Жаңа биліктің "құшағында" тұншығу

Қырым татарлары туы ұстап тұрған жастар. (Көрнекі сурет.)

Қырым аннексиясынан кейін Ресей билігі түбектегі қоғамдық шараларды да бақылауға бірден кірісіп кеткен болатын. Мысалы, мамырдың 18-і күні акция өткізуге тыйым салған. Қырым татарлары 1944 жылғы депортация құрбандарын дәл осы күні еске алатын. Түбек Украина құрамында болған кезде Қырым татарларының көпшілік шараларын мемлекет "қамқорлығынсыз" өткізу мүмкіндігі бар еді. Ал Ресей оккупациясынан кейін жаппай бақылау орнаған.

ҚЫРЫМДА ҚЫСЫМ КҮШЕЙІП ОТЫР

Қырым түбегінде Ресей билігі орнағаннан кейін көпшілік шаралардың барлығы жоғарыдан түскен нұсқау бойынша әбден күзеліп, түзетілетін "аналогтарға" ауыстырылды. БАҚ бұл жайлы талай рет хабарлаған. Ресей түбекте қоғамдық белсенділікке монополия орнату саясатын жүргізіп отыр. Әлгі сценарийлердің негізгі мақсаттарының бірі – Қырым татарлары қауымы. Мәскеу Қырым татарларынан "жаңа белсенділерді" бөліп алып, өз жағына тартып жатыр.

Ал тәуелсіз белсенділерге деген көзқарас мүлде өзгеше – оларды түрлі тәсілдермен қудалайды. Мысалы, "Крым.Реалии" жобасының дерегінше, 57 жастағы белсенді Недим Халиловті Қырымнан шығарып жіберген, депортациялау туралы шешімді Симферопольдің Железнодорожный аудандық соты қабылдаған. Былтыр күзде судья Татьяна Белинчук белсендіні "Ресей Федерациясы территориясында тұру режимін бұзды" деп айыптаған. Халилов өзін азаматтығы жоқ тұлға ретінде санағанымен, оны Өзбекстан азаматы ретінде соттаған. Ол Қырымда 1986 жылдан бері тұрған, бірақ Украинаның да, Ресей төлқұжатын да алмаған. Оның сөзінше, қазір қолында жалғыз құжат – Халиловтің Өзбек ССР-інде туғаны көрсетілген СССР паспорты ғана бар. Ол қазір Краснодар өлкесіндегі арнайы орталықта қамауда отыр.

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желідегі "сепаратист"

Қырымда билік қысымнан қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар ғана зардап шегіп жатқан жоқ. Алдыңғы аптада Севастопольдің Ленин аудандық соты Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының мүшесі деген күдікпен мамырдың 10-ы күні ұсталған Қырым татары Энвер Сейтосмановты шілденің 9-ына дейін қамауға алды. Қазір түбекте мұндай оқиғалар жиілеп кеткен. Бірақ Қырым Украинаға қараған кезде "Хизб ут-Тахрир" ұйымы мүшелері аймақта еркін тұрып жатқан.

ТАРИХИ ЖАДЫНЫ ӨШІРУ ӘРЕКЕТТЕРІ

Түбектегі Қырым татарларының жағдайы туралы сөз қозғала қалса болды, Ресей билігі "қазір бұл халықтың өкілдері жақсы өмір сүріп жатыр" деп мәлімдеп шығады. Олар мұның дәлелі ретінде Қырым татарлары халқын ақтау ниетін, тіпті бұл мақсатта жасалып жатқан шараларды келтіреді. Мысалы, Қырым татарлары тілін республикадағы үш мемлекеттік тілдің бірі ретінде тануды алға тартады.

Бірақ әлгі шаралардан еш қайыр жоғы бірден байқалады. Мәселен, Қырым татарлары тілі мәртебесін алайық. Қазіргі Ресейде бұл мәртебе азшылық ұлт өкілдеріне не береді? Мүлде ештеңе! Өйткені Ресей Мемлекеттік думасы депутаттары ұлттық республикаларда мемлекеттік тілді жеке пән ретінде емес, факультатив сабақ деңгейде ғана оқытуды көздейтін заң жобасын ұсынған болатын.

Жаңа биліктің "жұмсақ құшағы" тұншықтырып бара жатқанын көрсететін мұндай мысалдар көп.

