"Коронавируспен ауырып, жазылған адамға вакцина не үшін керек? Оның ағзасында ауруға қарсы антидене бар емес пе?”
Екпе алғаннан ауырып, жазылуды дұрыс көретін адамдар бар. Бірақ ауру әртүрлі формада жүруі мүмкін. Бұл адамның жасына, иммундық жүйесіне, қосымша ауруларының бар-жоғына байланысты. Енді ғана зерттеліп жатқан коронавирустың салдары туралы айтпағанның өзінде, бірде-бір дәрігер инфекцияның қалай өтетінін, аурудың асқыну ықтималдылығы бар-жоғын болжай алмайды.
Иә, аурудан кейін адамның ағзасында антидене түзіледі. Бірақ антидене үнемі бір деңгейде сақталса, бәрі оңай болар еді. Өкінішке қарай, уақыт өте келе антидене саны азаяды. Мысалы, адамда стресс болса, ішек инфекциясын жұқтырса немесе қандай да бір дәрі-дәрмек ішіп жүрсе, антидене деңгейі төмендей бастайды.
Одан бөлек, коронавируспен ауырып, жазылған адамның ағзасында ауруды есте сақтап алатын жасушалар түзілмейді. Вакцинациядан кейінгі антиденелер – вирус ағзаға екінші рет түскенде оны танып, аз уақыт ішінде антидене түзетін, ауруды есте сақтап алуға жауапты жасушалар.
Сент-Луистегі Вашингтон және Нью-Йорктегі Рокфеллер университеттерінің ғалымдары жүргізген соңғы зерттеулер вирусты есте сақтайтын жасушалардың арқасында коронавируспен ауырып-жазылған, содан соң вакцина алған адамдардың иммундық қорғанысы 12 айдан көп уақытқа созылуы мүмкін екенін дәлелдеді.
Covid-пен ауырған адамдарға орташа есеппен аурудан жазылғаннан үш ай өткен соң вакцина алуға кеңес береміз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус. Жауабы әлі табылмаған он сауал"Вакцина вирустан толық қорғамайды, екпе салдырғандар да ауырып жатыр, онда оны салудың не мәні бар?"
Вакцина Covid-тен қорғамайды деп айтуға болмайды. Иә, вакцина салдырған адам ауыруы мүмкін, бұл қалыпты жағдай. Әлемдегі бірде-бір вакцина жүз пайыз қорғанысты қамтамасыз ете алмайды. Ондай вакцина жоқ. Мысалы, БЦЖ вакцинасын алайық. Ол туберкулездің ауыр формаларынан, туберкулезді менингит пен туберкулездің басқа да кең таралған түрлерінен қорғайды. Қызылшаға қарсы вакцина да аурудан қорғайды, бірақ 100% емес. Бәрі адамның иммундық жүйесі мен популяциялық иммунитеттің ерекшелігіне байланысты. Айталық, жиі ауыратын, иммунитеті әлсіз, гормоналдық препарат ішіп жүрген адам болсаңыз, әрине, ауырып қалуыңыз мүмкін. Бірақ ауру асқынбастан, әлдеқайда жеңіл өтеді.
Вакцина қайткен күнде де қорғайды. Әр өндіруші вакцинаның қанша пайызға дейінгі қорғанысты қамтамасыз ететінін айтады. Мысалы, "Спутник V" – 91 пайыз, QazVac – 87 пайыз, Pfizer – "Спутникпен" шамалас.
"Ағзаға "түсініксіз химия" салдырғанша, иммундық жүйені вирусқа қарсы тұруға үйретіп, жаттықтырған дұрыс. Иммунитет вирусты өзі жеңуі керек".
Біріншіден, барлық вакцинаның құрамы белгілі. Кез келген адам вакциналау пунктінде екпелердің құрамымен таныса алады. Вакцинаның құрамында "түсініксіз" компонеттер жоқ. Одан бөлек, вакцина қолданысқа енгізілерден бұрын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында қатаң тексеруден өтеді.
