Қырғызстандағы неке қию және молда

Қырғызстанда некеге отыру рәсімінде тұрған жұптар. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан депутаттары неке қиғаны үшін молдаға жауапкершілік жүктеуді ұсынады. Кейбір бақылаушылар мұндай бастама бұрын да көтеріліп, бірақ аяқсыз қалғанын айтады.

Қырғыздар Ислам дінін қабылдағалы бері некелерін молдаға қиғызып келеді, оның үстіне дәл осы салтқа келгенде мемлекет пен шариғат заңдары бір-бірімен қабыспайды, сондықтан қоғамда бұл аса шетін мәселе болып тұр.

Қырғызстан Жогорку кенешінің екі депутаты ұсынған заң жобасында некелескен жұпты «ерлі-зайыптылар» деп жариялау үшін молдаға шариғатпен қоса азаматтық заң талаптарын орындау міндеті жүктеледі.

МОЛДАНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН КҮШЕЙТУ

Үйленуге рұқсат етілетін шекті жас белгіленіп, некені ресми орындарда тіркеуді талап ететін заң болғанына қарамастан, кәмелеттік жасқа толмағандардың отасуы – Орталық Азиядағы үлкен проблемалардың бірі саналады. Мемлекет заңдарына көп мән бермейтін ауыл тұрғындары балаларының некелерін молдаға қиғыза береді. Әдетте мұндай неке заң жүзінде рәсімделмейді.

«Қырғызстан» партиясынан сайланған депутат Эльмира Жұмалиеваның әріптесімен бірлесіп дайындаған заң жобасы бойынша, шариғат жолымен некелесуден бұрын ерлі-зайыптылар алдымен заң жүзінде АХАЖ органдарында тіркелуге міндетті. Шариғат жолымен неке қидырғысы келгендер молдаға неке туралы куәліктерін алып келуі тиіс.

Эльмира Жұмалиева Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне заң жобасы туралы айтып берді.

Қырғызстан парламенті депутаты, бұрынғы бас прокурор Аида Салянова.

– 15-16 жастағы қыздарды діни дәстүрмен некеге отырғызып жатады. Бұл жастағы қыздар отбасын құруға әлі дайын емес. Ата-аналарының айтқанына қарсы келе алмай, тұрмысқа шыққан соң өзіне қол жұмсайтындар да кездеседі, - дейді депутат.

Эльмира Жұмалиевамен бірлесіп заң жобасын әзірлеген «Атамекен» партиясынан сайланған депутат Аида Салянованың айтуынша, «молда неке қиғаны үшін жауапты болуы керек». Заң жобасына сәйкес, молда некелесу дәстүрін бастамас бұрын ер мен әйелдің заңды некеге тұрғанына көз жеткізуі тиіс, ал бұл талапты бұзған дін қызметкері үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ТЕРЕҢ МӘСЕЛЕ

Азаттық тілшісі елдің оңтүстігіндегі Ноокат ауданында тұратын, үш рет некелессе де ешқашан онысын АХАЖ-да рәсімдемеген Адалат есімді әйелмен сұхбаттасты.

– Алғаш некеге отырғанда жасым 14-те болатын. Ол жолы барлығын ата-анам ұйымдастырды. Әкем «мен әлі жаспын ғой» деген уәжіме құлақ аспады, күйеуімнің жасы менен біраз үлкен болатын. Екі жылдан соң ажырасып кеттік, - дейді Адалат.

Әкесі қайтыс болған соң Адалат екінші рет өз қалауымен үш баласы бар ер адамға тұрмысқа шыққан. Бұл жолы да неке туралы құжат рәсімдемейді. Адалат қыз босанған соң күйеуі бірінші әйеліне қайта кетіп қалыпты.

– Үшінші рет тұрмысқа шықтым, екі балалы болдым. Бірақ бір күні күйеуім «түрің жаман» деді де, жалынғаныма қарамастан, мені тастап кете барды. Зейнеттегі анам екеуміздің балаларды асырауға мүмкіндігіміз жоқ, - дейді Адалат.