Оқи отырыңыз: Қырым татарларының үрей астындағы өмірі

Ресейдің "Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау туралы" №1107-1 заңы мен СССР жоғарғы сотының "Қырым татарлары проблемалары жөніндегі комиссия ұйғарымдары мен ұсыныстары туралы" 1989 жылғы қарашаның 28-індегі қаулысында Қырым татарлары құқын толық қалпына келтіру қарастырылған. №1107-1 заңның 11-бабында бұл халықтың тарихи топономикасын қалпына келтіру құқығы бар деп көрсетілген. Билік бұл норманы іске асырудың орнына, оны айналып өтудің амалын ойлап тапты. Яғни елдімекенге кіретін жолға орнатылған тақтайшаларға оның екінші атауын жаза салады. Бұл – Мемлекеттік дума депутаты Руслан Бальбектің идеясы. Айтпақшы, ол – Қырым татарлары ішінен Мәскеу өз жағына тартып, белсенді пайдаланған алғашқы адамдардың бірі.

Бірақ билік елдімекендердің тарихи атауларын ресми түрде қайтармай, оларды елдімекендерге кіретін жолдарға орнатылған тақтайшаларға қазіргі (советтік) атаулармен қатар жаза салуды жөн санайды. Соған қарағанда билік аймақта Қырым татарлары халқының мәдени нышандарын біржола мұражай экспонаты сияқты бірдеңеге айналдыруды ұйғарған тәрізді. Есесіне, заңда Қырым татарларын "ақтап, құқығын қалпына келтіріп жатырмыз" деп жар салады.

"Idel.Реалии" тілшісіне әңгімелесудің сәті түскен Қырым татарларының сөзінше, биліктің тіпті мұндай мардымсыз қадамының өзі тарихи атауларды қайтаруға қарсы адамдардың жағымсыз реакциясына ұласқан. Тарихи атауларға қарсы жандар Қырым – "әлимсақтан орыс жері" дегенге кәміл сенеді. Олардың уәж-дәйектері бұл – "Көне атауларға жұрттың көзін үйрету үшін Қырым татарларының әдейі ойлап тапқан қитұрқы ойыны. Ал кейін олар көне атауларды ресми түрде мойындауды талап ететін болады" дегенге саяды.

Бірақ Қырым тарихына қысастық мұнымен де шектелген жоқ. Кейінгі төрт жылдан бері әр елдімекенге кіретін және шығатын жолдарға православ крестерін көптеп орнатып жатыр. Қырым татарларының бірінің топшылауынша, бұл – елдімекенге жолы түскен әр адам Қырым – "бағзы заманнан орыс жері болған" деп ойлауы үшін жасалған әрекет.

Оқи отырыңыз: Хан сарайының тағдыры қалай болмақ?

Бұған қоса, Мәскеу басып алған түбекте тұратын адамдарға әскери ой-сана сіңіруге де тырысып отыр. Қырымдағы қаптаған "казак жасақтары" мен "Юнармия" деген әскери-патриоттық жастар қозғалысы балалар мен жасөспірімдерді соғыс ісіне баулып жатыр. Шығыс әріптестігі институты (Израиль) президенті, раввин Авраам Шмулевичтің пікірінше, Ресейде құрылып жатқан жасақтар казактарға емес, Латын Америкасындағы "ажал эскадрондарына" көбірек ұқсап барады.

Қазіргі жағдайда Қырым татарлары тағы бір қиын жағдайға душар болып отыр. Байырғы Қырым татарлары халқының құқықтарын бұзуды айыптаған халықаралық ұйымдардың сынына жауап беру керек болған кезде Ресей билігі сырт көзге Қырым татарлары құқығын барынша қорғап отырғандай түр танытады. Бірақ сарапшылар мемлекет тарапынан жаппай бақылау орнату, ұлттық аймақтардың тілі мен мәдениеті тәрізді ерекшеліктерін мансұқ еткен идеологиялық директиваларды таңу Қырым татарларының халық ретінде даму өрісін, оның ішінде этонмәдени аясын барған сайын тарылтып барады деп санайды. Тіпті президент Владимир Путиннің өзі "орыс әлемі", "орыс азаматтығы", "ортақ мәдени код" деген тіркестерді көп қолданады және, неге екені белгісіз, 146 миллион ресейліктің бәрін "орыстар" деп атайды. Ал мұнымен келіспейтін және күресуге тырысатын жандарға Ресейдің оккупациялық билігі қысымды күшейтіп отыр.

("Idel.Реалии" тілшісі Рамазан Алпауттың блогы орысшадан аударылды.)