Екіншіден, әрине, ағза вирусқа қарсы күреседі. Бірақ аурудың қалай өтетінін ешкім болжай алмайды. Иә, жастар оңай жазылады. Бірақ олар вирусты үйіне әкелсе, ата-әжесіне не кішкентай балаларға жұқтырып, олар қатты ауырып қалуы мүмкін. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бәрі жаппай екпе салдырып, вакциналау деңгейін 60 пайызға жеткізуіміз керек. Ал біз вакцинаны біртіндеп салдырып, вирустың мутацияға ұшырауына мүмкіндік беріп жатырмыз. Халық вакцинаны қазір қабылдау керегін түсінбейінше, карантин жалғаса береді.
Вакцинадан кейін қалыптасатын жасанды иммунитет табиғи иммунитетке қарағанда әлдеқайда тұрақты болады әрі ұзақ сақталады. Мысалы, "Спутник V" вакцинасын алған адамдардың вирусқа қарсы иммунитеті бір жылға дейін сақталады. Бастысы – екпеден кейін вирусты есте сақтайтын жасушалар қалыптасады. Осының арқасында екінші рет ауырған кезде ағза он есе жылдам реакция білдіріп, антиденелер әлдеқайда тез түзіледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вакцина міндетті ме? Екпе алған соң не істеу керек? Сізді мазалаған сұрақтарға жауап"Екпеден кейін Covid-пен ғана емес, түрлі вирустық инфекциялармен ауыру қаупі артады".
Вакцинадан кейін ағзаға қосымша салмақ түседі. Әрине, жағдайға бейімделіп, антидене түзу үшін ағзаға уақыт керек. Бейімделу кезінде ағзаға демалуға мүмкіндік берген жөн. Екпеден кейін ағзаға жүктемені арттырып, моншаға барып, күш түсіретін спорт түрлерімен айналыспаған дұрыс.
Ағза бар күшін антидене түзуге жұмсайды, әрине, мұндайда басқа вирус түрлерін жұқтырып алу қаупі бар. Сондықтан вакцина алған адам режимді сақтауы керек. Антидене жеті күннен кейін түзіледі, сондықтан тым құрығанда алғашқы аптада ағзаға көмектесу қажет. Кей елдерде вакцина салдырған азаматтарға жұмыстан демалыс береді. Қазақстанда да демалыс алуға болады, бірақ бізде халық бұл туралы біле бермейді. Олар "вакцина алдым, енді маған ештеңе жуымайды" деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.
"Коронавирустың жаңа штамдары бірінен соң бірі шығып жатыр. Мәселен қазір "Дельта" штамы өршіп тұр. Оларға төтеп бере алмаса, вакцинаның не пайдасы бар?"
Қазір қолда бар вакциналардың бәрі коронавирустың барлық түрінен, оның ішінде "Дельта" штамынан да қорғануға көмектеседі. "Дельтаның" бір ерекшелігі - онда вирус адам ағзасына ену үшін пайдаланатын S-ақуызының белсенді бөлігі мутацияға ұшыраған.
Соның арқасында коронавирустың жаңа нұсқасы ағзасында вирусқа қарсы антиденесі бар адамдардың жасушасын да зақымдай алады. Осы ерекшелігіне байланысты "Дельта" коронавирустың басқа нұсқаларымен салыстырғанда ең қауіпті штамм саналады.
Сондықтан вакцина салдырған адамның ғана дельта-вируспен ауырмауға немесе ауруды жеңіл өткеруге 50-60 пайыз мүмкіндігі бар.
"65-тен асқан адамдарға вакцина алу қауіпті, өйткені олардың созылмалы аурулары көп"
Керісінше, 65 жастан асқан адамдарға вакцина өте қажет деп ойлаймын. Басқа елдердегі вакциналау әдісін мысалға келтіруге болады. Қазақстанда вакцинаны бірінші кезекте жоғары қауіп тобына кіретін полицей, дәрігер сияқты мемлекеттік қызметкерлерге салса, Түркия екпе науқанын 65 жастан асқан азаматтардан бастады. Оларда 85 жастан асқан адамдар да вакцина алды. Өйткені егде жастағы азаматтардың созылмалы аурулары бар. Олар ауырып қалса, созылмалы ауруы асқынып, соңы өлімге әкеліп соғуы мүмкін.
