15 шілдеде Ашғабатта өткен баспасөз мәслихатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) COVID-19 бойынша миссиясының өкілдері мен Түркіменстанның ресми тұлғалары бір-біріне қайшы мәлімдемелер жасады.
Түркіменстанда "түсініксіз пневмония барын" айтқан ДДСҰ-ның COVID-19 бойынша миссиясының басшысы Кэтрин Смоллвудтың сөзін түркімен үкіметінің лауазымды өкілі жоққа шығарды.
ДДСҰ миссиясы ресми мәлімдемесінде: "Ауыр респираторлық ауру немесе шығу тегі белгісіз пневмония туралы өте көп хабарламаның болғанына қатты алаңдаймыз, сондықтан эпидемияны бақылау мен тестілеу жүйесінің жұмысын жандандыруға, сонымен бірге басқа көп ел сияқты індеттің бастапқы кезінде алынған сынамаларды ДДСҰ-ның референс-зертханаларына жіберуге шақырамыз" делінген.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Түркіменстан денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өкілі Гурбангүл Овлякулова ДДСҰ сарапшысының бұл сөзін терістеп, елде "шығу тегі белгісіз пневмония жоқ" деп кесіп айтты.
Дегенмен, Смоллвуд Түркіменстан басшылығын "елде коронавирус бар сияқты әрекет етуге" үндеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркімен дәрігерлері елде COVID-19 індеті ушығып тұр дейді. Билік вирустың жайылғанын терістеп әлекЕКІ АЙ КЕШІККЕН МИССИЯ
ДДСҰ-ның СOVID-19 бойынша арнайы миссиясы Түркіменстанға 6 шілдеде он күнге келген еді. Мақсаты – елдегі жағдаймен танысып, биліктің коронавирус індетіне тойтарыс беруге дайындығын бағалау.
Миссия жұмысын қорытындылаған ресми мәлімдемеде ДДСҰ сарапшыларының Түркіменстанда аурухана, қоғамдық денсаулық сақтау мекемесі, зертхана, шекара бекеті сияқты орындарға барғаны айтылған.
Сарапшылар Түркіменстанға келген күні елде індеттің алдын алу шаралары қолға алынған. Делегация өкілдері медициналық маска тағып, арақашықтықты ұстану тәртібін енгізілуін оң бағалаған.
Түркіменстанға баруға сәуірден бері ынта білдіріп келген ДДСҰ миссиясына тек екі айдан кейін ғана Ашғабатқа келудің сәті түсті. Смоллвудтың сөзінше, "тікелей әуе рейсі болмағандықтан" тек шілде айында ғана бұл елге келуге мүмкіндік болған.
БИЛІК САРАПШЫЛАРДАН НАУҚАСТАРДЫ ЖАСЫРДЫ МА?
Түркіменстанның солтүстік-шығысында орналасқан Түркіменабад қаласындағы көпсалалы медицина орталығында COVID-19, пневмония симптомдары бар науқастарға арналған карантин бөлімі қайта ашылды. Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) дереккөзіне сенсек, бұл аурухана кешенінің төртінші бөлігі осы науқастарға арнайы бөлінген.
Дереккөздің хабарлауынша, науқастардың көбіне пневмония диагнозы қойылған, қайтыс болып жатқандар да көп.
7-9 шілдеде Түркіменстанның шығысында болған ДДСҰ миссиясының өкілдері бас сұққан мекемелердің бірі – Түркіменабадтағы осы медицина мекемесі.
Дереккөздердің айтуынша, ДДСҰ-ның COVID-19 бойынша арнайы миссиясына бұл бөлімде жатқан науқастарды көрсетпеген. Халықаралық сарапшыларға осы көпсалалы орталықтағы және қалалық инфекциялық ауруханадағы басқа бөлімдерді көрсетіп, сол бөлімдерде пневмония диагнозымен жатқан адамдарды күні бұрын басқа жаққа ауыстырған.
ТӘРТІП КҮШЕЙДІ, МАСКА ТАПШЫ
Қазір Лебапта базар сияқты қоғамдық орындар жабылып жатыр, адамдарға қоғамдық көлікте, көпшілік ортада маска тағып жүру міндеттелген.
Адамдар вирустан емес, аштан өлуден қорқады.
"Фарап ауданында мешіттер мен базарлар толық жабылған. Банктерге, мемлекеттік мекемелерге маскасыз кіргізбейді. Азық-түлік мәселесі де ушығып кетті. Жұрт қолдан келгенше май, күріш, картоп, пияз сияқты тамақты, дәрі-дәрмекті көптеп алып жатыр. Биліктің қандай да бір көмек көрсеткені байқалмайды. Адамдар вирустан емес, аштан өлуден қорқады", - деді Азатлыктың Түркіменабадтағы тілшісі.
Қала билігінің өкілдері үй-үйді аралап, жұртқа далаға шықпауды ескертіп жүр. Елдің өзге аймақтарында да көшеде бақылау күшейген, сыртта бейсауат жүруге шек қойылған.
Ашғабатта ірі дүкендер мен базарлар жабылды. 14 шілдеде Мақтымқұлы даңғылындағы әмбебап дүкен жабық болды. Тәртіпті қадағалауға шығарылған полиция академиясының курсанттары көшені велосипедпен аралап, ереже бұзғандарға ескерту жасап жүр.
Тілшінің айтуынша, елде маска тапшылығы байқалады.
Түркіменстанның емдеу мекемелері пневмония симптомдары пайда болғанда не істеу керектігі жөнінде кеңес жазылған нұсқаулық тарата бастаған. Бірақ нұсқаулықта COVID-19 туралы сөз жоқ.
Түркіменстан – ел аумағында коронавирус жұқтырған бірде-бір адам жоқ деп отырған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. 63 жастағы авторитар президент Гурбангулы Бердімұхамедов 2006 жылдың соңынан бері елді басқарып отыр.
Билігі "ел аумағында коронавирус тіркелген жоқ" деуден танбай отырған Түркіменстанда кейінгі бір айдың ішінде COVID-19 коронавирусы симптомдарына ұқсас пневмониямен ауырғандар күрт көбейгені байқалады.
Азаттықтың Түркімен қызметінің материалдарынан дайындалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстанға Еуропа одағының жәрдемі неге бұйырмады?