Әйел заңды некеге отырмағандықтан, бұрынғы күйеулерінің ешқайсысынан ештеңе талап ете алмай отыр.

Қырғызстандағы неке қию туралы «Осы шақ» хабарының видеосы:

Ноокат қалалық әкімдігінің өкілі Чинара Ырысбаеваның айтуынша, аймақта Адалаттың күйін кешіп, опық жеп жүргендер өте көп. Ажырасқан соң мұндай әйелдер өздеріне және балаларына алимент сұрап әкімшілікке келеді екен, бірақ некелері заңдастырылмағандықтан, олар көбіне ештеңе ала алмайды.

Адалаттың басындағы жайт мәселе қыздардың ерте тұрмысқа шығуында ғана емес, одан әлдеқайда тереңде екенін байқатады.

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН

Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Бақтияр Тоқтағазиевтің айтуынша, Эльмира Жұмалиева мен Аида Салянова ұсынған заң жобасын мұқият зерттеп, зерделеу керек.

– Бұл мәселеде жауапкершілікті неге молдаға жүктейді? Егер жас әйел келіп, неке рәсімін орындауды өтінсе, онда бұған неге молда жауапты болуы керек? Молда тек өз міндетін орындап, ер мен әйелді некелестіреді, оның жұмысы сонымен бітеді, – дейді ол.

Қырғызстанның Ош облысындағы үйлену тойы. 17 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тоқтағазиевтің айтуынша, діни басқарма заңға қайшы әрекет етпейді, олар шариғат жолымен үйленетіндердің жасын сұрайды, некеге өз еріктерімен отырғандарына көз жеткізеді.

– Молданы заң бойынша жауапты ету үшін оған «мемлекеттік қызметкер» деген мәртебе беру керек, - дейді діни басқарма өкілі.

«Мутакаллим» мұсылман әйелдер ұйымының төрайымы Жамал Фронтбекқызы ұсынылып отырған заң жобасының идеясы жақсы десе де, жоба авторларының мәселенің қаншалық тереңде жатқанын түсінетініне күмәнданады. Фронтбекқызы бар жауапкершілікті молданың мойнына артуға қарсы.

– Құран сүрелерін оқи алатын кез-келген адам неке рәсімін орындай алады, ал оған ешкім тыйым сала алмайды, - дейді ол.

Оның сөзінше, неке қиғаны үшін молдаға жауапкершілік жүктеу туралы бастама бұрын да көтерілген, бірақ кейін аяқсыз қалған.

МОЛДАҒА НЕКЕ ҚИҒЫЗУ

Қырғызстанда шариғат жолымен некелесу кең етек жайып барады. Бұған бірнеше себеп бар.

Бірінші себеп – қырғыз жастарының арасында дін жолымен жүретіндер көбейіп келеді, олар некелерінің Ислам тәртібіне сай рәсімделгеніне баса мән береді.

Жас жұбайлардың неке сақинасын салуы.

Шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына некеге тұру үшін аудан орталығына барып, келу, құжат толтыру дегеннің бәрі – мехнаты көп шаруа. Сондықтан, жұрттың көбі некелерін ауыл молдасына қидыра салады.

Қала тұрғындары да азаматтық хал актілерін тіркеу мекемелеріне барып, құжат толтырып, кезекке тұрудан қашады. Оның үстіне, бірінші, екінші, үшінші, тіпті төртінші әйел алып жатқандар да некелерін тек мешіттерде рәсімдейді.

Бірақ неке ресми тіркелмегендіктен, күндердің күні күйеуі тастап кеткен әйел өз құқығын қорғауға қолында заңды құжатының болмауынан опық жейді.

(Мақаланы дайындауға Гүлайым Ашакеева, Қанымгүл Элкеева және Элеонора Бейшенбекқызы қатысты.)