Мұнда маңызды ережені есте ұстау қажет: созылмалы аурулар асқынған кезде вакцина алуға болмайды. Мысалы, сізде бүйректің созылмалы ауруы – пиелонефрит бар делік. Бірақ қазір дене қызуыңыз болмаса, бүйрегіңіз ауырып, зәріңіздің түсі өзгермесе, вакцина салдыра беруге болады. Созылмалы аурулар асқынған кезде вакцина алуға болмайды. Сондықтан вакциналау пунктінде дәрігерлер халыққа дұрыс кеңес беруі керек.
Сервердегі ақау
Oops, as you can see, this is not what we wanted to show you!
This URL has been sent to our support web team to look into it immediately. Our apologies.
Please use Search above to see if you can find it elsewhere
"Вакцина адамның ДНҚ-сына еніп, оны өзгертуі мүмкін" (ДНҚ – ағзаның генетикалық дерегін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беріп отыратын микрожасуша)
Адамның ағзасында РНҚ-ны (рибонуклеин қышқылы) ДНҚ-ға айналдыратын механизм жоқ. Адамның геномына ену механизмі де жоқ.
"Вакцина салған соң бала сүймей қалады екен"
Вакцинаны жалпы жұртқа егу науқаны басталмай тұрып, клиникаға дейінгі сынақтарда оның қауіпсіздігі мен иммунногендігі тексеріледі. Сондай-ақ вакцинаның эмбрионға әсер ету және мутация туғызу қабілеті зерттеледі. Әртүрлі жануарларға сынақ жүргізіледі. Қазір қолдануға рұқсат берілген вакцинаның бірде-бірінен эмбрионға кері әсер ету немесе мутация туғызу белгілері байқалмаған. Сондықтан вакцина алған әйелге антидене түзілгенше күтіп, кейін бала көтеруге болады.
Егер вакцинаның бірінші компонентін алған әйел екіншісін салғызбай тұрып, жүкті болып қалса, баланы алдырудың қажеті жоқ. Кезінде вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі ғаламдық консультативтік комитетпен осы мәселені талқылағанбыз. Мұндай жағдайда вакцинаның екінші компонентін салдырмауға кеңес береміз. Қазір коронавирусқа қарсы вакцинаның белсіздік пен бедеулікке әкелмейтіні жүз пайыз дәлелденген.
"Вакцина тиімді болса, неге әлі күнге дейін екпе салдырған адамдардан маска тағуды талап етеді?"
Вакцина алғаннан кейін антидене түзілгенше маска тағып жүру керек. Популяциялық иммунитетке жетіп, ауру деңгейі төмендеп, вирустың жаңа мутациялары шықпаса ғана "маска тағудың қажеті бар ма?" деген мәселе көтеруге болады.
"Дәрігерлердің өзі вакцинаға қарсы шығып жатыр. Олар бірнәрсе білген соң айтады".
Дәрігерлердің әрекеті ақпарат пен білімнің жетіспеушілігінен деп ойлаймын. Мен инфекциониспін, бірақ иммунология және вирусология саласы бойынша білім алдым. Вирус қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін. Бірақ салалық дәрігерлердің вакцина мен вирус туралы сенімді ақпарат айтатындай жеткілікті білімі болмауы мүмкін.
Арнайы білімі жоқ адамға ақиқат пен жалған ақпараттың арасын ажырату қиын.
"Неге адамдар коронавирусқа қарсы вакцинадан ғана қорқады?" деген тағы бір сұрақ бар. Мысалы, сіреспеге (столбняк) қарсы вакцина әлдеқайда ауыр болады. Бірақ жол апатына түскен немесе жарақатына топырақ тиген адам міндетті түрде оған қарсы вакцина алады, өйткені жараға инфекция түссе, өліп кетуі мүмкін екенін біледі. Ал коронавирусқа қарсы вакцина ондай қауіпті емес, сондықтан қоғамда Covid-тің қатері әлі де дұрыс бағаланбайды.
"Вакцина пайдалы болса, мемлекет пәтер мен көлік береміз деп, екпе салдыруға сонша үгіттемес еді"
Бұл – ынталандыру механизмдері. Халықты вакцинаға ынталандыру басқа елдерде де бар.
"Бойымда антидене болса, вакцина салдырғаннан кейін олар жаңадан түзілген антиденелермен соқтығып, ішкі қақтығыс болмай ма?"
Олай емес. Қазір ағзаңызда қанша антидене болса да, қақтығыс болмайды, әр жолы иммунитеттің әртүрлі механизмдері іске қосылады.