Accessibility links

Еуропарламент Ресейдің Қырым татарларына қысымын сынады


SimSitiTrans-тағы рейд
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

ВИДЕО: Қырымның Симферополь қаласында ақпанның 1-і күні маска және әскери форма киген адамдар SimSitiTrans көлік-тасымал компаниясының кеңсесіне рейд жасады. Кәсіпорын Қырым татарларының әлемдік конгресінің вице-президенті Ленур Ислямовтың әкесіне тиесілі.

Еуропарламент Қырым татарларының «құқықтарын өрескел бұзып жатқан» Ресейді айыптады. Мәскеу аннексиялаған Украинаның Қырым түбегінде жыл басынан бері байырғы халық өкілдерін қудалау жиілеген.

Страсбургтегі Еуропа парламенті депутаттардың басым көпшілігі даусымен 2014 жылы Мәскеу аннексиялаған Украинаның Қырым түбегінде Қырым татарларына қысым көрсетіп жатқан Ресей әрекеттерін айыптайтын қарар қабылдады.

Қырым татарларының үйлерін тінту, мүліктерін тәркілеу, тергеу және оларды басқа да жолдармен қудалау жиілеген. Еуропарламент депутаты Рейнхард Бутикофер (Германия, Жасылдар партиясы):

- Оккупацияланған Қырым аймағындағы адам құқықтары мәселесіне назар аудартатын ортақ қарарды қабылдау кезінде ауызбіршілік танытқанымыз орынды болды. Әсіресе Қырым татарлары Ресей басып кірген кезден бастап-ақ қудаланып жатыр, - дейді.

Қарарда «Жергілікті басшылар орнатқан ережелерге бағынудан бас тартқан Қырым тұрғындарына, соның ішінде әсіресе Қырым татарларына қатысты адам құқықтарын бұзудың өрескел әрекеттері қатаң айыпталады» деп жазылған. Құжатта Еуропарламент Ресейді «халықаралық институттар өкілдері мен адам құқықтарын бақылаушылардың аймаққа кедергісіз кіруіне мүмкіндік жасауға» шақырады.

РЕСЕЙ БИЛІГІН МОЙЫНДАМАҒАНДАР

1944 жылы Совет үкіметінің шешімімен Қырымнан жаппай көшіріліп, тек 1980-жылдары ғана өз отандарына қайтуға мүмкіндік алған Қырым татарларының қазіргі саны 240 мың адам шамасында. Олар - түбек халқының 10 пайызы.

Татарлардың көбі Қырымды әскери жолмен басып алып, оның статусы жөнінде референдум өткізген соң түбекті аннексиялаған Ресей билігін мойындаған жоқ. БҰҰ Бас ассамблеясындағы дауыс беру кезінде 100-ден аса мемлекет Қырым мәртебесі жөніндегі референдумды заңсыз деп танитын қарарды қолдағаны белгілі.

Былтыр күзде Қырымның әкімшілік шекарасынан тысқары аймақта, Украина жағында қалған татар белсенділері түбекке баратын жүк көліктерінің жолын бөгеуге кіріскен соң жағдай тіпті шиеленісіп кетті. Бұған қоса, белгісіз белсенділер Қырымға электр энергиясын жеткізетін желі бағандарын қиратып, кесірінен түбек жарықсыз қалған еді.

Қырым татарларының белсенділері түбектегі адам құқықтарын бұзу фактілеріне, қандастарының ұшты-күйлі жоғалып жатқанына халықаралық қауымдастықтың назарын аудартуға бар күшін салатындарын айтқан.

Олардың сөзіне қарағанда, Қырым татарларын Ресейдің қауіпсіздік қызметкерлері ұрлап кетіп жатыр.

Белсенділер қойған талаптарға көнген Украина үкіметі қарашада Қырыммен арадағы сауда-саттықты тоқтатты.

ҚЫСЫМ КҮШЕЙІП БАРАДЫ

Соңғы күндері Қырымның Ресей тағайындаған басшылары қарсыласушы белсенділерге қысымды тіпті күшейте түскен.

