салдарымен күресу. Егер әлгі сайттарды оқыған адам "мынау экстремистік сайт екен ғой" деп түсінетіндей деңгейге жетсек қана жақсы нәтиже деп санауға болады, - дейді ол.
2016 жылы Қырғызстан бас прокуратурасы ұсынысымен тағы 100 шақты сайт бұғатталған. Мамандардың сөзінше, әлгі интернет ресурстар парақша атауын өзгертіп немесе өзге бір елде тіркеліп алып, бүлдіргіш әрекетін жалғастыра беруі әбден мүмкін.
Діни сарапшы Аман Салиев бұл саламен айналысатын арнайы қызметкерлер керек деп санайды. Оның сөзінше, интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер жастарды террорлық ұйымдарға қосылуға үгіттеуге ең қолайлы орта болып тұр.
Бұл – тынымсыз жүріп жатқан, бір жағын тығындасаң, екінші жағынан шығатын гибрид соғыс
- Ондай сайттарды, әрине, жабу керек. Өйткені адамдардың көбі интернетте тұзаққа түсіп қалады. Бірақ тыйым салуға бас прокуратураның шамасы келмейтін ғаламдық сайттар да бар. Мысалы, You Tube видеохостингінде көптеген материал табуға болады. Бір кездері ДАИШ ["Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы - ред.] ұйымын насихаттаумен 15 мыңдай адам айналысады деген ақпар болған. Олар өте жоғары деңгейдегі мамандар, мықты ресурс. Ал бізде сайттарды құр бұғаттаудан 100 пайыз нәтиже шығады деп айта алмаймын. Бірақ бұл амал зиянды ақпарат алып отырғандар санын бәрібір азайтады. Бұл – тынымсыз жүріп жатқан, бір жағын тығындасаң, екінші жағынан шығатын гибрид соғыс. Негізі, интернеттегі ақпараттық ағындарды қадағалап, оларды талдап, оларға қарсы жұмыс жүргізумен топ адам айналысатын үлкен орталық болуы тиіс, - дейді сарапшы.
Қырғызстан ішкі істер министрлігіне қарасты экстремизм және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл басқармасы тыйым салынған ұйымдарды бақылап, ондай ұйымдар ашқан сайт, парақшаларды жауып отырады. Мысалы, 2017 жылы бұл басқарма бас прокуратураның қарауына веб-порталдарды бұғаттау туралы 62 ұсыныс түсірген. Осы құрылым басшысы Ратбек Турусбековтің сөзінше, қазір сондай төрт сайттың ісі қаралып жатыр.
- Бізде мамандар жетіспейді. Оларды интернеттен дер кезінде тауып, дереу бұғаттаймыз. Бірақ жаңа сайттар ашып алады. Оларды да тауып, сот арқылы жабамыз, - деді Ратбек Турусбеков.
Егер әлгі сайттарды оқыған адам "мынау экстремистік сайт екен ғой" деп түсінетіндей деңгейге жетсек қана жақсы нәтиже деп санауға болады
Бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі (МҰҚК) қырғызстандықтарды Сирия мен Ирактағы соғыс қимылдарына қатысуға үгіттеудің жолын кесу мақсатында экстремистік деп саналған сайттарды сот шешімінсіз бұғаттау немесе жабуды ұсынған.
Орталық Азияда террорлық және экстремистік сипаттағы ақпарат таратып, жихад жасауға, билікке бағынбауға және халифат құруға шақыратын 500-600-дей сайт бар деп хабарланған. Әлгі сайттарда жарылғыш заттарды жасауды үйрететін онлайн-сабақтар да кездеседі.
Қаңтардың 5-і күні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков мемлекеттік дін істері комиссиясы директоры Зайырбек Эргешовты қабылдап, кейінгі жылдары әлемде дін саласын қоғамды радикалдандыру мен экстремистік және террорлық идеяларды тарату мақсатында пайдалану тенденциясы күшейіп келеді әрі бұл тенденция Қырғызстан үшін де қауіпті деген болатын.
(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Канымгул Элкееваның мақаласы орысшадан аударылды.)