Ақпанның 2-сі күні Қырымның Феодосия қаласында тұратын Эльзара Абдулжелилованың үйіне өздерін «Ресейдің федералдық миграция қызметінің өкілдеріміз» деп таныстырған кісілер келіп, «паспорт тексеріп» кеткен.

Мұстафа Жемилев.
Мұстафа Жемилев.

Эльзара Абдулжелилова – ұзақ жылдардан бері Қырым татарларының көшбасшысы болып келе жатқан тұлға, Украина парламентінің депутаты Мұстафа Жемилевтің қызы. Ресей басшылығы қабылдаған шешім бойынша, оған бес жылға дейін Қырымға кіруге тыйым салынды.

Эльзара Абдулжелилованың айтуынша, офицерлер оның ұлы Еролды «сыртқа алып шығып» сөйлеспек болған. Алайда оның адвокаты Абдулжелиловаға телефон арқылы офицерлердің ондай құқығы жоқ екенін айтқан. Ол мұны полицейлерге ескерткеннен кейін ғана әлгілер жөніне кеткен. Азаттыққа берген сұхбатында Қырым татарларының басқарушы органы – Меджлис төрағасы орынбасары Нариман Жәлел:

- Біздің ойымызша, олардың ондай әрекет жасауына ешқандай құқығы жоқ. Ақпарат құралдары мәліметтеріне сенсек, офицерлердің бірі сыртқа шығып бара жатып, «біз Жемилевтің туыстарына жетудің басқа жолын табамыз» деген, - дейді.

Қаңтар айында Жемилевтің зайыбы Сафинар прокуратураға шақыртылып, тергелген. Ал Мұстафа Жемилевтің ұлы Хайсер Жемилев 2013 жылы біреулер атып кеткен досының қазасына қатысты айыпты деп танылып, Ресейдегі түрмеде үш жарым жылдық жазасын өтеп жатыр. Әкесі ұлының жазығы жоқ екенін, тек Мәскеудің оны «кепіл ретінде» ұстап отырғанын айтады.

Сол күні Қырым татарларының басшылары түбектің Джанкой ауданындағы үйлерге «жаппай тінту» жүргізілігенін хабарлады. Бұдан бұрын, қаңтардың 28-і күні Ленин ауданында дәл осындай тінту болған. Ал 29-ы күні полиция Қырым астанасы Симферопольдегі Ислам мәдени орталығына рейд жүргізген.

Жыл басынан бері Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі офицерлері Меджлистің бірнеше мүшесінің үйін тінтіп шыққан.

«БҰЛ БІЗДІ ШЫНЫҚТЫРАДЫ»

Ақпанның 1-і күні полиция Қырым татарларының әлемдік конгресі вице-президенті Ленур Ислямовтың әкесіне тиесілі SimSitiTrans компаниясының Симферопольдағы кеңсесіне рейд жүргізді. Ленур Ислямов аймаққа келетін жүк көліктерін бөгеу шарасын үйлестіріп, белсенділердің атынан мәлімдеме жасап келеді. Азаттыққа берген сұхбатында Ленур Ислямов:

- Мұндай қысым жылдар бойы жүріп жатыр. Қазір ол «жұмсақ» түрінен «қатал» сценарийге ауысты. Олар маған тиесілі нәрсенің бәрін түрлі себептермен алып қойғысы келеді. Маған жете алмайтындарын біліп, әлсіз тұстарымды іздеп жатыр, - деді.

Ленур Ислямов – аймақтағы татар тілінде хабар тарататын жалғыз телеарнаның иесі. ATR телеарнасы 2015 жылдың сәуір айынан бері Қырымда хабар таратуын тоқтатты, ал қараша айында Ислямовты тұтқындау туралы сырттай ордер берілді.

- Қалағандарының бәрін алсын. Үйлерімізді, дүние-мүлкімізді алсын. Оған онша қайғырмаймын. Біз оның бәрін қайтарамыз. Елге баруға мүмкіндік алған соң барлығын қайтарып аламыз. Бұл бізді тіпті шынықтыра түседі, - дейді Ленур Ислямов.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG